Жастар арасында буллингтің алдын алу, оның кез келген көрінісіне жол бермеу және қауіпсіз психологиялық орта қалыптастыру мақсатында Еңбекшіқазақ аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Буллингке жол жоқ!» атты челлендж өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастарға буллингтің адам психологиясына тигізетін кері әсері мен салдары туралы түсінік қалыптастыру, өзара сыйластық пен құрметті дәріптеу, қиын жағдайға тап болған құрдасына қолдау көрсетуге және мәселені көрген жағдайда бейжай қалмауға шақыру.
Психолог маман ретінде атап өткім келетіні – буллингті жай ғана әзіл немесе жастар арасындағы қалыпты қарым-қатынас деп қабылдауға болмайды. Қорлау, кемсіту, мазақ ету, қорқыту, әлеуметтік ортадан әдейі шеттету немесе әлеуметтік желілер арқылы қысым көрсету адамның эмоционалдық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдай адамның өзіне деген сеніміне, қарым-қатынасына және күнделікті өміріне әсер етуі ықтимал.
Челлендж барысында жастар өз ойларын ортаға салып, буллингке қарсылықтарын білдіріп, достық, мейірімділік, өзара түсіністік пен сыйластықтың маңыздылығын насихаттады. Қатысушылардың белсенділігі жастардың қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын көрсетті.
Біз әрқайсымыз буллингтің алдын алуға өз үлесімізді қоса аламыз. Ол үшін айналамыздағы адамдарға құрметпен қарап, бір-біріміздің сезімімізге түсіністікпен қарауымыз қажет. Егер біреудің буллингке ұшырағанын байқасақ, оны жалғыз қалдырмай, қолдау көрсетіп, қажет болған жағдайда ата-анаға, педагогке немесе психолог маманға жүгінуге шақыруымыз маңызды.
Құрмет пен мейірімділік – қауіпсіз ортаның негізі.
Жастарды бір-бірін қолдауға, өзара сыйластықты сақтауға және буллингтің кез келген түріне немқұрайлы қарамауға шақырамын.
Айгерім ДӘУЛЕТХАНОВА,
Еңбекшіқазақ аудандық Жастар ресурстық
орталығының психолог маманы