Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Заңды білетін ұрпақ – тәртіпті қоғамның тірегі

Заңды білетін ұрпақ – тәртіпті қоғамның тірегі

187 қаралым

Құқықтық сауатты, жауапкершілігі жоғары әрі ел болашағына бейжай қарамайтын жас ұрпақ қалыптастыру – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың ағынын айшықтайтын «Жас құқық қорғаушылар» облыстық форумы Еңбекшіқазақ ауданындағы Сатай ауылының қазақ жалпы орта білім беретін мектебінде өтті.

Алматы облысы білім басқармасының 2026 жылға арналған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі жұмыс жоспары аясында ұйымдастырылған іс-шараға облыстың жалпы білім беретін ұйымдарындағы «Жас құқық қорғаушылар» клубтарының мүшелері, педагогтер, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Форумның басты мақсаты – озық педагогикалық тәжірибе мен инновацияларды дәріптей отырып, жас құқық қорғаушылармен бірлесіп, заң мен тәртіп қағидаттарын кеңінен насихаттау.

Форум барысында жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және оқушылар арасында құқықтық мәдениет қалыптастыру мәселелері талқыланды. Қатысушылар құқық пен міндет, жауапкершілік және қауіпсіз орта қалыптастыру жөнінде өзара пікір алмасып, өз оқу орындарындағы тәжірибені ортаға салды.

Форум «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру барысындағы әр мектептегі жұмыстың жай-жапсарын таныстыратын көрмеден басталды. Әр ауданнан келген оқушылар мен педагогтер өз мектеп қабырғасындағы жұмыс барысына тоқталып, форум қонақтарының сұрақтарына жауап берді.

Форумның алғысөзін сөйлеп, қатысушыларды құттықтағын Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбірбаева білім беру саласында заң мен тәртіпті сақтау бағытында жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, «Жас құқық қорғаушылар» жобасына биыл 35 білім беру ұйымы қосылғанын тілге тиек етті.  

Форумдағы маңызды тақырыптардың бірі цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік болды. Мамандар жастарға интернет алаяқтық, дропперлік және қаржы пирамидалары секілді заманауи қауіптердің алдын алу жолдарын түсіндірді. Нақты қылмыстық істердің салдары айтылып, арнайы бейнероликтер көрсетілді. Алматы облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Меруерт Еркінқызы «Сандық тұзақтар: интернетте өзіңді қалай қорғауға болады?» тақырыбында баяндама жасап, кибералаяқтық жайында кеңінен айтып өтті.

Сондай-ақ іс-шара барысында құқық қорғау органдарының, білім саласының қызметкерлерімен қатар оқушылар да баяндама жасап, жас құқық қорғаушы ретіндегі мақсаты жайында сөз қозғады. «Заң мен тәртіп» тақырыбы, қоғамдағы қауіпсіздік мәселесі тек мемлекеттік органдардың немесе ересектердің міндеті емес, жасөспірімдерге де үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты.

«Қоғамдық тәртіпті сақтау, өз құқығын білу, өзгелердің құқығын құрметтеу, буллингке жол бермеу, қауіптің алдын алу – әр оқушының азаматтық ұстанымы. Егер әр оқушы және еліміздің әр азаматы осы қағиданы ұстанса, онда еліміз әлемдегі ең қауіпсіз елдің бірі болар еді», – баяндамашы, Талғар қаласында орналасқан А.Байтұрсынұлы атындағы №7 мектеп-лицейінің оқушысы Алдияр Серік.

Форум аясында патриоттық әндер шырқалып, «Карабин шоуы» да көпшілік назарына ұсынылды.

Бүгінгі жас құқық қорғаушы – ертеңгі саналы азамат. Оның заңды білуі, әділдікке ұмтылуы, жауапкершілікті сезінуі мен қоғамдық ортаға немқұрайлы қарамауы – ел болашағы үшін маңызды құндылықтар. Еңбекшіқазақ ауданында өткен «Жас құқық қорғаушылар» облыстық форумы да осы идеяны айқын көрсетті.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы

↑