
«Заң мен тәртіп» құқықтық бағытын іске асыру аясында Райымбек ауданында аудан орталығы Нарынқол ауылының зейнеткерлеріне арналған құқықтық бағыттағы жалпыға бірдей оқыту дәрісі өтті. Дәрістің негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру және күнделікті өмірде кездесуі мүмкін құқықтық мәселелердің алдын алу.
Құқықтық сауаттылықты арттыруға негізделген дәріске Райымбек ауданының прокуроры Қасымбаев Ерлан Қасымбайұлы, Нарынқол ауылының әкімі Амангелді Шенебеков, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова және Райымбек аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторы Ерұлан Октябрь қатысты.
Дәріс барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу және азаматтардың заңды мүдделерін қорғау мәселелері талқыланды. Қатысушыларға құқықтық мәселелер бойынша түсінікті әрі нақты ақпарат беріліп, күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайларда заң талаптарын сақтаудың маңызы түсіндірілді. Кездесу барысында күн тәртібіндегі мәселелер ашық айтылып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар нақты жауап берді. Зейнеткерлер өздерін толғандырған құқықтық мәселелерді ортаға салып, тиісті жауаптарын алды. Мұндай кездесулер тұрғындардың заңды білуіне ғана емес, құқықбұзушылықтың алдын алуға және қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты ең алдымен әр азаматтың өз құқығы мен міндетін білуінен басталады. Сондықтан халықпен тікелей кездесіп, құқықтық мәселелерді түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Нарынқол ауылында өткен бұл жиын да тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып, заң талаптарын құрметтеуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.
Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы