Перейти к содержимому

Шабандоздарға құрмет

132 қаралым

Қырғыз елінде өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен спортшылардың арасында Жамбыл ауданынан барған жастар да бар. Оларды және жаттықтырушылары мен ата-аналарын Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас арнайы қабылдады.

Жүзден астам елден үш мың спортшы қатысқан дүбірлі додада Қазақстан құрама командасында өнер көрсеткен жамбылдық шабандоздар ат жарысынан бірнеше алтын, күміс және қола медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем етуге өз үлестерін қосты. Кездесуде аудан әкімі спортшыларды айтулы жетістіктерімен құттықтап, халықаралық деңгейде ел мерейін асқақтатқан жеңістері үшін алғыс білдірді.
– Сіздер жарыс жолында жоғары спорттық шеберлік танытып, Көк Туымызды биікке көтердіңіздер. Әрбір жеңіс арқылы халқымыздың ұлттық рухын, көшпенділер мәдениетін және ата-бабамыздан мирас болған спорттық дәстүрлерімізді әлемге паш еттіңіздер. Бұл – өңіріміз үшін үлкен мақтаныш, – деді Нұрлан Ертасұлы.
Аудан басшысы әрбір жеңістің артында спортшылармен қатар жат­тықтырушы, атбегі және ата-аналардың қажырлы еңбегі жатқанын атап өтті. Салтанатты қабылдау барысында жеңімпаз балаларға, жаттықтырушылары мен ата-аналарына ризашылығын білдіріп, барлығын Алғыс хатпен марапаттады.
Айта кетсек, аталған халықаралық жарыста Қазақстан спортшылары 76 медаль жеңіп алды, оның 32-сі – алтын. Отандық атбегілер үкілеп қосқан сәйгүліктер аламан, топ, құнан бәйгеде тамаша нәтиже көрсетті. Жамбыл ауданынан барған шабандоздар ат жарысы түрлерінен топ жарды. Атап айтқанда, көшпенділер ойындарының аламан бәйгесінде Сұраншы батыр ауылындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Нұрасыл Бекбатыр І орынды жеңіп алып, ел мерейін үстем етті. Тақымы мықты тағы бір шабандоз – Санжар Өмекей. Ол Ұзынағаш ауылындағы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы орта мектептің 5 «б» сыныбында оқиды. Шынашақтай ғана Санжар сол жолы атқа екі рет шауып, құнан бәйгеде І орын, ал топ бәйгеде ІІ орын иеленді. Құнан бәйгедегі күміс жүлдені Сүйінбай атындағы орта мектептің 9 «ә» сынып оқушысы, 15 жасар Төлеген Асылжан алды. Сондай-ақ Тарғап ауылындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Әлижан Мансұр құнан бәйгеде ІІІ орын иеленіп, қола медальға қол жеткізді.
Ат құлағында ойнаған балаларды ата-аналары, бапкерлер және мектеп ұжымдары зор мақтаныш тұтады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

↑