Перейти к содержимому

Ұстаз ұлағаты ұмытылмайды

25 қаралым

Қазақ даласында елдің ертеңін ойлап, ұрпақ тәрбиесіне ғұмырын арнаған ұстаздар мен ағартушылардың еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Сондай өнегелі өмір иелерінің бірі – Жұмабай Жадрин. Биыл еліне еңбегі сіңген ардақты азаматтың туғанына 100 жыл толып отыр.

Жұмабай Жадрин – саналы ғұмырын білім беру саласына арнап, талай жастың жүрегіне білімнің шырағын жаққан ұлағатты ұстаз. Оның өмір жолы тағылымға толы. Одан адал еңбек пен ізденістің, халыққа қызмет етудің жарқын үлгісін көреміз.
Жұмабай Жадриннің есімі Жамбыл ауданы білім саласы­ның тарихымен тығыз байланысты. Ұстаздық қызмет атқара жүріп, ол жас ұрпақтың сапалы білім алып, тәрбиелі азамат болып қалыптасуына ерекше көңіл бөлді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, шәкірттеріне тек білім беріп қана қоймай, елін, жерін сүюге, үлкенді құрметтеуге, еңбекқорлыққа тәрбиеледі.
Ардақты ұстаздың ел болашағы үшін атқарған еңбегінің бірі – Үңгіртас елдімекеніндегі мектеп-интернаттың қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі. Ауыл балаларының білім алуына жағдай жасау, олардың тәрбиесі мен оқуына көңіл бөлу сол кезең үшін аса маңызды міндеттердің бірі еді. Осы бағыттағы қажырлы еңбегі оның елге деген жанашырлығын, ұстаздық парызына адалдығын аңғартады.
Жұмабай Жадриннің өмірі мен еңбек жолы туралы кейінгі ұрпаққа тағылымды деректер қалды. Ол Тұрсынбек Ешенқұловтың «Ғибратты ғұмыр» атты еңбегінде кеңінен баяндалып, тұлғаның өмір жолы мен адамдық болмысы кеңінен паш етілді.
Ұстаздың өнегелі жолын насихаттау мақсатында Жамбыл аудандық кітапханасында мекеме директоры Аяужан Сәдуақасованың бастамасымен, Қарғалы ауылдық кітапханашыларының ұйымдастыруымен «Ғибратты ғұмыр» атты ұлағат иесінің ұрпақтарымен кездесу кеші өтті. Іс-шараға Жұмабай Жадриннің ұлы Бейбітжан Жадрин, қыздары Гүлмира Жадрина, қарындасы Кенжегүл Жадырақызы және ауданның зиялы қауым өкілдері, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысты. Кеш қонақтары тұлға туралы естеліктерімен бөлісіп, оның адамгершілік қасиеттері мен елге жасаған қызметі жайлы сыр шертті.
Кеш барысында оқушылар ұстазға арналған өлеңдерін оқып, ән айтып, күй орындап, тағылымды шараның көркін келтірді. Бұл аға ұрпақтың өнегесін кейінгі буынға жеткізудің, ел тарихында із қалдырған азаматтарды ұлықтаудың жарқын көрінісі болды.
Уақыт өтеді, ұрпақ жаңарады. Бірақ ел үшін еңбек еткен азаматтардың есімі халық жадында мәңгі сақталады. Жұмабай Жадриннің де өнегелі өмірі мен ұстаздық жолы – кейінгі ұрпаққа қалдырған өшпес мұрасы.

Гүлназ Есебаева,
Қарғалы ауылдық кітапханасының меңгерушісі
Жамбыл ауданы

↑