Соңғы уақытта азаматтардың сеніміне кіріп, өздерін құқық қорғау органдарының, банк қызметкерлерінің немесе басқа да мемлекеттік мекеме өкілдерінің қызметкері ретінде таныстыратын интернет алаяқтық фактілері жиілеп отыр.
Алаяқтар түрлі сылтау айтып, азаматтардың жеке мәліметтерін, банк картасының деректерін және SMS арқылы келген кодтарды алуға тырысады.
Осыған байланысты бірнеше маңызды ережені еске салғым келеді:
• Мемлекеттік органдар WhatsApp арқылы қоңырау шалмайды және телефон арқылы келген SMS-кодты сұрамайды.
• Егер сізге «шотыңызға қауіп төніп тұр», «ақшаңызды қауіпсіз шотқа аудару қажет» немесе «жақыныңыз қиындыққа тап болды» деген мазмұнда қоңырау түссе, сабыр сақтап, телефонмен сөйлесуді дереу тоқтатыңыз.
• Бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша ешқандай қосымша жүктемеңіз, белгісіз сілтемелерге өтпеңіз және телефонды қашықтан басқару мүмкіндігін бермеңіз.
• Банк картасының нөмірін, CVV-кодты, PIN-кодты және SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге айтпаңыз.
• Күмәнді жағдай туындаған кезде қоңырау шалған азаматтың сөзіне сенбей, ақпаратты өзіңіз ресми арналардан, тиісті мекемелерден қайта тексеріңіз.
Құрметті аудан тұрғындары, әсіресе егде жастағы ата-аналарыңыз бен жақындарыңызға осы ақпаратты жеткізіп, алаяқтықтың алдын алуға бірге атсалысайық.
Алаяқтар сізді асықтырып, қорқытып, жылдам шешім қабылдатуға тырысады. Сондықтан алдымен сабыр сақтаңыз және жеке мәліметтеріңізді ешкімге бермеңіз! Қырағылық таныту – өз қаражатыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін сақтаудың маңызды кепілі екенін есте ұстаңыздар!
Ержан СЕКСЕНБАЕВ,
Шелек полиция бөлімі ҚҚБ бастығы,
полиция майоры
