«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Алматы облыстық филиалының өкілдері «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Алматы облыстық филиалы қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Басқосу барысында ұжым қызметкерлеріне пациенттердің құқығы, емханаға тіркелу тәртібі түсіндірілді. МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмектің түрлері таныстырылды. Сонымен қатар пациенттерді қолдау қызметінің жұмысы мен сақтандыру мәртебесі жайлы сөз қозғалды.
МӘМС жүйесіндегі жаңашылдықтар да назардан тыс қалмай, жиынға қатысушылар халықты бұл жүйемен барынша қамтуға мүмкіндік беретін жаңа шаралар туралы мол мағлұматқа қанықты.
Аталған қордың облыстық филиалынан келген өкілдер медициналық көмекке қатысты мәселелер бойынша уақытылы жүгіну әділдікті қалпына келтіріп қана қоймай, жалпы денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға да ықпал ететінін айта келе, жиналған қауымды өз құқығын қорғау жолында белсенділік танытуға шақырады. Сондай-ақ азаматтардың құқығы бұзылған немесе медициналық қызмет көрсетуден бас тартылған жағдайлар туралы кез келген уақытта хабарласуға болатыны айтылды. Бұл жөнінде жиналғандарды хабардар еткен филиал директоры Нұрлан Қыдырбаев әрдайым пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуге болатынын, азаматтар 1414 бірыңғай байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, қордың ресми сайты және «Сақтандыр» Telegram-боты арқылы өтініш бере алатынын қаперге салды.
Жиында айтылған тағы бір жаңалық – ендігі жерде жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы D және E санатына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болды. Соның нәтижесінде биыл елімізде шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ. Сонымен қатар ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленбек.
– Қабылданған өзгерістерге сәйкес биылдан бастап онкологиялық скринингтер ТМККК тізіміне енгізілді. Осылайша МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін жүргізіледі. Сондай-ақ, туберкулез, АИТВ инфекциясы, созылмалы вирустық гепатиттер, бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық, мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті секілді әлеуметтік мәні бар сырқаттарға инсультке күдік болған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болады. Бұған дейін мұндай көмек АИТВ инфекциясы мен туберкулезге күдік болған жағдайда ғана ұсынылатын, – деді Нұрлан Қыдырбаев.
Кездесу соңында қатысушылар тарапынан медициналық жазбалар, сапасыз медициналық көмек көрсету және сақтандыру мәртебесінің мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойылды. Қор өкілдері барлық сауалдарға жан-жақты жауап берді.
Алматы облысы көлемінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен 79 медициналық ұйым келісімшарт жасасқан. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелермен бірге жекеменшік ұйымдар да бар. Олардың барлығында пциенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру
қоры Алматы облыстық
филиалының баспасөз қызметі