Перейти к содержимому
Басты бет / Әдебиет / «Түркі мәдениеті және мұрасының амбассадоры» құрметті атағын иеленді

«Түркі мәдениеті және мұрасының амбассадоры» құрметті атағын иеленді

358 қаралым

Ташкент қаласында өткен Қазақстан мен Өзбекстан жазушыларының «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы» атты форумында түркі әлемінің мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтуға және ортақ рухани құндылықтарды дәріптеуге елеулі үлес қосқан бірқатар тұлға мәртебелі марапатқа ие болды. Аталған іс-шара барысында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының «Түркі мәдениеті және мұрасының амбассадоры» (Ambassador of the Turkic Culture and Heritage) құрметті атағы Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Хайриддин Султановқа, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевқа, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбековке, Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Саййидке және Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновке табысталды. Құрметті атақты Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова салтанатты түрде табыс етті. Аталған марапат түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау, ортақ рухани құндылықтарды дәріптеу және түркі әлемі арасындағы мәдени байланысты дамыту жолында еңбек етіп жүрген тұлғаларға көрсетілетін ерекше құрметтің белгісі саналады. Айта кетейік, «Түркі мәдениеті және мұрасының амбассадоры» құрметті атағы 2025 жылы алғаш рет әлемге танымал TURAN этно-фольклорлық ансамбліне табысталған болатын. Бүгінде бұл атақ түркі дүниесінің мәдени бірлігін нығайтып, ортақ мұраны халықаралық деңгейде танытуға үлес қосқан тұлғалардың еңбегін айшықтайтын мәртебелі марапаттардың біріне айналып келеді.