Перейти к содержимому

Қосағаштағы қайғылы оқиға

103 қаралым

1929 жылы қараша айының 26-сы күні Жаркент уезінің 49-бөлімшесіне қарайтын Қосағаш деген жерде аяқ астынан оба ауруының ошағы пайда болады. Аталған елдімекен Жаркенттен 70 шақырым, Қырғызсайдан (Подгорное) 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Аумағы 3 мың шақырымды құрайтын жерде 302 жан тіркелген, 60 отбасы қыстап жатқан болатын. Негізінен Албанның Қожбанбет руының Қосқұлақ атасындағы Бөрте ауылы мен Батыршаның Есентай атасының адамдары араласып қатар тұрған. Сонымен бірге Жарты, Шажа, Қоңырбөрік руларының да біраз аталары қыс-қыстап, жайлауға көшкенге дейін қанаттас отырған. Бұл мекен-тұрақтың қысы жеңіл әрі шипалы бұлақтары көп, мал-жанға жайлы, шөбі шүйгінді. 1928-30 жылдары аталған аймақ аз уақыт болса да, Қарқара ауданының құрамына кірген. Осы уақытта қазақ даласының барлық аймағында ірі байларды кәмпескелеу науқаны қызып жатқан еді. Сол жылғы оқиғаның қорқынышы күні бүгінге дейін ел есінен шықпағаны былай тұрсын, обаның вирусын анықтайтын мамандардың өзіне құпиясын ашпаған күйі тарих қойнауына кетті.

Аурудың алғашқы құрбаны Оразбай Атақожаұлының ауылынан шығады. Оразбай – осы өлкеге белгілі ірі байлардың бірі. Көзі ашық, көкірегі ояу адам болған. Арғы жұрты да осалдан емес. Мәселен, күні бүгінге дейінгі «Оразбайдың тамы», «Оразбайдың текшесі», «Оразбайдың жайлауы» деп аталатын жер-су атауларын атасақ та жеткілікті. Оқиғаның орын алуына себепші болған жағдай, аталған ауылдан 60 шақырым қашықтықтағы тауға отын алуға барған әйел екі баласымен қайтып келе жатып, жол-жөнекей бір мәлінді (мысық тектес терісі бағалы жабайы аң) ыңғайын тауып, ұрып алады. Үйге алып келген соң, күйеуіне: «Мынаның терісін сыпыршы, баланың басына тымақ тігіп берейін, менің басым ауырып тұр», – деп жатып қалады. Күйеуі тез арада сойып, терісін тұздап, жайып қояды да, ол да жата кетеді. Алдымен әйелі, артынан күйеуінің лоқсып құсып, оның артынан дене қызуы көтеріле бастайды. Сол күні ауыл үлкендері Қырғызсайға кеткен. Ол кездері бұл елдімекен Қарқара ауданына қараған. Ол жақтан кешеуілдете жеткен қызметтегі ауылнай Шәймерден Айтуарұлы мен жақын туысы Айтуған Бақайұлы екеуі келеді. Дене қызуы көтеріліп жатқан жандарды көріп, үйлеріне кетпей, қастарында біраз уақыт аялдайды. Алдымен құсып, артынан қызуы қатты көтерілген ерлі-зайыптылар, бірінің артынан бірі, бар-жоғы үш күннен соң көз жұмады. Ауыл адамдары алғашқы кезде аса мән бере қоймайды. «Құдай берді, Құдай алды» дегендей оймен жүреді. Айдың аманында бір шаңырақтағы екі жанның тосын жағдайда қайтыс болуына айналасындағы қауым тегіс жиналып, оларды арулап жерлейді. Қайтқандарды мәңгілік мекеніне жерлеп келгеннен соң, осы шараға қатысқан адамдардың арасынан алғашқы қайтыс болған жандардың ауруына ұқсас белгілер пайда болады. Олардың да алғашқы өлген ерлі-зайыптарға тура ұқсас белгілері байқалып, алдымен құсып, артынан қызулары көтеріліп, бірінен соң бірі өледі. Бұл жайсыз оқиға алдымен Жаркентке хабарланады. Ол жақтан 5 желтоқсан күні дәрігер Шкода екі көмекшісімен келіп, ауырған жандарды тексеріп, жағасын ұстаған. Ауыл адамдары шошып, бұл оқиғаны құзырлы орындарға хабарлау үшін Шәймерден мен Айтуған Қырғызсайға кетеді. Бұл жерден телефон арқылы Кегенге байланысқа шығып, өз кезегінде олар Алматыдағы педогогикалық институттың ректоры Санжар Асфендияров пен Халел Досмұхамбетовке баяндайды. Бұл аурудың оба (чума) екенін бірден біледі. Х.Досмұхамбетов ҚазПИ-дің проректоры екен. («Как бороться с чумой киргизского народа?» деген еңбегі жарық көрген). Оқиғаның асқынып бара жатқанын сезген С.Асфендияров ауылды қоршап, карантин жариялаңдар деп ескертеді. Тіптен оқиға орнына Санжар Асфендияровтың өзі келген делінеді. Бірақ мұрағаттық құжаттарда ол кісінің келгені туралы айтылмайды. Деректі жеткізуші – Алматы қаласының 80 жастағы тұрғыны Мәрзила Кәтіпқызы.
Алғашқы дабыл қағылған кезде Қосағашқа Добын, Қайшы, Гомба, Ұзынтам, Шоқал, Аққұмбас елдімекендерін де тізімге қосқан. Кейін Сұңқар, Дардамты, Ақтам ауылдарын бұл тізімнен алып тастаған. Желтоқсан айының 10 күні Алматыда шұғыл жиын өтіп, 11 күні арнайы тапсырма алған дәрігер Григорьевтің отряды жол тартады. 13 күні көмекшілерімен оқиға орнына жетеді. Олар келгенше 22 шаңырақтан 72 адам ауырып, 46-сы көз жұмған. Жаркент қаласындағы дәрігерлерді және әскери жасақ шығарып, айналасын түгелге жуық қоршауға (карантинге) алады. Бұл Қосағашқа келген бірінші отряд еді. Ал мұрағаттағы құжаттарда оқиғаны алғашқы болып, 9 желтоқсан күні түн ішінде Алматыға хабарлаған шекара қызметкерлері деп айтылады. 10 желтоксан күні Алматыда шұғыл жиын өткізіп, 12 адамнан таситын екі үлкен машина, үстінде дизинфекция жасайтын 1 жеңіл көлікті бекітеді. Мамандарға арнайы киімдер алу үшін Түрксіб өлкесі бойынша басқарма бастығы С.Демировскиймен шұғыл байланысқа шығуды тапсырады. Тез арада есепшот ашып, 2000 сом (рубль) қаржы бөледі. Осы жұмыстарды басынан-аяғына дейін атқарып шығуға бастық Ибрагимовті тағайындайды. Бұл топ Қосағашқа сағат үште аттанған екінші отряд болатын.
Қыс мезгілі басталысымен Алматы мен Жаркент арасына көлік қатынасы тоқтайды. Себебі қар қалың, жол азабы дегендей, көктем шыққанша, атпен ғана қатынас жасайтын кез. Тек хат-хабар таситын пошташылар ғана жүретін. Дәл сол күндері үш күн қатарынан қар жауып, жол қатынасын қиындатып жіберген. Соған қарамастан Алматыдан шыққан көліктер әупірімдеп жүріп Алтынемелге дейін жетеді. Ары қарай тек қана мініс аттармен 38 сағат жол жүріп, Жаркентке таңғы сағат 5-те жетіп, оқиға орнына желтоқсанның 15 күні кешкі сағат 9-да ғана аяқ тіреген. Бұл кезде ауруды жұқтырғандардың саны артып, 29 үйге жетіпті. Желтоқсан айының 16-сы күні аспаннан аэроплан ұшырылып, қазақ, ұйғыр, дүңген тілінде жазылған хабарламалар тастайды. Орыстан әбден қорлық көрген жергілікті халық ұшақты көріп, одан бетер шошиды. Мәскеуде, мемлекеттің арнайы қадағалау бөлімінің басшысы Ефремовтің тапсырмасымен желтоқсанның 14 күні 4 дәрігер басқа көлікпен Жаркент бағытына төте жолмен шығады. Іле өзеніне келгенде өте алмай, 12 сағат бойы сол төңіректегі адамдарды қосып, көпір жасайды. Сөйтіп олардың мінген көлігі 5-ші күні оқиға орнына жетеді. Бұл отряд келген кезде 26 үйден 97 адам жұқтырып, оның 90-ы өлген. Олар келген соң, үш күннің ішінде 38 адамды оқшаулап бөлек ұстайды. Олардың ішінен кейін 4 адам жан тапсырады. Арнайы жасақталған ОГПУ адамдары ауылды басып қалады. ОГПУ өкілдері Совноркомға тапсырма беріп, осы аймақтағы мемлекеттік құзырлы орындардың қызметкерлерін түгел дерлік жұмылдырады. Арнайы киімдермен жасақталған дәрігерлер тобы келеді. Көрші Қырғыз Республикасының Қарақол қаласынан дәрігерлермен жасақталған Абрамов бастаған отрядты аттандырады. Олар желтоқсан айының 15 күні Ұзынтамға келіп тоқтайды. Оларға осы төңеректегі үйлерді және қыстаулардағы адамдары қадағалап, эпидемиялық жұмыс аяқталғаннан соң, Қарқолға жеткенше жолдағы ауылдарды да тексеруді бұйырады. Желтоқсан айының 27-сі күні оқиға орнынан 25 шақырым жерде Іле өзеніне таяу жерде ауырған адамдар бар деген хабарлама түседі. Никоноров өзі бастап барып, ол жердегі екі үйден 11 адамның жұқтырғанын анықтайды. Оларды оқшалау орталығына алып келе жатқанда бір әйел баласымен қайтыс болады. Қалғандарын Қосағаштағы оқшаулау орталығына алып келеді.
Осы оқиғаға байланысты Мәскеуде өткен жиында РСФСР басшысы С.Сырцов, профессор Никаноровты мәжбүрлі түрде іссапарға жіберіпті. Бұл топ – Қосағашқа қарай кеткен үшінші отряд. Адам көріп, құлақ естімеген оқиға орын алып жатты. Алғашқы өлген адамдардың көрлерін қазып, мұсылмандық рәсім бойынша жер қойнауына тапсырады. Алайда артынан өлгендердің қабірін қазып, жерлеуге үлгермейді. Жерді тоң басып, қазу жұмыстары қиындық туғызған соң, кейбір өліктерді бұрынғы жерленген молаларды қайта қазып, солармен бірге жерлейді. Оразбайдың Қарасаз жақта тұратын (Жүзбай тұқымы, руы – Албан, Алжан) құдасы ағайындарымен көңіл айтуға келіп, сүйекті жерлейтін кезде көпшіліктің түспеңіз деген ескертпесіне құлақ аспай, қабірге сүйекті қойып шығады. Іле-шала бұлар да осы аурудың құрбанына айналып, сол жерде қайтыс болады. Бұл келген қара өлімді ауыздықтау былай тұрсын, құзырлы органдардың араласуымен шұғыл түрде шешім қабылданып, әр жерден ор қазылады. Болмаған соң, өліктерді сол орға тастап, үстін әкпен көміп, оның үстінен су құйып, артынан топырақпен толтырған деседі. Ол ол ма, ендігі кезекте тігулі тұрған үйлерді сыртынан май шашып, түгелге жуық өртеген. Ең соңында сол жердегі қоныстың орнына дейін өртеп барып, әрең дегенде ауыздықтапты. Эпидемия аяқталды деген хабарламадан кейін Никоноров Алматыға қайта келіп, жиын өткізеді. Одан соң қаңтар айының 27-сі күні Қосағашқа қайтып келіп, ең алғашқы өлген адамның сүйегін көрден қазып алып, зерттегенде оба ауруының қоздырғыш вирусын таппай, дүдәмал ойда қалған. Нақты шешім де шығармаған.
Алматы облыстық мұрағатындағы құжаттарда (қор 179, 104, 1033, 1260, 1283 іс) оқиғаның қай күні, қалай басталып, аяқталғанын нақты көрсеткен. Эпидемияны алғашқы жұқтырған адам 28 қараша күні ауырады. Содан 9 қыстауда отырған 29 шаңырақтағы 151 адамның осы ауруға шалдығып, 119-ы қайтыс болған. Оның сыртында Тоғызбұлақтан 2, Зайлискийден 5 адам бар. Жалпы 1929 жылдың 28 қарашасы мен 1930 жылдың 5 қаңтар аралығында 126 адам осы аурудан көз жұмған. Бұл жерде Оразбаймен қанаттас отырған Қожбанбеттердің басқа да аталары болған және Жарты руынан да шығын болған. Осы оқиғаны зерттеу барысында Орталық (қор 82, 681, 687-іс) және облыстық мұрағаттарда, оқиғадағы деректі жеткізушілердің берген мәліметтерінде аз ғана сәйкессіздіктер болмаса, қалған деректердің барлығы расталып отыр.
Ал енді оқиғаның екінші кезеңіне келетін болсақ, онда осы аурудың қалай, қашан, нендей жағдайда пайда болған деген сауал туады. Олай болса, зерттеуші мамандардың берген қорытындысын қарайық. Эпидемияны тоқтатып, ауру ауыздықталған соң, қалған ел-жұрт көктем шығысымен тауға қарай көшкен кезде Мәскеудің арнайы тапсырмасымен Попов және Санбактериялогия институтының арнайы зерттеушілер тобы 1930 жылдың 22 мамырынан маусым айының 20-сына дейін аталған аймаққа ауқымды зерттеу жүргізген. Бірақ оба дертіне нақты дәлел таба алмайды. Қортындылай келе, ғалымдар «Қосағашқа тағылған оба ауруының ошағы бар деген айыпты алып тастау керек» деген шешімге келеді. Бұл ауру мәліннен келсе, демек осы жерден 60 шақырым қашықтықтағы мәлін жүрген жерде болуы керек еді. Тағы бір күдік туғызған көрші Қытай жақтан келуі мүмкін деген болжам да жоққа шығарылады. Аталған жерде ешқандай да аурудың белгісі жоқ екенін дәлелдейтін сараптама қортындысын Мәскеудегі институтқа жібереді. Кейін осы оба ауруына байланысты академик Лазерев та өзінің зерттеу еңбегінде тілге тиек етеді.
Біз өз тарапымыздан Қосағаштағы қайғылы оқиғаны зерттеу барысында үш ерекше жайтқа көңіл аудардық. Біріншісі, осы оқиғаның сол кездегі тірі куәгері – Қырманшы Атақожаұлы (1867-1940 жылдары өмір сүрген). Бұл кісі 1882-83 жылдары 15 жылға сотталып, соның соңғы 5 жылын Абай Құнанбаевтың ауылында өткізген (бұл туралы «Қырманшының хикаялары» атты мақала бар). Тоқсанбайдан тараған ұрпақтардың алдында мына сұмдық тажалдан қалайда тірі қалудың қамы тұрады. Сырт жақта жүріп, осындай оқиғалардан хабары бар Қырманшы, бір атаның жойылып кетпеуі үшін жас шамалары 5-6 мен 10-12 жас аралығындағы 21 баланы (13 қыз, 8 ұл) Қосағаштан Тоғызбұлақа көшіріп, бөлек үйге оқшаулап ұстайды. Әйелі мен келініне үйден ешқайда шықпауға және жақын ағайындарына дейін тілдесуге тыйым салыпты. Тек қана дәрет сындыруға рұқсат еткен. Балаларға дәрігерлерден алған спиртпен күніне үш мезгіл залалсыздандыру шараларын жасап, ауруды жұқтырмаудың барлық шарасын қолданып баққан. Бір күні көрші отырған үйдің түңлігі ашылмай қалады. Келіні: «Ата, мен ана үйге барып, түңлігін ашып, от жағып, ауыздарына су тамызып келейін», – депті. Қырманшының «Бармайсың, болмайды!» дегеніне қарамай, келіні: «Қалай дәтім шыдап отырам? Тез барам да қайтам», – деп үйден шығып кетіпті. Аз уақытта соң қайта келіп, «Ата мен келдім» десе, «Сол жерде отыра тұр» деп ақсақал есікті бекіте қойыпты. Айтқанындай, сәл уақыттан соң, келіні де қисайыпты. Кеш батып, қараңғы түскен уақытты күткен қария керегенің арт жағын пышақпен тіліп, жақсы аттарға тылсым аурудан тығып ұстап отырған балаларды мінгестіріп, кішіректерін қоржынға салып, Шалкөдеге тартыпты. Сол жерде бір құдасының үйіне апарып жасырған екен. Бірақ та осы әйелдің сүйегін жерлеген жерден қазып алып зерттегенде де оба вирусы табылмаған. Бұл оқиғадан аман қалған сол балалар өніп-өсіп, үйлі-баранды болып, ұрпақтары бүгінде жан-жақта өрбіп отыр. Өзіміз де сол кісілерді көріп өстік. Қазақта «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген осы болар?! Қырманшы ел кезіп жүріп мұндай сұмдықтардың біразын көрген. Бір атаның ұрпағының жойылып кетуінен сақтап қалған ардақты адам. Қырманшы айдауда жүріп, Абайдың елінде болған. Сол жақтан ауылынан аттанарда, Абай атының тізгіні мен шылбырын ұстап тұрып: «Үйіңе аман-есен жеткен соң, ауылыңның үлкендеріне менен сәлем айт, отырған қоныстарынан басқа жаққа көшсін», – депті. Елге келген соң, Абайдың айтқан сәлемін ауыл үлкендеріне жеткізіпті. Қырманшының айтқанына аса бір ден қойып, көңіл аудармаса керек. Ақыры орны толмас қаралы оқиғамен аяқталды. Бұл жерде Абайдың көріпкел, көрегендігіне бір рулы ел емес, тұтас бір аймақтағы жасап жатқан жалпақ жұрт куә болды.
Екінші, осы оқиғаның басты куәгері – Медине Аңдасұлы атты кісі. Медине ғасыр жасаған ерекше денсаулықтың иесі және нағыз қаһарман адам деп айтуға негіз бар. Осы оқиғаны зерттеуге келген дәрігерлердің өзі жағасын ұстап таңғалған екен. Ауру басталмай тұрып Оразбай түс көріпті. Үйінің жанындағы екі алып бәйтерек тамырымен қопарылып құлапты. «Жапырақтары дірілдеп жатыр екен» деп жайсыз түсінен оянады. Ертеңгі асты ішкен соң, бидайды көлікке артып, диірменге қарай жол тартады. Ұнды тартып болып, қанарды өгізге өңгергелі жатса, үлкен бір атжалман бұрыштан қызылшақа балаларымен келіп, қанардың бір бұрышын тесіп, ұнға ауыз салады. Мұны таңырқай қарап тұрған Оразбай қолындағы қамшысымен бірнешеуін ұрып өлтіріпті. Біраз уақыттан соң, жаңағы атжалман өлген балаларын ініне қарай тасып жатқанын көреді. Осындай көзінің алдында өтіп жатқан түсі мен атжалманның ісіне қарап, Оразбай өзінше болжам жасапты. Ол да тегін адам емес. Арада бірнеше күн өткен соң, Мединені оңаша шақырып, былай деген екен: «Медине, сен маған бөтен емес, жақын туысымсың, бірақ та мені жақсылап тыңдап ал.Біз түгелге жуық өлеміз, шамаң жеткенше бізді соңғы сапарымызға дұрыстап шығар». Көп уақыт өтпей-ақ аталған оқиға орны толмас қаралы қайғымен аяқталады. Шынымен, өлген адамдарды жерлеп, артында қалған дүние-мүліктерді өртеп, барлық істерді аяқтап, құзырлы орындардың адамдары да кеткен соң, Мединенің басы айналып, көзі қарауытып, мең-зең болып қалса керек. Содан өзіне ықшамдап көр қазып, ішінде жатып алыпты. «Осыншама адамды өз қолыммен жерледім, өліктерді ары-бері тасыдым, мен неге тірі жүрмін?» деген ойлар әбден миын жесе керек. Қанша уақыт жатқанын білмейді, бір кезде абыр-сабыр дауыстардан ояна кетсе, тағы да әскери адамдар мен дәрігерлер келіп тұрғызып алыпты. Сақылдап тұрған әскерилер Мединеге: «Осы ауылдың малдарын, тіптен ит-мысықтарына дейін көрсетесің. Бізде барлығы тіркеуде тұр. Тексереміз», – депті. Медине Оразбайдан қалған мал-жанын, итіне дейін көрсетіп береді. Содан осы топпен келген бас дәрігер Мединенің түгелге жуық денесін және қанын алып тексергенде, ешқандай ауру белгісін таба алмапты. Келген комиссия эпидемиялық жұмыстарын аяқтап, қайтқалы жатқанда Медине бас дәрігерден: «Мен неге ауырмадым?» – деген сұрақ қойыпты. Сондағы дәрігердің бар айтқаны: «Сіз адам жерлеген кезде және осы жұмыстарды атқарғанда ешқандай жиіркенбей істегенсіз», – деген көрінеді. Сол Медине ақсақал 97 жасқа келіп өмірден өтті. Осы өлкедегі атақты аңшы, әсіресе, аю алуда мұндай жан бұл өлкеде бұрын-соңды болған емес дейді көрген жандар. Осы оқиғаны бізге жеткізген Бекжан Мединеұлы Талғар ауданына қарасты Алмалық елдімекенінде 2023 жылы 75 жасында қайтыс болды. Ұрпақтары күні бүгінге дейін бар.
Үшінші, осы оқиғаға байланысты Шалкөде ауылының тұрғыны Жаныс Өзбековтің (2015 жылы 90 жасында қайтыс болған) айтқаны: «Менің жасым 5-те еді. Келген дәрігерлерге біздің үйдің жанынан үй тікті де, шешеміз соларға тамақ жасады. Сол кезде үйдегі кісілердің айтқаны есімнен кетпейді. Ауырып жатқан адамның қанын алып, шошқаға құйған кезде вирустың күштілігі соншалық, шошқа тұяғын серіппеген күйде өліпті. Тағы бір әңгімесінде киіз үйлерді өртеп жатқанда Оразбайдың шаңырағының бір керегесі жанбай қойған. Май шашса да, өше беріпті. Сөйтсе керегеде «Құран Кәрім» ілулі тұрыпты. Бұл тажалды қазақта оба, қара өлім деп бекер атамаған».
Бұл ауру қайдан шықты деген сауалға жауап таппағанда, Оразбайдың дорбасын тескен атжалмандардан емес пе деп те ойладық. Алайда Попов бастаған комиссияның берген зерттеу қортындысы бұл болжамды растамады. 1928 жылы 16 тамызда ірі байларды кәмпескелеу жөніндегі партия комиссиясының отырысында «Кәмпескеге дайындық және оны өткізудің тәртібі туралы» хабарлама шыққан. Осы хабарламаны қыркүйек айында жариялаған. Бұл дегеніміз күннің суытып, ақ қар, көк мұзда қарлы боран, қыстың қаһарына таяған уақытты әдейі белгілеген. Демек, Оразбайдың малын ортаға алу үшін қолдан жасалған құпия іс пе деген ой да болды. Оразбайдың қайын жұрты да белгілі бай Иса Бірімтайұлы болатын. Бірімтайдың жалғызы Айке – Атақожаның келіні, Айтуар деген баласының әйелі. Исаны 1928 жылы Алматыда қамауға алып, артынан Оралға жер аударған. Осы көрсетілген құжат Иса Бірімтайұлына қатысты. Егер де басында көрсетілген мәлінге тікелей байланысты десек, тағы бір оқиғаны айтқан болар едік. Менің бала күнімде Шалкөде жайлауындағы «Орта жайдақ» деген жерді қыстайтынбыз, 1973 жылы қыстың күні әкем тура осы деректе айтылатын мәлінді ұстап алғаны есімде. Тіптен сойып терісін алды. Кейін студент әкпелерім қалаға апарып, пальтоларының жағасына тіктіргені бар. Егер осы аурудың вирусын тасымалдайтын дәл осы мәлін болса, онда менің де әкем ауыратын еді ғой деп ойлаймын. Қалай болғанда да осы оқиғаның ашылмаған бір құпиясы бар сияқты көрінеді. Сөз соңында айтарымыз, Қосағаштағы қайғылы оқиғаға санаулы уақыттан кейін 100 жыл толғалы отыр. 1929 жылдан бастап күні бүгінге дейін осы аурудың белгісін анықтау мақсатында жыл сайын құзырлы орындардың мамандары зерттеулерін жүргізіп қайтады. Бірақ ешқандай белгі жоқ, құпиясын күні бүгінге дейін ашпай отыр. Енді осы іспен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау минстрлігі көрші Ресейден осы оқиғаға байланысты қандай да бір шешім қабылдағаны туралы шығарған құжатына сұрау салса демекпіз. Өйткені, оқиғадағы құрбан болған жандардың ұрпақтары білуі керек. Бұл дегеніміз Қазақстан тарихына тікелей қатысы бар, ақиқатын айқындайтын аса құнды тарихи дерек және де аруақтардың алдындағы борышымыз!
Оқиғаны зерттеу барысында қол ұшын берген Орталық мұрағат директорының орынбасары Мәрзия Жылысбаеваға, Ұйғыр ауданы Қырғызсай ауылының тұрғыны Жанәбіл Смадиұлына, Ақтам ауылынан Рауан Шәймерденов, Әділет Темірбековтерге, Алматы қаласынан Құралай Кәтіпқызы, Зәріп Бидайбек, Мамытжан Нұрлыбаев, Мұрат Отаршиевтерге және Қырманшы Атақожаұлының немересі Ермек Нұрхалықұлына алғыс білдіреміз.

Дүйсенбай СЫҒАЕВ
Ұйғыр ауданы

↑