Перейти к содержимому

Халқым деген Қапез

23 қаралым

Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылында қазақтың көрнекті әнші-композиторы, ағартушы, ел руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Қапез Байғабылұлының 130 жылдығына арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар легі басталып кетті.
Тоғызбұлақ ауылдық Мәдениет үйінде «Бұлбұл құстай сайраған бұл Қапездің әні еді» атты дәстүрлі әншілердің республикалық байқауы ұйымдастырылды. Тағылымды шараның ашылу салтанатына Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, белгілі ғалым, өнер зерттеушісі, филология ғылымының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы, Қазақстанның Халық әртісі, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев, дәстүрлі әншілер Тілеулес Құрманғалиев, Нұржан Жанпейіс, әнші Ұлту Қабаева, ақын, «Өлке тынысы» ЖШС директорының кеңесшісі Кәдірбек Құныпияұлы қатысып, байқау қатысушыларына ақжарма тілектерін білдіріп, сәттілік тіледі.


Ұлттық өнерді ұлықтап, дәстүрлі әннің құдіретін дәріптеген байқауға еліміздің әр өңірінен келген 18-25 жас аралығындағы 26 дәстүрлі әншілер қатысып, бақтарын сынады. Қапез Байғабылұлының сырлы сазын, асқақ әндерін кейінгі ұрпаққа жеткізу-ұлттық өнерімізді дәріптеудің жарқын үлгісі екенін ескерсек, бұл байқау жас өнерпаздардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, Қапез мұрасын кеңінен насихаттап, дәстүрлі ән өнерінің сабақтастығын жалғастыруға бағытталған тағылымды мәдени шара екені сөзсіз. Сондай-ақ бұл күні Қапез Байғабылұлының 130 жылдығына арналған спорттық іс-шаралар өз жалғасын тапты. Мерейтойлық шаралар аясында ауданның білім беру ұйымдарындағы ұстаздар арасында волейболдан аудан біріншілігі ұйымдастырылды.
Спорт додасының басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, ұстаздар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, әріптестік ынтымақтастықты нығайту және жас ұрпаққа үлгі боларлық белсенді өмір салтын дәріптеу.
Жарысқа қатысқан ұстаздар алаңда жоғары дайындықтарын көрсетіп, командалық бірлік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін танытты. Әр ойын тартысқа толы өтіп, жеңіске деген жігер мен спорттық рух айқын сезілді.
Мерейтой аясында 2012-2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында дзюдодан аудандық жарыс ұйымдастырылып, жас спортшылар өзара бақ сынасып, бозкілемде белдесті. Жарысқа шыққан жас спортшылар өздерінің ептілігі мен күш-жігерін, төзімділігі мен спорттық шеберлігін көрсетіп, жеңіске деген жігерін танытты.


Кешқұрым көпшілік Тоғызбұлақ ауылдық Мәдениет үйін бетке алды. Залда ине шаншар орын болмады. Мұнда Қапез мұрасын зерттеуші-журналист Салтанат Бакееваның арнайы дайындаған «Халқым деген Қапез…» атты деректі фильмінің көрсетілімі өтті.
Тарихи-танымдық шара аясында Кеген халық театрының дайындауымен режиссер Аршын Нұрбақыттың «Қапез. Асау заман. Арыстардың қилы тағдыры» спектаклі көпшілік назарына ұсынылды.
Қадірлі жерлестер! Үлкен той деуге болады, олай дейтініміз, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып жатыр. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» деген сөздің шындығы осы шығар, – деді театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Омар Қиқым.
Шындықты үйлестіріп, астастырып, бір сағаттың ішінде бүткіл бір ғұмырды түгел көз алдымызға елестеткен Кеген халық театрының өнерпаздарына бір қол соғып қояйықшы. Өнерлерің өркендей берсін!- деген өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлы режиссер Аршын Нұрбақытқа ризашылығын білдіріп, иығына шапан жапты.
Шара соңы ауыл стадионында облыстық «Алатау әуендері» концерттік ұйымының және аудан көркем өнерпаздары дайындаған гала-концертіне ұласты.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

ҚАПЕЗГЕ АРНАУ

Көздің жасын көл қылып ағызды бақ,
Домбыра өксіп жатқандай, қобыз жылап…
Қол-аяғын кісендеп алып кеткен,
Жоқтап жатыр Арысын Тоғызбұлақ!

Аманат қып баршаға байтақ әнді,
Темір торлы түрмеге айта барды.
Алаш мұңын арқалап кетіп еді,
Ғасыр салып араға қайта оралды.

Совет деген сағым мен уставқа ерген,
Бай-құлақ деп бағланын қыстап көрген…
Қапем деген Қапезді қапияда,
Тірі ме екен ағайын ұстап берген?..

Көзін ашып, оқытты сан ұланды,
Жаһил қоғам сол үшін жанын алды.
Таңы қалды артында ататұғын,
Елі қалды аңырап, әні қалды.

Қапез әнін қайталап, айтам енді,
Ер тірілді, алапес сайтан өлді.
Қайта соқты жүрегі Арысымның,
Ғасырдан соң еліне қайта келді!!!

Кәдірбек Құныпияұлы

↑