Перейти к содержимому

Даладағы дамылсыз еңбек

63 қаралым

Жерге дән сеуіп, оны мәпелеп өсіріп, күзде жинаған өнімді төкпей-шашпай қамбаға құю – қашанда берекелі еңбек.  Алматы облысы Кеген ауданы Талды ауылында картоп қазу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Даладағы дамылсыз еңбекті көру үшін Қуаныш Тілеуғабыловтың шаруа қожалығына қарасты картоп алқабына арнайы бардық.

Қуаныш Қуатбекұлының осы мекенде еңбек етіп жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Биыл бір гектар жерге картоп егіп, енді жаз бойы төккен маңдай терінің нәтижесін көріп отыр. Кейіпкеріміз «Еңбектегенге – байлық, ерінбегенге – береке» деген ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған. Тынымсыз еңбектің арқасында мол өнімге қол жеткізіп, адал еңбектің қадірін өзгелерге де үлгі етіп келеді.

Картоптың жақсы өсіп шығуы көбіне егу және түйнек тастау кезіндегі ауа температурасына тікелей байланысты болады дейді мамандар. Сонымен қатар оны уақытымен баптап, күтіп отырса, көп өнім жинауға да мүмкіндік мол.

– Картоп егу жұмысын мамыр айында бастадық. Сол үшін Текес ауылынан бір тоннаға жуық тұқым сатып алдық. Ала жаздай еңбектендік, екі рет суарып, екі рет түптедік. Арамшөптерден тазартып, зиянкестерге қарсы дәрі-дәрмек шаштық. Енді күздің басында жинап жатырмыз. Науқан ойдағыдай болды деп ойлаймын, – дейді Қуаныш Қуатбекұлы.

Тәжірибелі диқандар бір мезетте бірнеше сортты қатар егудің де тиімді екенін айтады. Өйткені ауа райы мен топырақ жағдайына қай сұрыптың жақсы бейімделетінін алдын ала дөп басып айту қиын. Сондықтан әртүрлі картоп сортын егу – тәуекелді азайтып, өнімділікті арттырудың тиімді тәсілі.

Картоп алқабына арнайы келген біз де шаруалардың жұмысына аз-кем қолғабыс жасадық. Картоп терудің оңай шаруа емес екеніне көз жеткіздік. Жарты сағаттың ішінде бір қапты әрең толтырдық. Осы сәттің өзі әр түйнектің артында қаншама маңдай тер мен табанды еңбек жатқанын сезіндірді.

Шаруалардың айтуынша, сапалы өнім алу үшін заманауи техникалардың санын арттыру аса маңызды. Озық технологиялар уақытты үнемдеп қана қоймай, еңбек шығынын азайтып, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Дала төсіндегі бүгінгі қарбалас – ертеңгі берекенің бастауы. Әр гектардың артында тынымсыз еңбек жатыр. Сондықтан күзгі жиын-терін науқаны – ел ырысын еселейтін жауапты кезең. Еңбекпен келген ырыс баянды болады.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑