Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Шетелде білімін жетілдірген дәрігерлер Алматы облысы аудандарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде

Шетелде білімін жетілдірген дәрігерлер Алматы облысы аудандарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде

54 қаралым

Алматы облысында Қазақстан, Ресей және Беларусьтің жетекші медициналық ұйымдарының клиникалық базаларында білім алып, біліктілігін арттырған мамандардан құралған мобильді медициналық топтардың жұмысы жалғасуда. Дәрігерлер аудан тұрғындарына мамандандырылған консультативтік-диагностикалық көмек көрсетіп, жергілікті медицина қызметкерлеріне практикалық оқыту жүргізуде, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

2026 жылы медицина кадрларының біліктілігін арттыруға жергілікті бюджеттен 160 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 100 млн теңге 37 дәрігердің шетелде білім алуына бағытталды. Наурыз–сәуір айларында мамандар Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының клиникалық базаларында алғашқы медициналық-санитариялық көмек, ана мен бала денсаулығын сақтау, гематология, кардиология, нейрохирургия, онкология және басқа да бағыттар бойынша білімдерін жетілдірді.

Алынған білім мен практикалық тәжірибе облыстың медициналық ұйымдарының жұмысына, оның ішінде мобильді медициналық топтардың аудандық елді мекендерге шығуы арқылы енгізілуде.

Осы жұмыс аясында мамандар Балқаш, Райымбек және Кеген аудандарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетті. Барлығы 1 137 пациент қабылданып, түрлі күрделіліктегі 6 ота жасалды. Сонымен қатар дәрігерлер алғаш рет анықталған аурулар бойынша кеңес беріп, емдеу тактикасын айқындап, диспансерлік бақылау мәселелері бойынша ұсынымдар берді.

Әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау бағытында да ауқымды жұмыс атқарылды. Акушер-гинеколог 383 әйелге кеңес беріп, оның ішінде 13 әйелге прегравидарлық дайындық бойынша ұсынымдар берді. Педиатр 238 баланы қарап-тексерді. Оның ішінде 47 бала «Дені сау бала» кабинетінде қамтылса, 32 бала сүзгі кабинетінде қаралды.

Психиатр диспансерлік есепте тұрған 129 пациентке консультация жүргізді. Балалар нейрохирургі 46 пациентке кеңес беріп, бір науқасқа менингиолиз және титан пластинасын қолдана отырып краниопластика бойынша бірегей операция жасады. Хирург 80 пациентті қабылдап, 4 ота жасады. Травматолог 57 пациентке кеңес беріп, бір ота жүргізді.

Жалпы практика дәрігерлері 227 пациенттіқабылдады. Созылмалы аурулары бар науқастарға диспансерлік бақылау, аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Практикалық тәжірибе алмасуға да ерекше көңіл бөлінуде. Неонатолог перзентхана қызметкерлеріне жаңа туған нәрестені алғашқы тұрақтандыру, өкпені жасанды желдету параметрлері және шала туған балаларға күтім жасау бойынша үш тренинг өткізді. Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне жаңа туған нәрестелерді реанимациялау, акушерлік-гинекологиялық қызметтің жұмысын ұйымдастыру және басқа да өзекті тақырыптар бойынша мастер-кластар мен семинарлар ұйымдастырылуда.

Мобильді медициналық топтың кезекті сапары 7– 8 қыркүйек күндері Қарғалы аудандық ауруханасында өтті. Оның құрамында облыстық деңгейдегі мамандар – онколог-рентгенолог, инфекционист және акушер-гинеколог болды.

Екі күн ішінде дәрігерлер аудан тұрғындарын қабылдап, 35 маммографиялық зерттеу жүргізді. Инфекционист 27 пациентті, ал акушер-гинеколог 34 жүкті әйелді қарап-тексерді.

Пациенттерді қабылдаумен қатар, мамандар жергілікті медицина қызметкерлеріне практикалық сабақтар өткізді. Рентген-лаборанттарға маммография жүргізу және алынған түсірілімдерді бағалау бойынша оқыту ұйымдастырылды. Әйелдер консультациясының мамандарына тәжірибелік сабақ өткізіліп, «Жүкті әйелдердегі гепатит» тақырыбында дәріс оқылды.

Осылайша, мобильді медициналық топтардың жұмысы бір мезетте екі маңызды міндетті шешуге мүмкіндік береді: аудан тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және жергілікті медицина қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін жетілдіру.

Мамандардың аудандық медициналық ұйымдарға шығуы ауруларды ерте анықтауға, емдеу мен диспансерлік бақылаудың одан арғы тактикасын айқындауға, сондай-ақ заманауи диагностика және емдеу әдістерін аудандық медицина ұйымдарының жұмысына енгізуге мүмкіндік береді.

Алматы облысында бейінді мамандардың аудандық медициналық ұйымдарға шығуы жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Мобильді медициналық топтардың жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.