Перейти к содержимому

ХАЛЫҚ СҮЙГЕН ЖУРНАЛИСТ

195 қаралым
Қанат Біржансал

Күні кеше ғана мына жарық дүниені бірге басып, қоян-қолтық араласқан мен үшін аттас әрі әріптес болып кеткен Қанат Біржансаловтың орны айрықша бөлек еді. Туған бауырымдай көретін оның біртоға мінезі, салмақты бейнесі, өзгермейтін қарапайымдылығы көз алдымнан кетпейді. Қазір ойлап қарасам, оның жандүниесінде және жаратылысында жарқырап жатқан адами асыл қасиеттердің тұнбасы болыпты. «Жақсы адамдарға мына дүние неге таршылық жасайды, неге ол маңдайымызға сыймай кетті?» деген сан сауал шырмауында қалып, ішімізді өкініш өртейтінін қалай жасырып, жабайық?! Мұның өмір заңдылығы екені де анық. Қанатпен қайнаған өмірде бастан кешкен жайттарымыз өте көп еді.

Өткен ғасырдың 70-жылдарының бел ортасы болатын. Мектеп бітіргеннен кейін Байынқол аңғарындағы геологиялық барлау экспедициясында жұмыс істеп жүрген кезім. Алтын үшін жер астынан шығарылған жылтыраған тастарды қап-қабымен көліктерге тиеп беретінбіз. Ол тастар аптасына бір-ақ рет шығарылатын. Қалған күндеріміз бос уақытпен өтетін. Жайдан-жай қарап жата алмайсың. Қақпақтағы нағашыларымның ауылын сағынып жүргенмін. Бір күні тәуекелге бел буып, солай қарай тартып кеттім. Ауылдың орталығынан автобустан түсіп, сәл-пәл аялдап тұрдым да, нағашым Жылқышы ағаның үйін бетке алып, жүріп келе жатқанмын. Бір кезде артымнан атымды атап, ағалаған тосын дауысты естіп, тосылып тұрып қалдым. Қарасам, сымдай тартылған әп-әдемі жігіт: «Аға, сіз Қанат Тәкебаев емессіз бе? Сізді «Советтік шекара», «Жетісу» газеттеріне жазған мақалаларыңыз бен өлеңдеріңіз арқылы жақсы білемін. Мен Қанат Біржансалов деген ініңіз боламын. Осы Қақпақта тұрамын. Танысқаныма қуаныштымын, аға», – деп өзі жайлы біраз әңгіменің басын қайырып тастады. Мен де қарап тұрмай: «Ой, Қанат, бауырым, екеуміз аттас екенбіз. Жазу жағынан сен де құралақан емес екеніңді білемін. Аудандық газетке жазғандарыңды оқып жүрмін. Болашақ журналистің нақ өзі болып шығасың», – деп оған деген шынайы тілектестігімді білдірдім.
Сол кезде Қанат Коммунизм атындағы кеңшар комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарыпты. Ол адами қасиетімен баурап алды. Бойына біткен ұстамдылығы, биязылығы, мәдениеттілігі, сабырлылығы айдан анық көрініп тұрды. Аңқылдаған ақжарқын мінезімен үйіне шақырды. Қалай қарсылық жасайсың? Үйіне бардық. Бізді қарт анасы қарсы алды. Ол анасы екеуі там үйде тұрады екен. Шкафында жинақтап қойған кітаптары жетерлік. Солардың бәрін оқып тастағаны көрініп тұр. Менің сол кітаптарға қадалып қарап тұрғанымды көрген ол: «Менің оқып тастаған кітаптарым осылар. Нарынқолға барған сайын құры қол қайтпаймын. Кітап дүкенінен біраз кітап алып қайтамын. Сол кітап дүкені жақсы ғой. Жаңа кітаптар жиі түсіп тұрады», – деп оқып тастаған кітаптарының мәні мен мазмұнын әңгімелеп кетті. Оның сондағы кітап оқудағы құнттылығы мен ұқыптылығы, аспай-саспай айтқан айызыңды қандырар айшықты әңгімесі әлі күнге дейін құлағымда.
Қанаттың сондағы айтысына қарағанда, ол мектеп бітіргеннен кейін кеңшардағы қара жұмыста, құрылыс нысандарында еңбек етіпті. Кеңшардың комсомол хатшысы болып жүргеніне біраз уақыт болыпты. Оның сол кезде өзінің комсомол өмірінен және алдыңғы шепте жүрген жастар туралы жазған мақалаларын жиі оқитынмын. Кәнігі журналистер сияқты қандай тақырыпты болсын ойнатып жазатын.
Бір күні аудандық газеттің бас редак­торы Дәулет Желдікбаев аяқасты жиналыс өткізді. Оның мәнісін әңгіме барысында санамызға тоқып алдық. Ол әңгіме Қақпақта тұратын Қанат жайында еді. Соны қызметке алсам деген көптен бері көкейінде жүрген ойын көпшілікке жайып салды. Қанат жайлы әңгіме қозғалғанда ешкім қарсы тұра алмады. Қайта көпті көрген, тәжірибелі журналистер Қыдырбек Нүсіпәлиев, Еркін Ібітанов, Әбітай Әденов, Айтақын Әбдіқалов, Алдаберген Жандаралов, Рысбек Сүгірбековтер шеттерінен Қанаттың қабілетті журналист екенін айтты. Сөйтіп, ол газет жұмысына белсене араласып кетті. Оған сенім артып, редактор жиі іссапарға жіберетін. Сонда ол қарсылықсыз қабыл алып, жіберген жағына ың-шыңсыз кете беретін. Өмір болған соң өзгеріс бар. Алпысыншы жылдардың аяғында шекаралы аймаққа байланысты аудандық радио хабарларын тарату редакциясы ашылған еді. Оның алғашқы күндерінен мен 8-сыныптың оқушысы болсам да, диктор-машинисткалық жұмысқа конкурстан сүрінбей өтуімнің арқасында жұмысқа қабылдандым. Бара-бара редактор болдым. Осы жұмыста жүргенде мені аудандық халықтық бақылау комитетінің орынбасарлығына шақырды. Ол кезде партбилеті бар адам ештеңеден тартынбай, бара беретін. Сонда Қанат аудандық радио редакциясының редакторы болып тағайындалды. Ол сол уақыттарда газетте фотокорреспондент болып жүрген Жұмабек Тұрдиев екеуі ҚазМУ-дың журналистика факультетіне сырттай түсіп, студент атанып жүрген кездері еді. Жұмабек Текес ауылынан барып, келіп істейтін. Екеуінің қашан болсын жұптары жазылмайтын. Үнемі бірге жүрді. Сол сияқты газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Рысбек Сүгірбеков автостанса жақта тұратын. Жұмыс аяғында үшеуі бірге қайтатын. Рысбек Қанатқа да, Жұмабекке де өзінің ұшан-теңіз тәжірибесінен көп нәрсені үйреткенін көзімізбен көрдік. Ол екеуі де Рысбекті туған ағаларындай қатты қадірлейтін.
Сол жылдары ауданның тарап кеткені кімге болсын, оңай тиген жоқ. Газет жабылып қалды. Атауы өзгермей, Кегеннен шығып жатты. Сол уақытта аудандағы журналистер қауымы қайда барарын білмей, абдырап қалды. Қанат та жұмыссыз ауылында жүрді. Бірақ кейіннен Кеген, Райымбек аудандық және Алматы облыстық «Жетісу», «Алатау арайы» газеттерінің меншікті тілшісі болып, ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Өмірінің соңына дейін осы газеттерде жүріп, шынайы журналист екенін танытты. Оны облыс оқырмандары жоғары бағалады.
Бір айта кететін жайт, осы облыстық газетте меншікті тілші болып жүрген кезінде Қанат қазақ журналистикасындағы өзінің өзгеге өнеге боларлық, ауыз толтырып айтарлық қомақты қолтаңбасын қалдырды. Оның Кеген мен Райымбек аудандарынан өзекті мәселе бойынша ұйымдастырған беттері ешкімді де бей-жай қалдырмайтын. Қандай мәселені көтерсе де, жеріне жеткізіп жазатын. Әсіресе, проблемаларды көпшіліктің алдына көлденең тартқанда да, білермендігі мен сауаттылығы адам баласын тартып тұратын. Сондай-ақ екі аудандағы бетке ұстап жүретін беделді адамдар жайлы эсселері мен очерктерінде еркін көсілетін. Кейде оның нөмір сайын жазғандары жарияланып жататын. Сонысымен ол халықтың шексіз алғысына бөленіп, абырой арқалады. Жанкешті журналистік еңбегі үшін талай рет лайықты марапаттарға ие болды. Қазақстан Жазушылары мен Журналистері одағына мүшелікке өтті. Кітаптары шықты. Оның жазған өлеңдерін, басқа да шығармаларын тебіренбей оқу мүмкін емес.
Міне, халық сүйген журналист, қаламгер Қанат Біржансаловтың дүниеден қайтқанына да үш жыл өте шығыпты. Оның арамызда жоқтығы әлі күнге дейін қабырғамды қайыстырады. Тағдырдың жазуына қолдан келер шара жоқ. Тірі адам тіршілігін жасай береді. Қанаттың соңында қалған отбасы өсіп, өркендеу үстінде. Ұл-қыздары тәлім-тәрбиенің орны бөлек өнегесін көрсетіп, халықтың бел ортасында жүр. Біз соған қуанамыз. «Қанаттың балалары» деген атқа шаң жуытып көрген емес. Осы жерде орайы келіп тұрғанда, Қанаттың қызы Индира жайлы ерекшелеп айта кеткен артық болмайды. Ол – Қанаттың жолын жалғастырып келе жатқан жас журналист. Мен сөзімнің соңында Қанат қаламдасымды емірене еске ала отырып:
Үш жыл өтті сен кеткелі арадан,
Халық саған қадірлеумен қараған.
Тірлігіңде жасап кеттің талайды,
Кетпей жүр ғой кереметің санадан.

Жазу десе, жан салмадың бөгелмей,
Көрінуші ең әрқашанда шебердей.
Жарқыратып бәрін жаздың қаламмен,
Жер жоқ саған Райымбек пен Кегендей!

Жастығыңда жалындатып от өрдің,
Басқа түскен бейнетті де көтердің.
Журналистік тұғырың да биіктеп,
Өткізбедің өміріңде бекер күн.

Өмір деген бұза алған жоқ ырғағын,
Көріп жүрміз күнделікті зырлауын.
Жанымызға батады ғой көргенде,
Сенің орның үңірейіп тұрғанын,
– деген өлең жолдарымен сағынышқа толы мақаламды түйіндемекпін.

Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты,
Алматы облысының және Райымбек ауданының Құрметті азаматы

↑