Перейти к содержимому

Бояуға жан бітірген

46 қаралым

         Ауызекі тілде «Ақындар мен батырлар елі» атанған Алматы облысының Жамбыл ауданы өнер адамдарынан қашанда кенде болған емес. Бұл топырақтан талай ақын-жыршы, мәдениет майталманы шыққан. Солардың бірі – бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған Әуелбек Ысқақ.

         Әуелбек Мұсаханұлының  негізгі мамандығы – суретші. Алайда қылқаламмен қатар суырыпсалмалық қыры да бар. Кезінде айтыс өнерінің жалауын желбіреткен Әлімқұл Жамбылов, Надежда Лушникова, Есенқұл Жақыпбеков сияқты ақындармен бірге талай сөз сайысына түскен.

         Ол 1959 жылы 21 ақпанда қазіргі Үмбетәлі ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетін бітірген. Еңбек жолын туған ауылындағы Ү.Кәрібаев атындағы мектепте сурет және сызу пәнінің мұғалімі болып бастап, кейін аудандық білім бөлімінде әдіскер, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2011-2023 жылдары Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың әдеби-мемориалды музейін басқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін өзінің бала күнгі жүрек қалауына қайта оралып, шығармашылықпен айналысып, жас ұрпаққа сурет өнерінің қыр-сырын үйретіп келеді. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Көркемсурет академиясының мүшесі, Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі, үздік өлкетанушы. Бірнеше облыстық және республикалық көрмелерге қатысқан. Оннан астам ақын-жазушының кітабына графикалық иллюстрация жасаған. Алты поэзиялық кітаптың авторы. Көркемсурет академиясының жоғары наградасы – «Ұлы елдің тарандысы» төсбелгісінің иегері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

        

↑