Перейти к содержимому

Марафон майталманы

140 қаралым

Спорт – адамның күш-қуатын ғана емес, мінезін, жігерін, төзімін, өмірге деген құштарлығын қалыптастыратын үлкен мектеп. Өмірінің алпыс жылдан астам уақытын спортқа арнап, өзі де талай белесті бағындырған, жүздеген шәкіртке жол көрсетіп, жеңіс тұғырына қондырған жандардың орны бөлек. Осындай азаматтың бірі – КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, марафоншы, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы Алпыс Арықбайұлы Ермағанбетов. Қазан айында сексеннің сеңгіріне келетін ақсақал әлі күнге шәкірт тәрбиелеп, жаттықтырушы қызметін жалғастырып келеді.

1946 жылы Қарағанды облысының Қаражал қаласында дүниеге келген Алпыс Арықбайұлы мектеп қабырғасында жүрген кезінен спорттық жарыстарға белсенді қатысты. Әсіресе жүгіруге бейімі айқын байқалды.
Әскер қатарында азаматтық борышын өтей жүріп, шаңғымен жүгіру, волейбол, баскетбол және жеңіл атлетикадан өткізілген жарыстарда тек жүлделі орындарға ие болды.
Кейін спорт саласындағы білімін жетілдіріп, 1976 жылы Қарағанды политехникалық институтын, ал 1982 жылы Қарағанды дене тәрбиесі институтын тәмамдаған жас спортшы еңбек жолын жеңіл атлетикадан жаттықтырушы болып бастайды.
Алпыс Ермағанбетовтің спорттағы ең ірі жетістіктерінің бірі – 1980 жылы КСРО-ның спорт шебері атағын алуы. Әрине, бұл атақтың артында ұзақ жылғы тынымсыз еңбек, күнделікті жаттығу, тәртіп пен төзім тұрғаны сөзсіз. Спортты серік еткен кейіпкеріміз өз ортасында «марафон майталманы» атанған.
Марафон – кез келген адамның бағындыра бермейтін қашықтығы. 42 шақырым межені бағындыру үшін спортшыға физикалық дайындықпен қатар, мықты психологиялық төзім қажет. Алпыс Арықбайұлы 1984 жылы Қарағанды және Алматы марафондарының чемпионы атанды. 1997 жылы Стамбұлда өткен халықаралық Еуразия марафонында, 1998 және 2002 жылдары Астана марафонында, 2003 жылы 9 мамырда Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен халықаралық Жеңіс марафонында жеңімпаз болды.
Ал 2007 жылы 61 жасында Мәскеуде өткен бүкіләлемдік марафонда чемпион атануы – оның спорттық ғұмырындағы ерекше белестерінің бірі. Бұл жай ғана спорттық нәтиже емес. Бұл – адамның жасына қарамай, мақсатқа ұмтылса, еңбек етсе, үлкен жетістіктерге жете алатынын дәлелдейтін өмірлік мысал.
Алпыс Арықбайұлы Қазақстан Республикасының жеңіл атлетикадан жазғы чемпионатында 5 шақырымға жүгіруден үш дүркін, 10 шақырымнан төрт дүркін чемпионы, Халықаралық Алматы марафондарының екі дүркін чемпионы, он мәрте күміс жүлдеге ие болды. Ұлыбританияның Гейтсхед қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстан Республикасының намысын қорғады. VII қысқы Азия ойындарының алаугері болды.
Оның есімі мен спорттағы жетістіктері Қазақстан Республикасының энциклопедиясына енгізілді. Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері атанды. Ал 2017 жылы «Еңбек даңқы» медалімен марапатталды.
«Күшті болғың келсе – жүгір, денің сау болсын десең – жүгір, ақылды болу үшін де – жүгір. «Жүгіру – медаль немесе жарыс үшін ғана жасалатын әрекет емес. Ол – денсаулықтың, сергектіктің, ой тазалығы мен белсенді өмірдің негізі. Сондықтан спортқа түбегейлі бет бұрып кетпесек те, таңғы жаттығуларды жасап тұрудың, салауатты өмір салтын ұстанудың пайдасы көп», – дейді марафон майталманы.
Елімізде соңғы жылдары бұқаралық спорт барынша насихатталып жатқанымен, халық спортты өмір салтына айналдыруға асықпайтынын Алпыс аға қынжыла айтты.
«Таңертең 5-6-да стадионға барғанда жаздыгүні он шақты адам жүрсе, қыста не жаңбырлы маусымда көп ешкім шықпайды. Стадионға таңертең баратындардың дені – егде жастағы кісілер. Олар спортпен айналысу үшін, салауатты өмір салтын ұстану үшін емес, амал жоқтан, денсаулық жағдайына байланысты барады. Спортпен денсаулық сыр бергендіктен емес, керісінше денсаулықта кінәрат болмауы үшін айналысу керек – дейді Алпыс Арықбайұлы.
Жастар демекші, кейіпкеріміз 60 жылдан бері күні бүгінге дейін шәкірт тәрбиелеп, жаттықтырушылықты жалғастырып келеді. Алпыс Арықбайұлы 40 жылға жуық уақыт дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болды. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі атанды. Есік педагогикалық училищесінде, Есік қаласындағы гимназияда директордың дене тәрбиесі және спорт жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Зейнетке шыққаннан кейін 2014-2022 жылдары Алматы облысының қысқы спорт түрлерінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шаңғымен жүгіруден жаттықтырушы болып істеді. Ал 2022 жылдан бері Есік қаласының №1 БЖСМ-нің жеңіл атлетика бөлімінде бапкер қызметін атқарып келеді. Шәкірттерінің алғашқылары сонау 1986 жылы КСРО біріншілігінде жүлделі орындардан көрінсе, бүгінде ел намысын қорғап, халықаралық жарыстар мен марафондарда үздік атанып жүр. Соңғы үш жылдың нәтижелеріне көз жүгіртсек, Алпыс Арықбайұлының шәкірттері 2024 жылы ҚР чемпионаттарынан 9 медаль, 2025 жылы 7 медаль, ал биыл ҚР чемпионатында және жастар чемпионатында 4 медаль жеңіп алды. Бұл жеңістер спортшының ғана емес, жаттықтырушының да есіл еңбегі мен мол тәжірибесінің айқын көрінісі екені анық.
Алпыс Арықбайұлы 2020 жылдан бері тұрақты түрде аудандық білім саласы қызметкерлерінің басын қосып, президенттік шақырымға, яғни 2400 метр қашықтыққа жүгіруден жарыс ұйымдастырып келеді. Сонымен қатар 2023 жылдан бері жылына 2 мәрте жастар, ересектер мен қарттар арасында орталық стадионда марафон өткізуді дәстүрге айналдырған.
Биыл спортшының 80 жылдық мерейтойы аясында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 1946 метр қашықтыққа жүгіруден жарыс ұйымдастырылғалы отыр. Бұл жарыс – бір адамның мерейтойын атап өтетін іс-шара ғана емес. Бұл – жеңіл атлетиканы, жүгіруді, саламатты өмір салтын насихаттайтын, спортшылардың басын қосатын спорттық мереке. Жастар тәрбиесіне тек оң әсерін тигізетін мұндай мерекелер көбейе берсін!

Құралай Мұратқызы

Еңбекшіқазақ ауданы

↑