Қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қарамау – әр азаматтың жауапкершілігі. Әсіресе, азаматтық қаруды сақтау мен пайдалану кезінде заң талаптарын қатаң сақтау маңызды. Өйткені қаруға қатысты қарапайым ережелердің бұзылуының өзі адам өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Осы мақсатта ағымдағы жылдың 5 қазанынан 5 қарашасына дейін Алматы облысы Ұйғыр ауданы аумағында өтіп жатқан «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері азаматтық қаруы бар тұрғындардың тұрғылықты мекенжайларына барып, қаруды сақтау және алып жүру тәртібінің заң талаптарына сәйкестігін тексеруде. Сондай-ақ рұқсат құжаттарының жарамдылығы, қарудың арнайы сейфте сақталуы мен қауіпсіздік ережелерінің орындалуына назар аударуда.
Тексеру барысында қару иелеріне қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, қаруды сақтау және пайдалану кезінде сақтық шараларын ұстанудың маңызы ескертілуде. Мұндағы басты мақсат – заң бұзушылықтардың алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы

