Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

68 қаралым

2023 жылдан бастап Қазақстанда Мұғалімдер күні ресми түрде 5 қазанда атап өтіледі. Атаулы күнді мерекелеу аясында Оқу-ағарту министрлігінің «Ұстазым, ардақты ұстазым!» атты республикалық акциясы бастау алды.  29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде  педагог мәртебесін арттыруға және ұстаздық кәсіпті дәріптеуге бағытталған «Ұстаз – ұлт шамшырағы» тақырыбындағы іс-шаралар жүзеге асырылады. Осыған орай Қонаев қаласының орталық алаңында «Smart teacher Qonaev – 2026» үздіктер марапаты» атты салтанатты шара өтті. Келелі жиынға мектеп пен балабақша басшылары, ардагер ұстаздар, Қонаев қаласының Құрметті азаматтары, қоғам белсенділері, білім мен заманауи технологияны ұштастырып, салаға жаңашылдық әкеліп, уақыт талабына сай жаңа бастамаларды жүзеге асырып жүрген педагогтер, облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Білім беру саласындағы жаңашылдықты қолдап, игі бастаманы нақты нәтижеге айналдырып жүрген көшбасшылардың құрметіне арналған ерекше кеште  Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов баршаны Ұстаздар күні апталығының салтанатты ашылуымен құттықтады.

– Бүгінгі шара аясында «Smart Teacher Qonaev» жобасының қорытындысын шығарып отырмыз. Жоба педагогтердің цифрлық әлеуетін арттырып, жасанды интеллектіні білім беру жүйесінде тиімді әрі жауапты қолдануға жаңа мүмкіндіктер ашты. Жоба шеңберінде 12 мектеп, 7 мемлекеттік және 6 жекеменшік балабақшада ашық алаңдар ұйымдастырылды. Бұл – ұстаздардың жаңашылдыққа деген ұмтылысының жарқын көрінісі, – деген шаһар басшысы ұжымының дамуына жол ашып жүрген білім беру мекемесінің басшылары мен ізденуден жалықпай, жаңалыққа ұмтылып, әрбір оқушының болашағына жауапкершілікпен қарайтын педагогтерге ризашылығын білдірді.

Сахна төрінде Асхат Ермекұлы «Smart Teacher Qonaev» – 2026» үздіктеріне марапат табыстады. Қазақ орта мектеп-лицейі «Жылдың цифрлық серпілісі»,  орта мектеп-гимназия «SMART көшбасшы мектебі – 2026»,  Ш.Уәлиханов атындағы №2 гимназия «Шығармашыл-цифрлы орта», Ы.Алтынсарин атындағы №1 орта мектеп «Жасанды интеллект елшісі»,  Д.Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебі «ЖИ интеграциясының көшбасшысы», №2 орта мектеп «Инновациялық ойлау орталығы», №3 орта мектеп «ЖИ идеялар генераторы», Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектеп «Цифрлық трансформацияның озық үлгісі»,  Қ.Жалайыр атындағы №6 орта мектеп «Креативті цифрлық команда»,  №8 орта мектеп «Цифрлық құзыретті ұжым»,  №9 орта мектеп «Құндылық пен технология үндестігі», №10 орта мектеп «Құндылықты инновация»номинацияларын иеленді. «Искорка»,  «Гүлдер», «Балауса»,  «Балдәурен», «Нұр-Бөбек»,  «Ақдидар», «Ақбота»   бөбекжай-балабақшалары «Болашаққа цифрлық қадам»,  «Үздік интерактивті контент»,  «STQ Жарқын жұлдыз», «Қауіпсіз цифрлық балалық шақ», «Болашақ дағдылар бастауы», «Креативті контент», «Ақылды таным ортасы» номинацияларымен марапатталды. Сол секілді бірқатар жекеменшік  балабақшалардың да түрлі номинацияларға ие болғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар 2025-2026 оқу жылында аталған жоба аясында жасанды интеллектіні оқу-тәрбие үдерісіне енгізу бағытындағы тәжірибе алмасу семинарлары мен конференцияларында тәжірибе бөлісіп, заманауи технологияларды тиімді қолдануға белсене қатысып, үздік сабағымен көзге түскен мұғалімдер мен тәрбиешілер Қонаев қалалық білім бөлімі басшысының Алғыс хатын еншіледі.

Орайлы сәтті пайдаланып Қонаев қалалық білім бөлімі әдістеме орталығының бөлім басшысы Назым Исаеваға жолығып, бірауыз тілдескен едік.

 – Қазіргі цифрлық дәуірде жасанды интеллект – мұғалімді алмастыратын құрал емес, оның кәсіби мүмкіндігін арттырып, сабақты жоспарлау мен бағалауды жеңілдететін сенімді көмекші. Қонаев қаласының білім беру саласындағы маңызды қадам саналатын «Smart Teacher Qonaev – жасанды интеллект негізіндегі педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту» жобасы аясында барлық білім беру мекемесінде  ашық алаңдар өткен болатын. Ашық алаңдарда мұғалімдер теориямен шектелмей, сабақ барысында, тапсырма құрастыруда, кері байланыс беруде ЖИ құралдарын қалай тиімді қолдануға болатынын іс жүзінде көрсетті. Осы жобаның арқасында мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін жаңа деңгейге көтеріп, сабақ сапасын арттыратын және ұстаз уақытын үнемдейтін тиімді ЖИ шешімдерін анықтадық. Сонымен бірге қала мектептері арасында өзара тәжірибе алмасу мен кәсіби ынтымақтастық мәдениеті қалыптасты. Бұл жоба –  бір реттік шара емес, қаланың барлық білім беру мекемелерінде жалғасын табатын жүйелі жұмыс. Бұл алаңдарда жинақталған тәжірибе әрбір сыныпқа, әрбір сабаққа еніп, оқушылардың сапалы білім алуына қызмет етуі тиіс. Осы орайда заманауи, ізденімпаз әрі цифрлық технологияларды меңгерген жаңашыл мұғалім бейнесін қалыптастыруға үлес қосқан Қонаев қаласының барша педагогтеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді Назым Тұрсынғазықызы.

Марапат иелері мен білім саласына саналы ғұмырын арнаған ардагер ұстаздардың құрметіне Жетісу, Алматы облыстарына танымал «Руханият серілері» тобы, бірнеше хит әндердің орындаушысы, эстрада жұлдызы Мәлік Жамбылұлы ән-жырдан шашу шашты. Сондай-ақ көпшілік назарына «Дос-Мұқасан» ансамблінің әндерінен құралған попурри ұсынылды.

 «Smart Teacher Qonaev – жасанды интеллект негізіндегі педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту» жобасы шеңберінде өткен ашық алаңдарды қорытындылау мақсатындағы  салтанатты шара Қонаев қаласы ұстаздарының квартеті мен Ахмет Жұбанов атындағы №5 орта мектеп оқушыларының хоры орындаған «Рахмет сізге, ұстазым» әнімен қорытындыланды.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

↑