Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Іле өзені жағалауындағы сенбілікке 27 мыңнан астам адам қатысты

Іле өзені жағалауындағы сенбілікке 27 мыңнан астам адам қатысты

102 қаралым

10 қазан күні «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Алматы облысында кезекті жалпы облыстық экологиялық акция өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша сенбілікке 27 923 адам қатысып, 411 тонна қоқыс жиналып, 449 гектар аумақ тазартылды. Жыл басынан бері өңірде осындай 34 экологиялық акция ұйымдастырылып, оған 825 мыңнан астам тұрғын атсалысқан. Нәтижесінде 20 мың тоннаға жуық қалдық шығарылып, 104 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. Бұл жолғы тазалық жұмыстарында Қарасай, Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының, сондай-ақ Алатау және Қонаев қалаларының тұрғындары белсенділік танытты.
Ауқымды экологиялық шара нақты істер мен игі бастамалар арқылы жалғасын табуда. Соның ішінде сенбі күнгі акцияның ең әсерлі әрі тағылымды шараларының бірі Іле өзенінің жағасында өтті. Мұнда еріктілер бірлестіктері, белсенділер мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бірлесіп, «Іледегі үлкен сенбілік» акциясын ұйымдастырды. Табиғатты қорғауға бейжай қарамайтын азаматтар өзара күш біріктіріп, өзен жағалауын қоқыстан тазартуға кірісті. Акцияға түрлі ұйымдардың еріктілері қатысты. Алматы қаласынан екі автобус ерікті келсе, Қонаев қаласынан тағы бір автобуспен қатысушылар қосылды. Бұл бастама табиғатқа жанашырлық танытудың ортақ міндет екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Жұмыс басталмас бұрын қатысушыларға қоқысты жинау тәртібі түсіндірілді. Өйткені акцияның басты мақсаты тек аумақты тазарту емес, қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды дұрыс сұрыптап, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту болды.
– Біз қоқысты бір жерден екінші жерге көшірумен ғана шектелетін тәсілден әлдеқашан бас тарттық. Мұндай әрекет мәселені шешпейді, тек оның орнын ауыстырады, – дейді EcoJurek экологиялық қауымдастығының жетекшісі Марина Яцун.
– Пластик, алюминий және шыны қалдықтарын сол жерде сұрыптау арқылы оларға екінші өмір сыйлап, табиғатқа нақты пайда келтіреміз. Бүгін үш қап жүйесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз: пластик бөтелкелер мен алюминий банкалар қара түсті қапқа, шыны қалдықтары ақ түсті қапқа, ал өзге тұрмыстық қалдықтар үшінші қапқа салынады. Жиналған қайта өңдеуге жарамды материалдар серіктес кәсіпорындарға жөнелтіледі.
Іле өзенінің жағалауы алдын ала алты секторға бөлініп, әр бөлікке жауапты адамдар бекітілді. Қатысушылар топтарға бөлініп, жұмысқа қажетті қолғаптармен, қаптармен және қол жетуі қиын, тікенекті бұталардың арасындағы қоқысты жинауға арналған арнайы қысқыш таяқшалармен қамтамасыз етілді.
– Мен қандай да бір ресми ұйымның өкілі емеспін. Әлеуметтік желілердегі чаттар арқылы адамдарды біріктіріп, еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосуға тырысамын, – дейді Алматы облысындағы халықтық бақылау белсендісі Серік Архат.
– Бізге серіктестеріміз қолдау көрсетіп, су, азық-түлік, қаптар мен қажетті құрал-жабдықтар әкелді. Біз мұнда жай ғана өзен жағасын тазалауға емес, қалдықтарға екінші өмір сыйлауға келдік. Айналаға қараңызшы, Алматы қаласы мен бүкіл Алматы облысының тұрғындары бір мақсат жолында осы жағалауда бас қосты, – деді ол.
Акцияға жастармен қатар, аға буын өкілдері, Lider.kz ұйымының іздестіру жұмыстарына қатысатын еріктілері және басқа да волонтерлік бірлестіктердің мүшелері қатысты. Олар қоқыс жинау барысында өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Ортақ іске жұмылған азаматтардың арасындағы жылы қарым-қатынас пен ауызбіршілік шараның ерекше атмосферасын қалыптастырды.
Бастамаға Қонаев қаласының байырғы тұрғындары да ықыласпен қосылды. Қатысушылардың бірі сенбілік барысында гүлдеріне тыңайтқыш ретінде пайдалануға болатын табиғи қалдықтарды да жинап үлгергенін күлімсірей жеткізді. Оның айтуынша, айналаның таза болуы – атқарылған еңбектің ең үлкен жемісі.
Іле жағасындағы тазалық жұмыстары аяқталған соң, еріктілер жиналған қоқыс салынған қаптардың аузын мұқият байлап, арнайы техникаға ыңғайлы болу үшін жол жиегіне орналастырды. Қаптар шамадан тыс толтырылмай, қалдықтардың желмен ұшып кетпеуіне де назар аударылды. Бұл – табиғатты қорғауда тек тазалық жұмыстарының өзі ғана емес, әрбір істі жауапкершілікпен атқарудың да маңызды екенін аңғартатын көрініс.
Іле өзенінің жағасында өткен бұл игі шара қоршаған ортаны қорғау әр адамның күнделікті дағдысына айналуы керектігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Табиғатқа жанашырлық таныту үлкен істен емес, әркімнің өз ортасын таза ұстауынан басталады. Бірігіп атқарылған шағын істердің өзі үлкен өзгеріске жол ашады. Ал туған жердің тазалығы үшін жұмылған жандардың ниеті мен еңбегі – келер ұрпаққа қалдырар құнды өнеге.
Алтынай СЕЙІТКЕН

↑