Перейти к содержимому
Басты бет / Ауыл шаруашылығы / Алматы облысында күріш орағы қызу жүріп жатыр

Алматы облысында күріш орағы қызу жүріп жатыр

98 қаралым

Алматы облысында күріш жинау науқаны қызу қарқынмен жүріп жатыр. Қазіргі таңда өңірдегі күріш алқаптарының шамамен 20 пайызы орылып, 4 мың тоннаға жуық өнім қамбаға құйылды. Алайда соңғы күндері жауын-шашынның жиілеуі егін жинау жұмыстарына өз әсерін тигізуде. Соған қарамастан шаруалар қара суық түскенге дейін науқанды аяқтап, мол өнімді ысырапсыз жинап алуға күш салып жатыр.

Айта кетейік, облыста күріш тек Балқаш ауданында өсіріледі. Биыл аудан шаруалары 5 мың гектардан астам жерге күріш еккен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 8 мың гектарға жуық болған. Яғни биыл күріш алқаптарының көлемі айтарлықтай қысқарған. Бұған ең алдымен су тапшылығы себеп болып отыр. Осыған байланысты жергілікті шаруалар суды аз қажет ететін мал азықтық дақылдарға басымдық бере бастаған.

Балқаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқановтың айтуынша, биыл күріш алқабы 2900 гектарға қысқарған. Су тапшылығының жыл сайын байқалуы шаруаларды жағдайға бейімделуге мәжбүрлеп отыр. Дегенмен биылғы күріштің өнімділігі жаман емес. Мамандар гектарына 40 центнерден жоғары өнім алуды жоспарлап отыр. Былтыр орташа өнімділік 41 центнер болса, биыл бұл көрсеткішті 42-43 центнерге жеткізу көзделуде. Қазір шаруашылықтарға қарай егін жинау жұмыстары әртүрлі деңгейде жүріп жатыр.

Ауданда күріш өсірумен айналысатын 40-қа жуық шаруа қожалығы бар. Бүгінде күріш алқаптарының 20 пайызы жиналып, алынған өнімнің 4 мың тоннаға жуығы қоймаға жеткізілген. Бақбақты ауылындағы «Бақанас-Астық» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі де науқанға белсенді қатысып отыр. Ғалымбек Әбдіқұлов басқаратын кәсіпорын тәулігіне 10 тоннаға дейін күріш ақтайды. Мұнда он шақты жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорын басшысы Ғалымбек Әбдіқұловтың айтуынша, зауыттағы құрал-жабдықтар жыл сайын жаңартылып, өндіріске заманауи технологиялар енгізіліп келеді. Өткен жылы күріштің сапасын арттыру мақсатында фотосепаратор сатып алынған. Жаңа құрылғының көмегімен күріштің арасындағы қара дәндер мен бөгде қоспалар сапалы түрде ажыратылады. Бұл дайын өнімнің сапасын арттырып, тұтынушыларға талапқа сай күріш ұсынуға мүмкіндік беріп отыр.

Диқандар үшін биылғы науқандағы басты қиындықтардың бірі – ауа райының қолайсыздығы. Жаңбыр жауған кезде алқаптағы топырақтың ылғалдануына байланысты ауыл шаруашылығы техникаларының жұмысы тоқтап қалады. Дегенмен шаруалар мұндай жағдайдың жыл сайын қайталанатынын айтады. Ауа райы мүмкіндік берсе, күріш орағын алдағы бірнеше күнде толық аяқтау жоспарланып отыр.

«Алатау – Ақпарат»

↑