Ауылдың қазыналы қарттары елдің өткені мен бүгінін жалғаған тірі шежіре. Осындай елге сыйлы, көпті көрген, ұрпаққа өнегесімен жол көрсетіп келе жатқан ардақты жандардың бірі – бүгінгі әңгімеміздің арқауына айналып отырған Бишан Нұрзаққызы.
Бишан шешеміз 1937 жылы 27 маусымда Қытай Халық Республикасының Тоғызтарау өңірінде дүниеге келген. Балалық шағы осы өлкеде өтті. 1955 жылдың қысында Жүнісбай әкемізбен шаңырақ көтерді. Тұңғыш ұлы Айтқожа 1958 жылдың сәуірінде дүниеге келді. Ділдәхан анамыз әже атанып, немере сүйді.
«Бақыт бағалағанның басында, қадірлегеннің қасында тұрады» демекші, жас жұбайлардың берекелі отбасына Қыдыр дарып, бақ қонды. 1959 жылы туған жерге оралды. Тоғызбұлақ ұжымшарына қоныс теуіп, мал шаруашылығын өркендетуге өз үлестерін қосты. Мәуелі бәйтеректей үлкен шаңыраққа айналды. Дүниеге он ұл, бес қыз әкелді. Оларға үлгілі тәрбие берді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Өрісі кеңейіп, өркені өсті.
Біз ауылда Әліқұловтар әулетімен көрші тұрдық. Бишан шешеміздің енесі Ділдәхан әжемізді көзіміз көрді. Қызы Келерхан екеуміз сыныптас болдық. Шешелеріміз бен жеңгелеріміз ұжымшардың қауырт жұмысына қарамастан ұршық иіріп, жүн түтті. Қолдары қалт еткенде киіз басып, сырмақ тігіп, алаша тоқуды да ұмытпады.
Жазда шаруашылықтың шөп шабу науқаны басталады. Ауыл адамдары тыным таппайтын. Сол кезде менің жеңгем Ырысжан мен Бишан апа шағын наубайханада еңбек етіп, жұмыскерлердің далақосын ыстық нанмен қамтамасыз ететін.
Әліқұловтар әулеті – Жайдақбұлақ ауылындағы бақ қонған киелі шаңырақ. Әуелі Жүнісбай әкемізден бастасақ, ол қанша ауыр жұмыс атқарып жүрсе де, қиындыққа мойымады. Нағыз серіге тән өмір сүрді. Жүйірік ат та мінді, су жорғаларды да тақымдады. Артында ұрпағына үлгі болар жақсы аты қалды. 2003 жылы дүниеден озған Жүнісбай әкеміздің жарқын бейнесі бүгінде әулет жадында сақтаулы.
Отағасының өнегелі қасиеттерін Бишан шешеміз қыз-келіндеріне үнемі айтып, отбасындағы ер-азаматтың қадірін, шаңырақтың берекесін бағалауды ұғындырып отырады. Оның әрбір сөзі – өмірден түйген тәжірибеден туған тағылым. Шешеміздің айрықша ұстанымының бірі – «Ұзатылған қыз шиден тысқары» деген қағидасы. Қыз – жатжұрттық. Ұзатылған соң оның өз шаңырағы, өз отбасы, өз ошағы бар. Сондықтан Бишан шешеміз қыздарының барған жеріне сыйлы келін, ибалы жар болып, жаңа әулеттің берекесін арттырғанын қалайды. Келін мен ене арасындағы сыйластықты, отбасы ішіндегі жарасымды бәрінен жоғары қояды.
Бишан шешеміздің тағы бір берекелі кәсібі – жаз бойы бие байлап, қымыз ашытуы. Бал қымыздан бір ұрттаған жан таңдайынан дәмі кетпей, қайта-қайта аңсары ауып тұрады. Бұл өнерді қыз-келіндері де бойларына сіңіре білді. Жуырда Жалағаш ауылдық округінде тоқсанға таяп қалған Бишан Нұрзаққызымен кездесу кеші өтті. Кеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркінбек Қалқаев шешеміздің тағылымға толы өмір жолын әңгімеледі. Кеш барысында аудандық аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Дәмежанқызы аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Осындай аналардың ғибратты ғұмырын өнегелеу арқылы ұлттық тәрбиенің тамыры тереңдеп, ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауы беки түсері анық.
Советбек Дүйсенбаев
Жайдақбұлақ ауылы,
Кеген ауданы
