Перейти к содержимому

Сағыныш сазы

16 қаралым

Райымбек ауданы Сүмбе ауылындағы Мәдениет үйінде өткен «Сағыныш сазы» ретро ән байқауы тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше әсер сыйлады. Бұл кеште әсем әуенмен қатар өмірдің өнегесі мен көңілдің толқынысы да қатар өрілді.

Өнер сайысына Баққожа Мұқай атындағы Райымбек аудандық Мәдениет үйінің директоры Медет Серікұлы, Сүмбе ауылдық округінің әкімі Азамат Серікұлы, аудандық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Бекболат Бірбаев, ауыл тұрғындары қатысты. Қазылар алқасының құрамында «Хантәңірі» театрының жетекшісі, дәстүрлі әнші, ақын Ербақ Құрметжанұлы, Текес ауылдық балалар өнер мектебінің директоры, Мәдениет саласының үздігі Еркін Мүслімұлы, республикалық «Асыл домбыра» байқауының жеңім­пазы, айтыскер ақын Жәнібек Аят болды.
Аталған байқау «Махаббат әуендері» және «Еркін тақырыптағы ретро ән» атты екі кезеңнен тұрды. Сахна шымылдығын Нарынқол ауылының тумасы, мәдениет саласында өзіндік ізін қалдырған, кәсіпкерлік бағытта да жемісті еңбек етіп жүрген, төрт перзенттің өнегелі әкесі Хасен Жанасылұлы «Махаббат мұңы» әнімен ашты. Сүмбе ауылының мақтанышы, көпбалалы ана Гүлбанам Шаяхметқызы жүрекке жылы, көңілге қымбат «Бала махаббат» әнін орындап, өнердегі қырын танытты. Адам жүрегіндегі сағыныш пен сүйіспеншілікті әсем әуенмен жеткізген жамбылдық Ерлік Оспанұлы «Махаббат бағы» әнін тамылжыта шырқап, махаббаттың мөлдір әлемін әнмен өрнектеді.
«Еркін тақырыптағы ретро ән» кезеңінде әр қатысушы жүрегіне жақын, көңіліне қымбат әнді таңдап, өз талғамын танытты. Кейде бір ән тұтас бір дәуірді, бір сезім бүтін бір сағы­­нышты еске салады. «Дос-Мұқасан» ансамблінің репертуарын­дағы көпші­ліктің сүйіспеншілігіне бөлен­­ген «Қайдасың?» әнін Хасен Жанасылұлы орындады. Ұйғыр халқы­ның ән өнеріне тән сырлы әуез бен нәзік сезімді бойына тоғыстырған, сүйіспеншілік пен сұлулықты жыр­лайтын «Айлан, айлан, гөзәлім!» әнін Гүлбанам Шаяхметқызы тамылжыта шырқады. Ал Ерлік Оспанұлы «Ай-күнім» әнін ұсынды. Кеш барысында көрермендер арасында қызықты ойындарға да кезек берілді.
Нәтижесінде байқаудың аудандық кезеңіне жолдама Нарынқол ауылының қатысушысы Хасен Жанасылұлына бұйырды. Өнер додасына қатысқан барлық қатысушыға Алғыс хаттар табысталды.
Ретро әндер – уақытпен өлшенбей­тін құндылық. Әрбір әуеннің астарында бір тарих, бір тағдыр, бір сезім жатыр. Осындай игі басқосулар ауыл­дың мәдени өмірін жандандырып, тұрғындардың рухын көтере түсетіні сөзсіз.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Райымбек ауданы