Перейти к содержимому

Құрдымға сүйрейтін кесел

106 қаралым

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, заңдылықты нығайту және заңға бағынатын мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру жөніндегі саясатты дәйекті түрде жүргізіп келеді. Бұл ретте құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі профилактикаға және мемлекеттік қызметшілердің дербес жауапкершілігін арттыруға ерекше мән беріледі.

«Тәртіпке бағынған құл бол­майды», – деп даңқты батыр Бауыржан Момышұлы айтпақшы, бұл мәселе бүгінде су саласында да өте өзекті болып тұр. Осы мақсатта ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі ҚР Бас прокуратурасымен бірлесіп, республикалық және өңірлік деңгейлердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар мен ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтитын Жол картасын әзірледі. Сонымен қатар 2026 жылға арналған әдеп жөніндегі уәкілдер жұмысының үлгілік жос­пары шеңберінде министрлік сыбайлас жемқорлық және өзге де құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта бассейндік су инспекциялары мен министрлікке бағынысты ұйым­дарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы семинарлар өткізу, қызметтік әдеп нормаларын түсіндіру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қарау және қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне баруды көздейтін көшпелі іс-шаралар кестесі жасалды.
Осыған орай Д.Қонаев атындағы ҮАК филиалында «ҚР Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы заңнамасы және мемле­кеттік қызметкерлердің кәсіби әдебін сақтау» тақырыбында семинар өтті. Шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті қызметкері Д.Мұхамедияров баяндама жасады. Семинарға Д.Қонаев атындағы ҮАК филиалының директоры Қайрат Бисембаев, мекеме қызметкерлері онлайн және оффлайн форматта қатысты. Жиналыста заңбұзушылықтарға, яғни қызметкерлер арасында жанжалдың туындауы, пара беру, құмар ойындарға салыну, қызметтік лауазымын асыра пайдалана отырып квазимемлекеттік мекеменің мүмкіншілігін жеке кәсіпке қолдануға жол бермеу мәселелері түсіндірілді. Ереже сақталмаған жағдайда құқықтық жауапкершілікке тартылып, жаза тағайындалатыны ескертілді. Бұдан өзге, сыйбайлас жемқор­лықтың алдын алуға арналған про­филактикалық іс-шараларды Алматы облыстық полиция департа­ментімен бірлесіп өткізу ұйымдас­тырылуда. Қылмыстық атқару жүйесіне тиісті орынды нақтылап, Д.Қонаев атындағы ҮАК филиалының жауапты қызметкерлерін түзеу мекемелеріне апарып, қылмыстың салдары қандай болатынын, жазасын өтеушілерді қандай өмір күтіп тұрғанын өз көздерімен көру үшін арнайы шара жоспарлануда.

Елгүл НҰҒЫМАН
Талғар ауданы

↑