Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Раушан Мұхажанова қоршаған ортаның жай-күйіне барынша әсер ететін ірі кәсіпорындардың қызметі мен экологиялық жүктемені төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар жайлы хабардар етті.
– Облыс аумағындағы 3 326 өнеркәсіптік кәсіпорынның 51-і қоршаған ортаға елеулі теріс әсер ететін 1- санатқа жатады. Қоршаған ортаға түсетін жүктеменің төмендеуіне қол жеткізу мақсатында кәсіпорындар өндірісті жаңғыртып, заманауи тазарту және автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізуде. Шығарындыларды азайтып, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруде және ресурстарды қайта пайдалануда. Маңызды бағыттардың бірі – эмиссияларды автоматтандырылған мониторингтеу жүйелерін енгізу. Мұндай жүйе шығарындылардың көлемі мен құрамын нақты уақыт режимінде тіркеуге және алынған деректерді уәкілетті мемлекеттік органға автоматты түрде беруге мүмкіндік береді. Осындай кәсіпорынның бірі – «Almaty Insulation» ЖШС. «Қайрат» индустриялық аймағында орналасқан бұл кәсіпорында 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап эмиссияларды автоматтандырылған мониторингтеу жүйесі жұмыс істейді. Жауын-шашыннан пайда болатын сарқынды суларды үшсатылы тазарту ұйымдастырылған және тазартылған су өндірісте қайта пайдаланылады. Минералды мақта қалдықтары брикеттерге қайта өңделіп, өндірістік процеске қайта енгізіледі. Тағы бір ірі нысан – Алматы ЖЭО-3. Мұнда реконструкциялау аясында көмірмен жұмыс істейтін генерациядан табиғи газбен жұмыс істейтін заманауи бу-газ қондырғыларына көшу көзделген. Бұл стансаның атмосфералық ауаға әсерін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ЖЭО-3 шығарындылары жылына шамамен 13,97 мың тоннаны құрайды. Ал бу-газ қондырғылары негізгі жұмыс режиміне көшкеннен кейін шығарындылар көлемін жылына 90 пайызға дейін төмендету болжануда, – деді.
Баяндамашының айтуынша, «Жетісу Вольфрам» ЖШС-да автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу 2027 жылға жоспарланып отыр. «Прима Құс» ЖШС-да 2024–2025 жылдары қоршаған ортаға әсерді төмендету бойынша бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Сонымен қатар кәсіпорын жел электр стансасын салған. «АЛЕЛЬ АГРО» АҚ кәсіпорындарында да шығарындыларды азайту жұмысы жүргізілуде.
Раушан Майлыбайқызы бірқатар маңызды мәселені атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, «Алматы Су» кәсіпорынының механикалық тазарту цехын, арналарды, Қаскелең дюкерін, тұнба құбырлары жүйесін, шаруашылық-тұрмыстық және өнеркәсіптік сарқынды суларды тазарту құрылыстарын қайта жаңарту көзделіп отыр екен. Сонымен қатар сарқынды суларды тазарту кезінде хлорелланы қолдану технологиясының тиімділігін зерттеу қолға алынған. 1968 жылы салынып, тозу деңгейі шамамен 95 пайызды құрап отырған Қонаев қаласының кәріздік тазарту құрылысының жобасы аясында үш кәріздік сорғы станциясын салу да көзделген.
Спикер сөзінің соңында облыс көлемінде іске асырылып жатқан экологиялық бағыттағы жаңа инвестициялық жобалар жайына тоқталды. Мұндай жобалардың өңірдегі құс және мал шаруашылығы кәсіпорындарының қалдықтарды биогаз, электр энергиясы және органикалық тыңайтқыштар өндіруге арналған қайталама шикізат ретінде пайдалануға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Мұндай жұмыстардың экологиялық жүктемені төмендетуге, қалдықтарды қайта өңдеуді дамытуға және заманауи табиғатты қорғау технологияларын енгізуге бағытталғанына БАҚ өкілдерінің назарын аударды.
Айжарық БАҚТЫБАЙҰЛЫ