Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қауіпсіз қоғам қалыптастыру – ортақ іс

Қауіпсіз қоғам қалыптастыру – ортақ іс

39 қаралым

Алматы облысы Есік қаласының орталық базарында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында ақпараттық сауалнама жүргізілді.

Іс-шараны Еңбекшіқазақ ауданының Жастар ресурстық орталығы мен Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесі бірлесіп ұйымдастырды.

Ақпараттық іс-шара барысында тұрғындарға отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, оның түрлері, зорлық-зомбылық белгілерін дер кезінде анықтау және мұндай жағдайларға тап болған кезде қайда жүгінуге болатыны жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар тұрғындарға зорлық-зомбылық жасағаны үшін заңнамада көзделген жауапкершілік туралы ақпарат беріліп, отбасындағы өзара сыйластық, түсіністік пен қауіпсіз қарым-қатынастың маңызы түсіндірілді.

Сауалнама барысында тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалып, қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесіне деген көзқарастары зерделенді. Қатысушыларға зорлық-зомбылықтың кез келген түріне бейжай қарамай, қажет болған жағдайда тиісті органдар мен мамандардың көмегіне жүгінудің маңызы айтылды.

Жастар ресурстық орталығының мамандары мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының қоғамда құқықтық сауаттылықты арттыруда және зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруда маңызы зор екенін атап өтті.

«Қауіпсіз қоғам қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Әсіресе жастар арасында отбасылық құндылықтарды, өзара құрмет пен жауапкершілікті насихаттау маңызды. Әр адам зорлық-зомбылықтың алдын алуға өз үлесін қоса алады. Қоғамдағы кез келген азаматтың қауіпсіздігі мен құқығы қорғалуы тиіс», – дейді Жастар ресурстық орталығының психолог маманы Айгерім Дәулетханова.

Еңбекшіқазақ ауданының Жастар ресурстық орталығы алдағы уақытта да жастар мен тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыра бермек.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы

↑