Қазақстан халқының тілдері күні – татулық пен тұтастықты дәріптейтін айшықты мерекелердің бірі. Осыған орай Қонаев қалалық Мәдениет үйінде «Тіл – ұлттың ұлы мұрасы» атты салтанатты жиын өтті. Облыс әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған тағылымды шара ана тілінің қадір-қасиетін дәріптеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталды. Айтулы күннің Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келуі – ана тілін көзінің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа аманат еткен ұлт ұстазына деген айрықша құрметтің белгісі.
Мерекелік шараның шымылдығы «Ахмет және руханият» қойылымымен түрілді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым және білім мәселелері жөніндегі вице-президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтың асыл жары Күлтай Қасымова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, ғалым, филолог Асылы Осман, сондай-ақ қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, этно-мәдени бірлестік өкілдері және жастар қатысты.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев аймақ тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, қазақ тілінің білім мен ғылымда, мәдениет пен өнерде, мемлекеттік басқару мен қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолданылуы ел дамуының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Бүгінде республика бойынша тіл саласына жауапты дербес басқармасы бар үш өңірдің бірі – Алматы облысы. Бұл – тіл мәселесіне өңір деңгейінде ерекше мән беріліп отырғанының айқын көрінісі. Алматы облысы – түрлі этнос өкілдері шоғырланған, қоғамдық келісімі мен тұрақтылығы берік өңір. Осындай көпэтносты ортада мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қолданыс аясын кеңейту және тілдер арасындағы өзара құрметті қалыптастыру – аса маңызды міндет.
Мемлекеттік басқарудан бастап білім мен ғылымға, мәдениеттен экономикаға, бизнестен цифрлық технологияларға дейінгі барлық саланың дамуы тілмен тікелей сабақтас. Сондықтан тіл мәселесі – жекелеген саланың ғана емес, тұтас мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Осы тұрғыдан алғанда, Алматы облысында тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың дербес мемлекеттік мекеме ретінде жұмыс істеуі – өңірдегі тіл саясатын жүйелі жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды тетік. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырып, мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін одан әрі арттыруға күш саламыз», – деді Ғани Айдарұлы.
Жиын барысында тіл саясатын жүзеге асыруға және мемлекеттік тілдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген тіл жанашырлары марапатталды. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының ғылым және жоғарғы білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін облыс әкімінің орынбасары Ғани Айдарұлы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Салтанат Беспаеваға және облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Қуаныш Амантайға табыс етті. Ал Қазақстан Республикасының ғылым және жоғарғы білім министрлігінің Құрмет грамотасымен Фарида Бегенбаева, Гүлжан Дүйсенова және Нұрбибі Әшекеева, Алғыс хатымен Бақытжан Рақымжан және Дәулет Шайбаев марапатталды. Бұдан бөлек Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай облысымыздағы қоғамдық өмірге белсене атсалысып, өңірдегі тіл саясатын дамытуға, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға қосқан үлесі үшін бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен және Алғыс хатын иеленді.

– Ана тілімізге құрмет көрсетіп, ел ішінде мемлекеттік тілдің өрге қадам басуына өз үлесімді қосып жүрген еңбегімнің еленіп, Тіл мерекесіне орай облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталғаныма қуаныштымын. Бұл марапатты жеке басыма көрсетілген құрметтен гөрі, мемлекеттік тілге деген құрметтің белгісі деп қабылдаймын. Ана тіліміздің абыройын асқақтатуға, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге аз да болса үлес қосу – мен үшін үлкен мәртебе. Ана тілі – жүрегімнің үні, ұлтымның рухы, –деді тіл жанашыры Бақтығали Дәуітбаев.

Мерекелік шараның мазмұнын өнерпаздардың шығармашылық бағдарламасы толықтырды. Қонаев қаласының жастары тіл тағдырын ұлт тағдырымен сабақтастырған көрнекті ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері, «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Нұрлан Оразалиннің өлеңдерінен үзінді оқып, сахналық қойылым көрсетті.
Салтанатты жиында Шерубай Құрманбайұлына, Асылы Осман мен Тұманбай Молдағалиевтың жары Күлтай Қасымқызына сөз беріліп, олар ана тілінің ұлт өміріндегі айрықша маңызына тоқталды. Сондай-ақ «Келбет» триосы Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Қаздар қайтқанда» әнін орындаса, кеш соңы «Алатау әуендері» концерттік ұйымының әншашуымен жалғасты.

Тіл – халықтың өткенін бүгінмен жалғап, келешекке жеткізетін рухани көпір. Оны сақтау мен дамыту – мемлекеттік міндет қана емес, әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі. Сондықтан ана тілін ардақтау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және оны күнделікті өмірде құрметпен қолдану – ұлттық құндылықтарды нығайтудың маңызды шарты. Тілдің тұғыры биік болса, елдің де рухы асқақ болмақ.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Қонаев қаласы