Перейти к содержимому

ӨМІР-ӨЛЕҢНІҢ ИЕСІ

20 қаралым

Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қонаев қаласындағы Д. Қонаев атындағы көпсалалы колледжде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әмина Адайханның «Жүрегіңде бармын ба?» атты әдеби-сазды кеші өтті. Өлең мен өнерді, руханият пен тағылымды тоғыстырған кешке қазақ әдебиеті мен өнерінің белгілі өкілдері арнайы қатысып, ақын шығармашылығына қатысты жылы лебіздерін білдірді.
Олардың қатарында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Асанқадір Исабек, жырау Әбіш Әділбек, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шынәділ Мұқанов, батагөй ақын Берік Шәріпұлы сынды қаламгерлер бар.
Әдеби-сазды кештің шымылдығын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-сазгер Төлеужан Ғұмаров түрді. Ол алдымен шараның мән-маңызына тоқталып, өлеңнің адам өміріндегі орны туралы ой өрбітті.
– Бүгінгі шараның мәні де, маңызы да ерекше. Өлең дегеніміз – өмірдің айнасы. Адам бұл дүниеге жайдан-жай келмейді. Бұл – Алланың берген үлкен аманаты, үлкен нығметі. Қолға қалам алған адамның бақыты да бөлек. Қару ұстап жүргеннен гөрі қалам ұстап жүрудің қадірі зор. Әлемде қаншама ел оқ пен қарудың зардабын тартып отыр. Ал бейбіт өмір сүріп жатқан біздің елде өнер мен мәдениеттің алар орны айрықша, – деді ол.
Төлеужан Ғұмаров тәуелсіз Қазақстанда тыныштық пен тұрақтылықтың орныққанын айта келіп, елді ең алдымен мәдениеті мен өнері арқылы тануға болатынын жеткізді.
– Әр елді оның мәдениетінен тану керек. Жалпы, бір грамм алтын табу үшін он тонна топырақ қазылады екен. Ақынның еңбегі де осыған ұқсайды. Бір ғана әдемі сезімді оқырманға жеткізу үшін қаншама ізденіс қажет?! Қаншама тер төгіледі, қаншама ұйқысыз таң атырады?! – деген ол жас ұрпаққа ақын еңбегінің сырт көзге көрінбейтін қырларын түсіндірді.
Сондай-ақ әр ақынның шығармасында тәуелсіз Қазақстанның сыры мен мұңы бар екенін атап өткен ол өмірді сүю мен өнерді сүюдің өзара сабақтастығына тоқталды.
Кеш барысында Фариза, Күләш Ахметова, Ханбибі сынды қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерін тілге тиек еткен Төлеужан Ғұмаров Әмина Адайханның да өзіндік үні мен қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқанын айтты. Ақынға шығармашылық табыс тілеп, «Өнердегі өрісің кеңейе берсін!» деген жүрекжарды лебізін білдірді. Сонымен қатар басқарма басшысы Әнуар Үмбетәлиевтың атынан кеш иесіне Алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.


Бұдан кейін сахна төріне ақын, сазгер, Мәдениет саласының үздігі Гүлжанат Мұхамеджан көтеріліп, көпшілікті Әмина Адайханның әдеби кешімен құттықтады. Өнер иесі әсем әндерін орындап, кештің мазмұнын әуезді әуенмен жалғасты.
Кез келген шығармашылық кештің де, дүниеге келген шығарманың да екі тәңірісі бар. Оның бірі – автордың өзі болса, екіншісі – оқырман мен көрермен. Жақында Мемлекет басшысының бастамасымен «Кітап оқитын ұлт» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Әдеби кеште осы бастамаға да ерекше мән берілді.
Кітапты оқудың бір жолы – оның әр бетін көз майын тауысып оқу болса, екінші жолы – автордың өзін көріп, шығармасын өз аузынан тыңдап, сол арқылы рухани әсер алу. Осы тұрғыдан алғанда, Әмина Адайханның әдеби-сазды кеші көрерменге ақын әлеміне жақынырақ үңілуге мүмкіндік берді.
Шараның «Өмір-өлең» айдары аясында Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің студенттері ақын шығармаларын нақышына келтіре оқып, көрерменді өлең әлеміне жетеледі.
Студенттердің орындауынан кейін сахнаға ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Алтыншаш Жақиянова шықты. Ол жастардың сахналық қойылымды жоғары деңгейде орындағанын атап өтіп, бір сәтке өзінің жастық шағын еске алғанын жеткізді. Ақын Әмина Адайханның шығармашылығына қатысты жүрекжарды пікірін білдіріп, оның кез келген өлеңі оқырманын баурай алатынын айтты.
Алтыншаш Жақиянова Әмина Адайханға «Сен – өлеңсің» атты арнауын оқыды.
Кештің көркін әнші-сазгер, Қайрат Нұртастың бірнеше хит әндерінің авторы Жақсыбек Қалелбек те қыздыра түсті. Ол «Сені ойлай» әнін жанды дауыста орындап, тыңдарманға ерекше көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ Алматыға арналған әнін шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Алматы облысының жүрегі – Қонаев қаласы десек, Әмина Адайханның да бұл шаһардың рухани-әдеби өмірінде өзіндік орны бар. Ақын ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаев туралы жарық көрген кітапқа да елеулі еңбек сіңірген.


Осы ретте сөз алған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы Халықаралық қордың вице-президенті, «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, Балқаш ауданының құрметті азаматы, Ішкі істер органының құрметті ардагері Дәулетбек Жанботаев әдеби кештің маңызын атап өтті.
– Бүгінгі таңда үлкен сахнада мұндай рухани мәні зор кештер жиі өтіп келеді. Талдықорған қаласында да осындай бірнеше шараға қатысып, сондай тағылымды шаралардан Әмина қарындасымызды да көріп жүрмін. Өнерлі адамның өнегелі болатыны анық, – деді ол.
Дәулетбек Жанботаев мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Қонаевтың еңбегі мен өмір жолын насихаттауға, оның мұрасын алғаш рет кітап етіп шығаруға Әмина Адайханның қосқан үлесін атап өтті. Қазақ әдебиетінің дамуына сіңірген еңбегі үшін Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы Халықаралық қор президенті Эльдар Асқарұлының атынан Әмина Адайханға «Мерей» медалін табыстады. Сонымен қатар Д.Қонаевтың портретін Д.Қонаев атындағы көпсалалы колледжге сыйға тартты.
«Өз жүрегін бағындыра білгенге бүкіл әлем бағынады» дегендей, кеш барысында поэзия әлеміне сапар жалғасты. Төлеужан Ғұмаров «Ұлыма» атты өлең оқыса, одан кейін сахнаға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ерлан Еркінұлы көтерілді.
Ерлан Еркінұлы әдеби кештің жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтып, мұндай шаралардың жастарға берер тағылымы мол екенін атап өтті. Ол мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Махамбеттер, Абайлар-ай» өлеңін оқыды.
Сондай-ақ Еркін Ібітановтың қоғамдық қоры атынан қазақ поэзиясын дамытуға қосқан үлесі үшін Әмина Адайханға «Еркін Ібітанов» төсбелгісін тақты.
Поэзиялық кеш Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі студенттерінің өлең оқуымен жалғасын тапты. Жастардың мәнерлеп оқыған жырлары көрерменге ерекше әсер сыйлап, кештің мазмұнын байыта түсті.
Кеш иесі Әмина Адайхан сахна төріне көтеріліп, әдеби-сазды кешке арнайы келген барша қауымға алғысын білдірді. Ақын өз өмір жолында қадір тұтатын жандардың бірі – Қонаев қаласындағы «Нұрлы өлке» газетінде бас редактор болып қызмет атқарған уақытта бірге еңбек еткен Назгүл Нүрсейіт пен жолдасы Мұрат Жебесіновты сахнаға шақырды.
Мамандығы бухгалтер болғанына қарамастан әдебиетті сүйіп оқитын, поэзия әлеміне жақын ерлі-зайыптыларға ақын өзінің қос бірдей жинағын сыйға тартты.
Кеш барысында сөз алған Назгүл Нүрсейіт Әмина Адайханмен небәрі төрт айдай ғана қызметтес болғанымен, ақын шығармашылығының олардың отбасылық өмірінде айрықша орын алғанын айтты. Тіпті ерлі-зайыптылар ақынның бірқатар өлеңдерін жатқа білетін болып шықты. Ол Әмина шығармашылығын Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынованың поэзиясымен сабақтастыра бағалады.
Назгүлдің айтуынша, ол Әмина Адайханның шығармашылығын 2023 жылдан бері сүйіп оқып келеді. Кітапханада өткен «Сенің атың жүрек» атты кеште ақынның кітаптарын сыйға алғаннан кейін оның шығармашылығын одан әрі тұрақты қадағалап жүрген. Ақынның әлеуметтік желідегі парақшасынан жаңа өлеңдері мен жыр шумақтарын да қалт жібермей оқиды.


– Ақындар көп. Бірақ Әмина Адайханның өлеңдері ерекше. Жұдырықтай жүрегінен жұлып алған жыр шумақтары маржандай төгіліп тұрады. Мен оның өлеңдерін оқи отырып, бір жағынан Фариза Оңғарсыноваға ұқсатамын. Жолдасым Мұрат Жебесіновтің мамандығы құрылысшы болғанымен, ол да Әминаның өлеңдерін ерекше сүйіп оқиды, – дейді Назгүл Нүрсейіт.
Кеш соңында Әмина Адайхан өзінің жүрегінен шыққан жырларын оқып, алғашқы өлеңін Мұқағали Мақатаевтың рухына арнады. Сонымен бірге колледж кітапханасына өзінің екі бірдей жинағын тарту етті.
Әдеби кешті жүргізген Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалының директоры Ержан Тоқтар Әмина Адайханға руханиятымыз бен әдебиетіміздің дамуына, ұлттық әдебиеттің насихатталуына қосып келе жатқан еңбегі үшін Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің Алғыс хатын табыстады.
Ал облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Еркебұлан Бақытжанұлы орталық атынан ақынға сый-сияпат жасап, облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Мәди Ахметовтың Алғыс хатын табыстады. Ол жастарды кітап оқуға, әдебиет пен өнерді сүюге шақырды.
Шара соңында ақын Асанқадір Исабек, жазушы Шынәділ Мұқанов сөз алып, Әмина Адайханға ақжолтай тілектерін білдіріп, жырларын арнады. Ал ақын Берік Шәріпұлы кеш иесіне және жастарға ақ батасын берді.
Осылайша өлең мен өнерді, әдебиет пен руханиятты тоғыстырған «Жүрегіңде бармын ба?» атты әдеби-сазды кеш өз мәресіне жетті. Кеш барысында ақынның шығармашылығына деген оқырман ықыласы мен өнерге деген жастардың қызығушылығы анық аңғарылды.
Әмина Адайханның жырлары – жүректен туып, жүрекке жететін сырлы әлем. Оның шығармашылығын сүйіп оқитын Назгүл Нүрсейіт пен Мұрат Жебесінов сынды оқырмандардың пікірі де осыны аңғартады. Өйткені ақын үшін ең үлкен марапат – оның жырын жүрегіне жақын тұтып, әр жаңа өлеңін асыға күтетін оқырманының болуы.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Қонаев қаласы