Перейти к содержимому
Басты бет / Ауыл шаруашылығы / Алматы облысының шаруалары су үнемдеу арқылы өнімділікті арттырды

Алматы облысының шаруалары су үнемдеу арқылы өнімділікті арттырды

70 қаралым

Алматы облысының Шеңгелді алабында биыл картоп пен пияздан мол өнім жиналып жатыр. Шаруалар картоптан гектарына орта есеппен 25 тонна, ал пияздан 80-85 тоннаға дейін өнім алуда. Бұған су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу оң әсер еткен.

Шеңгелдідегі шаруашылықтардың бірі 15 жылдан бері картоп өсіреді. Мұнда жыл сайын 100-170 гектар алқапқа картоп егіліп, элиталық тұқым Германия мен Нидерландтан жеткізіледі. Биыл 100 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі енгізіліп, өнімділік гектарына 25 тоннаға жеткен. Жиналған картоп Алматыдағы базарлар мен ірі сауда орындарына жөнелтіледі.

Шаруашылық картоп егу, жинау және сұрыптауға арналған жаңа техникалармен де қамтылған. Техника сатып алуға жұмсалған қаржының 30 пайызы субсидияланған. Сонымен қатар шаруаларға арзандатылған жанар-жағармай беріліп, өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік жасалған.

Ал пияз өсіретін шаруашылықтар тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін қатар пайдаланады. Нәтижесінде биыл әр гектардан 80-85 тонна өнім алынған. Дегенмен су мен электр энергиясының қымбаттауы дәстүрлі суару тәсілін пайдаланатын шаруаларға салмақ түсіріп отыр.

Шеңгелдіде бұрын пияз 2 мың гектарға дейінгі аумаққа егілсе, биыл бұл көрсеткіш 450 гектарды құрады. Бұған шаруалардың өткен жылдардағы шығындары себеп болған. Атап айтқанда, екі жыл бұрын 11 мың тонна пияз қоймада шіріп, шаруалар едәуір шығынға ұшыраған. Осыдан кейін кейбір шаруашылықтар жүгері мен жоңышқа секілді мал азықтық дақылдарға басымдық бере бастаған.

Қазір Шеңгелді алабындағы суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Жалпы аумағы 16 мың гектар суармалы алқаптың былтыр 8 мың, биыл 12 мың гектары игерілді. Биыл оның 2 мың гектарында су үнемдеу технологиялары қолданылды.

«Алатау – Ақпарат»

↑