Мектеп – баланың білім алып қана қоймай, тұлға ретінде қалыптасатын ортасы. Сондықтан оқушыға оқу бағдарламасымен бірге өз құқығы мен міндетін түсіндіру, заңды құрметтеуге тәрбиелеу – маңызды міндеттердің бірі. Заңды білу баланың өзін қорғауына ғана емес, өзгенің құқығын сыйлауына да ықпал етеді.
Мектеп психологы ретінде оқушылармен жұмыс барысында олардың мінез-құлқына, қарым-қатынасына және эмоционалдық жағдайына ерекше мән беремін. Кей жағдайда балалар арасындағы түсініспеушілік, мазақ ету, кемсіту, әлеуметтік желідегі орынсыз әрекеттер немесе кибербуллинг сияқты мәселелер құқықтық сауаттылықтың жеткіліксіздігінен туындауы мүмкін. Осындай сәттерде оқушыға тек ескерту жасап қана қоймай, оның әрекетінің салдарын түсіндіру қажет.
Заң мен тәртіп ұғымы тек құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты емес. Ол күнделікті өмірдегі қарапайым тәртіптен басталады. Мектеп ережесін сақтау, мұғалім мен сыныптастарын құрметтеу, өзгенің мүлкіне қол сұқпау, әлеуметтік желіде әдепті болу – құқықтық мәдениеттің көрінісі.
Жасөспірім кезеңінде бала өзін іздеп, айналасындағы адамдардың пікіріне ерекше мән береді. Сондықтан ата-ана, мұғалім және психолог баламен ашық сөйлесіп, оның мәселесін тыңдай білуі керек. Бала өзіне қиындық туындағанда кімнен көмек сұрауға болатынын білгені жөн. Құқығы бұзылған жағдайда үнсіз қалмай, сенімді ересек адамға жүгіну де – құқықтық сауаттылықтың бір белгісі.
Сонымен қатар оқушыларға интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндірудің маңызы зор. Бөгде адамдармен жеке ақпарат бөліспеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, өзгенің суреті мен жеке мәліметін рұқсатсыз таратпау – қазіргі кезеңдегі маңызды дағдылардың бірі.
Заңды құрметтеу баланың бойында бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасындағы тәрбие, мектептегі орта, үлкендердің үлгісі және жүйелі түсіндіру жұмыстары арқылы қалыптасады. Сондықтан жас ұрпаққа заңды қорқыныш ретінде емес, адамның құқығы мен қауіпсіздігін қорғайтын маңызды құндылық ретінде түсіндіруіміз қажет.
Құқықтық сауатты, өз міндетін білетін және өзгенің құқығын құрметтейтін бала – қауіпсіз әрі мәдениетті қоғамның негізі. Осы бағыттағы тәрбие жұмысы мектеп пен отбасының ортақ жауапкершілігі деп білемін.
Аружан ҚАНАТҚЫЗЫ,
Сағат Әшімбаев атындағы орта
мектептің педагог-психолог маманы
Жамбыл ауылы
Райымбек ауданы
