Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар /   Мансап орталығы – мол мүмкіндік мекені

  Мансап орталығы – мол мүмкіндік мекені

61 қаралым

         Ауылдың тыныс-тіршілігі еңбекпен біте қайнасып жатыр. Таңмен таласа тіршілігін бастап, отбасын асырап, кәсібін дөңгелетіп отырған ауыл адамдарының басты мұратының бірі – тұрақты табыс пен берекелі жұмыс. Ал жұмыс іздеген азаматқа бағыт-бағдар беру, кәсіби тұрғыдан қолдау көрсету, жаңа мүмкіндік ұсыну – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

         Бұл орайда Жамбыл аудандық Мансап орталығының атқарып отырған жұмысы айрықша мәнге ие. Орталықтың қызметі жұмыссыз азаматтарды есепке алумен ғана шектелмейді. Мұнда тұрғындарға тұрақты жұмысқа орналасу, кәсіптік білім алу, мемлекеттік грант иелену, уақытша жұмыспен қамтылу және өз кәсібін бастауға мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары туралы қажетті ақпарат беріледі. Мекеменің жұмысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 қаулысымен бекітілген «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде жүзеге асырылуда.

         Жұмыспен қамту саласындағы негізгі көрсеткіштердің бірі – азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру. Биыл аудан бойынша 2000 азаматты тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бүгінгі таңда олардың 1350-і еңбекпен қамтылып, жоспардың 68 пайызы орындалды. Бұл – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес. Әр санның артында еңбекке араласқан азамат, отбасының тұрмысына қосылған табыс және болашаққа жасалған жаңа қадам бар. Жұмыс орындарының болуы еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің бірі десек, бұл бағытта ауданда нақты жұмыс жүргізілуде. Биыл 4472 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі күнде 3208 жаңа жұмыс орны ашылып, жоспардың 72 пайызы орындалды.

         Мансап орталығының директоры Қайратхан Баймолдаевтың айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстың негізгі өзегі – халыққа нақты қолдау көрсету. «Біз ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға қызмет етеміз», – дейді орталық басшысы. Бұл сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Себебі жұмыспен қамту – бір ғана бос жұмыс орнын ұсыну емес, адамның еңбек етуге деген мүмкіндігін кеңейту, оның кәсіби әлеуетін жүзеге асыруға жағдай жасау.

         Кәсіп үйренем деген жанға мұнда жаңа мүмкіндік ұсынылады. Қазіргі еңбек нарығы кешегіден өзгерек. Жаңа кәсіп түрлері пайда болуда. Сондықтан азаматтың бір мамандықпен шектелмеуі қажет. Осы мақсатта қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағыты бойынша биыл 96 азаматты оқыту жоспарланған. Бүгінде 94 азамат курстан өтті. Бұл мүмкіндік, әсіресе, мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген немесе жаңа кәсіп игергісі келетін азаматтар үшін маңызды. Қысқа мерзімді оқу арқылы адам жаңа кәсіпті меңгеріп қана қоймай, еңбек нарығында өзіне қажет жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

         Ал өз ісін бастауға ниетті азаматтар үшін мемлекеттік гранттардың маңызы зор. 2026 жылы бұл бағыт бойынша 120 азаматты қамту көзделген. Бірінші кезеңде 60 азаматқа грант беру жоспарланып, қазіргі уақытта 58 үміткерден өтінім қабылданып, мақұлданды. Келесі кезең бойынша конкурстық іріктеу жұмыстары қарастырылуда. Кәсіп бастау – үлкен жауапкершілік. Дегенмен қажетті қолдау мен дұрыс бағыт болған жағдайда, ауылдық жерде де шағын кәсіпті дамытуға мүмкіндік бар. Бұл – тұрғынның өзіне табыс көзі болса, жергілікті жерде жаңа қызмет түрлерінің пайда болуына ықпал етеді.

         Жұмыс іздеуші мен жұмыс берушіні байланыстыруда бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің де өзіндік орны бар. Мұндай шаралар азаматтарға бірнеше жұмыс берушімен бір жерде кездесіп, өзіне қажетті ақпаратты тікелей алуға мүмкіндік береді. Мансап орталығы директорының орынбасары Әділет Қасымбектің айтуынша, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жүйелі түрде ұйымдастырылып отырады. «Жәрмеңкенің тиімділігі де осында. Бір жағынан, жұмыс беруші өзіне қажетті маманды іздесе, екінші жағынан, жұмыс іздеуші бірнеше ұсынысты салыстырып, өзіне қолайлы жұмыс орнын таңдауға мүмкіндік алады. Мұндай кездесулер еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың арасын жақындата түседі. Сондай шараның бірін жуырда орталық базарда өткіздік», – дейді Әділет Бақытұлы.

         Мансап орталығының жұмысы тұрақты жұмыс орындарымен ғана шектелмейді. Уақытша жұмыспен қамту жобалары да азаматтардың еңбекке араласуына мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, қоғамдық жұмыстарға 648 азаматты тарту жоспарланған болса, бүгінгі таңда 663 азамат уақытша жұмыстарға жіберілді. Осылайша жоспар 102 пайызға орындалды. Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша да жоспар артығымен орындалуда. Жыл ішінде 153 азаматты қамту көзделсе, қазіргі таңда 166 азамат уақытша жұмысқа орналастырылып, көрсеткіш 106 пайызға жетті.

         Мұндай жобалардың азамат үшін маңызы – еңбек тәжірибесін жинақтап, белгілі бір уақыт аралығында табыс табуға мүмкіндік алуында. Кей жағдайда уақытша жұмыс адамның тұрақты еңбекке орналасуына жол ашатын алғашқы баспалдаққа айналады. Жастарды жұмыспен қамту да – назардағы бағыттардың бірі. Биыл жастар тәжірибесіне 166 азаматты тарту жоспарланған. Бүгінде 102 жас уақытша жұмысқа жіберіліп, жоспардың 61 пайызы орындалды. Жастар тәжірибесі – оқу орнын жаңа тәмамдаған жас маманның еңбек ұжымына бейімделіп, алғашқы тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беретін маңызды тетік. Ал еңбек нарығында тәжірибесі мол аға буын өкілдері үшін «Күміс жас» жобасының берері бар. Биыл бұл жоба бойынша 82 азаматты қамту жоспарланған және қазіргі таңда жоспар толық орындалып, 82 азамат уақытша жұмысқа орналастырылды.

         Еңбекпен қамту – бір ғана мекеменің жұмысы емес. Бұл бағытта жұмыс берушілердің, мемлекеттік органдардың және ең бастысы, еңбек етуге ниетті азаматтардың өзара байланысы маңызды. Мансап орталығы осы тараптардың арасын жалғап, тұрғынға қолжетімді мүмкіндіктерді түсіндіріп, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты сәйкестендіруге күш салады. Келтірілген көрсеткіштер атқарылған жұмыстың ауқымын аңғартады. Бір бағытта жоспар толық орындалса, енді бірінде жұмыс жалғасып жатыр. Ал мұның барлығының түпкі мақсаты бір – аудан тұрғындарының еңбекке араласуына жағдай жасау.

         Жұмыс іздеген адамға кейде тек бос жұмыс орны ғана емес, дұрыс кеңес, жаңа мамандық немесе өз ісін бастауға мүмкіндік қажет. Біріне қысқа мерзімді оқу керек болса, енді біріне мемлекеттік грант қолдауы қажет. Бір азамат уақытша жұмыстан тәжірибе жинаса, екіншісі сол тәжірибесін тұрақты еңбекке айналдырады. Сондықтан келтірілген әр көрсеткіштің артында – еңбекке ұмтылған адам, оның отбасы және болашаққа жоспары бар.

         Ауылдың әлеуеті – еңбекқор халқында. Ал еңбек етуге ниетті азаматқа жол көрсетіп, мүмкіндігін пайдалануына жағдай жасау – ортақ міндет. Бүгінде аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыспен қамту шаралары осы мақсатқа қызмет етіп келеді. Еңбек бар жерде – береке бар. Ал сол еңбекке бастайтын жолды табуға көмектесетін мүмкіндік бар жерде ауылдың да, ауданның да әлеуеті арта түсетіні анық.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

↑