Есірткі мәселесі де өзгеріп жатыр. Бұрын заңсыз заттарды тарату көбіне жасырын ортада жүрсе, бүгінде интернет пен цифрлық платформалар есірткі бизнесінің құралдарының біріне айналып отыр.
Сондықтан есірткі қылмысына қарсы күрес тек есірткіні тәркілеумен шектелмейді. Оның алдын алу, жастарды қауіпті ортадан қорғау, интернеттегі заңсыз жарнаманы анықтау және есірткі бизнесінің қаржылық әрі ұйымдастырушылық байланыстарын үзу де маңызды.
Қазақстанда 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жоспар қабылданған. Құжат профилактикадан бастап ерте анықтауға, цифрлық шешімдерге және халықаралық ынтымақтастыққа дейінгі бағыттарды қамтиды.
Алайда ең маңызды мәселе – адамның тағдыры. Бір рет қызығушылық таныту, күмәнді ұсынысқа келісу немесе «оңай ақша» үшін заңсыз тапсырма орындау ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Сондықтан жастармен ашық сөйлесу, есірткінің қаупін түсіндіру және күмәнді ортадан дер кезінде алыстатуға көмектесу – жазалаудан бұрын жасалатын ең маңызды профилактиканың бірі.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
