Перейти к содержимому

Үнсіз ұстаз

22 қаралым

Кітапхана – тыныштық орнаған жай ғана ғимарат емес. Бұл – талай адамның арманын оятқан, білімге жетелеген, рухани дүниесін байытқан білім ордасы. Кітап сөрелерінде қаншама адамның тағдыры, тарихы мен өмірлік тәжірибесі сақтаулы.

Осы байлықты оқырманға жеткізетін жан – кітапханашы. Кітапханашының еңбегі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік жатыр. Мұнда келген оқырманға қажет кітабын тауып беру, жаңа әдебиеттер­мен таныстыру, балаларды кітап оқуға қызықтыру үлкен ізденісті талап етеді. Кітапханашы әр адамды жылы қарсы алып, оның қызығушылығына қарай әдебиет ұсынады. Кейде оқырманның өзі қандай кітап керегін нақты білмеуі мүмкін. Осындай сәтте кітапханашының білімі мен тәжірибесі көмекке келеді.
Кітапханашы үшін ең үлкен қуаныш – оқырманның кітапқа қызығушылық танытқанын көру. Әсіресе жастардың кітапханаға жиі келіп, кітап оқуға дағдылануы – болашақ үшін жасалған маңызды қадам.
Ауыл кітапханасының да өзіндік орны бар. Мұнда әдеби кештер, танымдық кездесулер, ақпараттық сағаттар мен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарына рухани азық беріледі. Кітапхана адамдарды бір ортаға жинап, білім мен мәдениетке жақындатады.
Бүгінгі таңда ақпарат көп болғанымен, кітаптың адамға берер тағылымы мен терең ойы ешқашан маңызын жоғалтпайды. Кітап оқыған адам жаңа дүниені танып, өз ойын қалыптастырады, өмірге деген көзқарасын кеңейтеді. Мұнда әр оқырман өзіне қажетті ақпаратты ғана емес, жақсы әсер мен жаңа ойды да алып шығады. Сондықтан кітапхана – адамның рухани әлеміне жол ашатын, жүректерді білім мен ізгілікке үндейтін мекен. Ал кітапханашы – сол рухани әлемнің есігін ашатын жан.

Динара Жүнісбай,
Қарабұлақ ауылдық кітапханасының қызметкері
Кеген ауданы