Перейти к содержимому

ЕҢБЕК ЖОЛЫН АУЫЛДАН БАСТАДЫ

108 қаралым

Биылғы оқу жы­лын­да Райымбек ауданы Қақпақ ауылының тумасы Ермұрат Болатбекұлы өзі түлеп ұшқан Жәмеңке орта мектебінде педагог-психолог болып еңбек жолын бастады. Жас маман адамның мінез-құлқы мен ішкі жандүниесінің қыр-сырын тануға бала кезінен қызыққан. Ермұраттың айтуынша, ауыл мектебінде мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы өзара түсіністік пен байланыс жақсы жолға қойылған.

Шекаралы өңірдегі халықтың білім саласында еңбек етуі тәуекелге бел байлау мен белгілі бір ұстанымдарды талап етеді. Әсіресе жастар үшін сирек қабылданатын шешім. Дегенмен өткен жылдармен салыстырғанда, бүгінде ауылға ат басын бұрып, білім саласында еңбек етуге ниетті жастардың қатары артып келеді. Оған әсер етуші фактор ретінде аудандағы жаңа өзгерістерді айтуға болады. Ермұраттың ауылға келуіне мектеп ұжымы дән риза. Ата-анасы осы ауылда тұратындықтан, ол үшін баспана мәселесі туындай қоймады.
Кей жағдайда тәлімгерлік мәселесі тек қағаз жүзінде қалып қойып, соның салдарынан жас маман бірқатар қиын­дыққа тап болып жатады. Бұл тұрғыда Ермұрат Болатбекұлын жаңа жұмысқа баулыған тәлімгерге ешқандай сын айта алмаймыз.
Ауданының білім саласының дамуына үлес қосуға келген тағы бір жас маман – Аружан Қанатқызы. Ол 2004 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қайнар академиясын психолог-педагог мамандығы бойынша бітіріп, Сағат Әшімбаев атындағы орта мектепке қызметке орналасты. Адам жанын түсініп, оған кәсіби қабілетінің арқасында ық­пал етіп, мамандығының мақтанышына айналуды көздейтін Аружанның алдағы уақытта ауылда тұрақтап қалу ниеті де жоқ емес.
Мектепте оқушылардың білім алуымен қатар, қалыпты балалық шақты бастан өткеруі – мінез-құлқының орнықтылығы психолог маманның жауапкершілігінде. Оның басты міндеті – баланы қорғау, оқушының сана-сезіміне әсер ету.
Ермұрат пен Аружан сынды жас мамандардың еңбек жолын шалғайдағы елдімекенде бастап, келешекте ауыл әлеуетін көтеруге үлес қосуға деген ниеттері жан сүйсіндіреді. Олай болса, қос маманның білім атты үлкен жолға басқан қадамдарына сәттілік тілейміз.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы

↑