Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Белсенді өмірдің берері мол

Белсенді өмірдің берері мол

149 қаралым

Белсенді ұзақ өмір орталығының Талғар аудандық филиалы өткен жылдың ақпан айында өз жұмысын бастады. Зейнеткерлерге салауатты өмір салтын насихаттап, шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында құрылған орталық бүгінгі таңда 300-ден астам қызмет алушысы бар үлкен ұжымға айналды.

Орталыққа тіркелушілердің басым бөлігі – Талғар қаласының және оған жақын орналасқан ауылдық округ тұрғындары. Алматы облысының барлық ауданында мұндай орталық толық ашылған. Ал Талғар ауданы филиалы қарттарды ең көп қамтып отыр. Ауданда жалпы 27 мыңнан астам зейнеткер бар болғанымен, шалғай ауылдық округте тұратын қарттарға мұндағы игілік қазірше қолжетімсіз. Себебі жол алыс, келіп-кету қолайсыз.
Бүгінде орталықта 10 түрлі қызмет тегін көрсетіледі. Атап айтсақ би, хор-вокал, скандинавиялық жаяу жүру, цигун, йога, тоғызқұмалақ, еңбек терапиясы, IT сауаттылығы, емдік дене шынықтыру. Сонымен қатар психолог пен медбике де қарттардың психологиясы мен денсаулығын қадағалап отырады. Мұнда белсенді әжелер тобы құрылған. Олар аудан көлеміндегі ауқымды шараларға атсалысып жүр. Хор-вокал нұсқаушысы Берікбол Байбосынның жетекшілігімен құрылған «Талғар толқыны» ансамблі мерекелік кештердің көркіне айналды. Тек вокал қызметін алу үшін алыстан арнайы келетін апаларымызға қалай сүйсінбейсің?! Айтжамал Әбдірешқызы жүргізетін психоло­гиялық сағатта өмірдің өзі шыңдаған кейуаналар бір жылап, бір күліп, іштегісін ақтарып серпіліп қалады.
Осы бір жылда орталығымыз көптеген жетістікке қол жеткізді. Өткен жылы орталықта өткен байқауда би тобы «Үздік би ұжымы» атанса, психологтар арасында өткен байқауда Айтжамал Нұрбатырова бас жүлдені иеленді. Биыл сәуір айында орталығымыздың бір жылдығы салтанатты түрде аталып өтті. Сахнада әуелетіп ән салып, шабыттана билеген әжелер көрермендерін таң қалдырды. Сондай-ақ бұл ұжым жыл сайын жаз мезгілінде облысымыздың аумағындағы көркі көз сүріндіретін демалыс аймақтары мен Алматы қаласындағы мұражайларға танымдық саяхат жасауды ұмытпайды. Өткен жылы қараша айында 17 қызмет алушы Біріккен Араб Әмірліктеріне барса, осы жылы Әзербайжан елін көріп қайтты. Олардың айтуынша, әлемді құрбылармен бірге аралау қызықтырақ. Наурыз айында Алатау қаласында ардагерлер арасында тоғызқұмалақтан өткен жарысқа әжелеріміз қатысып, жүлделі орынға қол жеткізген. Нақтырақ айтсақ, Айсара Сыпатаева 2-орын, Бақыт Егінжанова пен Әлима Шоранова 3-орын иеленді. Бұл нәтиже олар үшін үлкен жеңіс. Жасы үлкен болса да үйренуден жалықпаған, қажыры қайтпаған асыл әжелер – жас ұрпақтың үлгісі.
Бүгінде орталықтың басшысы қызметін атқарғаныма жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде түсінгенім, қарттарға қоғамның, отбасы мүшелерінің қамқорлығы аса қажет. Әрине, мұны айта салу оңай, дегенмен жан жүрегіңмен түсіну басқаша сезім. Мынау қарбалас заманда олардың неге мұқтаж екенін байқамайды да екенбіз. Тіпті, жалғыз тұратын қариялардың көп екенін аңғардым. Олар осы орталықтың ашылғанына дән риза. Басында түрлі диагнозбен келгендер денсаулығындағы өзгерістерді қуана айтады. Сондай-ақ қарттар ауданымызда өтетін маңызды іс-шараларға белсене қатысып, өмір бойы жинаған тәжірибелерінің қоғам үшін маңызды екендерін дәлелдеп отыр.
Орталықтың жұмыс сапасын арттыру мақсатында психологиялық қолдау апталығы, қарттар айлығы, ашық есік күні сынды ауқымды шаралар ұйымдастырылып тұрады. Аналар кеңесі, Жастар ресурстық орталығы сынды мекемелермен бірлесе жұмыс атқарып, жас ұрпаққа ұлттық құндылығымыз бен салт-дәстүрімізді дәріптеуден жалыққан емес. Шабыт пен қуанышқа толы белсенді өмір сүргісі келетін зейнеткерлерге есігіміз әрқашан ашық.

Зорагүл Әбдіқадір,
Белсенді ұзақ өмір орталығы Талғар аудандық филиалының
басшысы

↑