Ел бойынша бір мезетте бастау алған, рухани дүниемізді байытар «Kitap Time» фестивалі Шиен ауылдық Мәдениет үйінде кітапханашылардың ұйымдастыруымен ерекше форматта өтті.
«Kitap Time» мерекесінің құрметті қонағы қазақ поэзиясының нәзік иірімдерін жүрекке жеткізіп жүрген ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты, шығармашылық әлемі сырға толы Роза Сейілхан болды.
Роза Айтжанқызы – қазақ поэзиясында нәзік те сыршыл лирикасымен өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білген ақын. Оның жырлары таң шығындай мөлдір, лиризмге, көркем кестелі тіркестерге мейлінше бай. Жаны нәзік ақын өмірді батыл әрі еркін жырлайды, әр өлеңі шынайылыққа толы. Оның қаламынан туған жырлар тек кітап бетінде қалып қойған жоқ, қазақ эстрадасының алтын қорына айналған әсем әндерге айналды. Оның ішінде «Жеңеше», «Ән салшы, Роза» туындылары ел ішінде кең таралған. Ақынның «Ән салшы, Роза» өлеңіне жазылған Роза Әлқожаның әнін Шиен ауылдық Мәдениет үйінің директоры Роза Сайлаубайқызы көрермендерге тарту етті.
Әр адамның өмір жолы – өз алдына бір кітап. Ал сол кітаптың әрбір бетінде балалық шақ, арман, ізденіс, еңбек пен жауапкершілік жатыр. Кездесу барысында ақын осы тұрғысында ой толғап, өзінің өлең-жырларын оқыды. «Қазыналы құдықтың» ішінде жасырылған сұрақтарға да жауап берді.
Кешке келген қонақтар да ақынның шығармашылығы туралы пікірлерін ортаға салып, жылы лебіздерін білдірді.
Кітап – адамзат баласының ғасырлар бойы жинақтаған асыл қазынасы, сарқылмас білім бұлағы болса, поэзия – жүректің үнін сөзбен жеткізетін ғажайып әлем. Бұл күнгі кеште осыған көз жеткізе түстік.
Индира Асылбекова,
Шиен ауылдық кітапханасының меңгерушісі
Жамбыл ауданы
