Қазақ халқы қай-қашаннан бері қарияларын қадірлеп, олардың қоғамда алар орнын биік қойған. «Ауылыңда қарияң болса, жазулы тұрған хатпен тең!» деген мәтел осының айқын дәлелі емес пе?! Асыл дәстүрімізді сақтап, көнеден жеткен әдет-ғұрпымызды бүгіндері де жоғалтпай келе жатқанымыз – ұлттық бірегейлігімізді қалыптастырып, жаһандану заманында өркениеттер аранына жұтылып кетпеуіміздің кепілі болып отыр. Осылайша ұрпақ сабақтастығы үзілмей, болашаққа қарай қадам басып келеміз.
Қазақ қоғамында қадірлі саналатын осынау үрдісті Қарасай ауданының ардагерлері де жалғастырып, ұлтымыздың игі дәстүрлері мен тәлім-тәрбиесін келешекке жеткізу жолында еңбек етуде. Алдымен ауданның ардагерлер ұйымы жайлы айтар болсам, бүгінде өңірімізде ардагерлер ұйымына қарасты 11 бірлестік бар. 32533 адамды біріктіретін бұл ұйым ауданда атқарылып жатқан түрлі шараларға белсене араласып, жастар тәрбиесінен бастап, күнделікті тіршілікке қатысты дүниелердің барлығына өзіндік үлесін қосуда. Жастармен жұмысты жандандыру мақсатында 2024 жылы «Алатау жастары» қоғамдық бірлестігі құрылса, 2025 жылдан бері «Асыл аналар» ұйымы жұмыс істеп келеді.
Аталған ұйымдар бірлесе отырып өткізген «Жастар тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы» атты дөңгелек үстел басындағы әңгіме, колледж студенттері, ауданның жастары қатысқан алқалы жиын айта қаларлықтай оқиға болғаны анық. Осындай жиындарда қоғамда орын алып тұратын құқықбұзушылық, жұмыссыз жүру, темекі мен нашақорлықтың зардабы, жас отбасылардың ажырасуы сияқты мәселелер кеңінен талқыланып, аға буын өкілдерінің өнеге-өсиеті айтылды.
Бұл тәрбиеге қатысты жұмыстың бір парасы болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен атқарылып жатқан игілікті істерге қатысып, кейінгі ұрпақты қоршаған ортаны таза ұстауға, кітап оқуға үндейміз. Бүгіндері ауданның елдімекендерінде ауыл тұрғындарының, мемлекеттік қызметкерлер мен жастардың және аға буын өкілдерінің қатысуымен тазалық шаралары тұрақты өткізіліп келеді. Осындай акцияларға қатысу арқылы жастардың бойында тазалыққа, әсемдікке деген ұмтылысын қалыптастырып жатқанымыз кәміл.
Адамзат дамуы бұрын-соңды болмаған технологиялық дүмпуге әкеліп, бір кездері түсімізге де кірмеген дүниелер күнделікті өміріміздің шындығына айналды. Бүл үрдіс адам өмірін барынша жеңілдеткенімен, одан келер қауіп те күн санап артып келе жатқаны айқын. Соның бірі ұялы телефоннан келетін қатер десем, жаңалық ашқандай болмайтыныма сенімдімін. Бесіктен белі шықпаған сәбиден бастап, еңкейген қарияға дейін соның құрығына ілінбегені жоқ десек те болады. Тіпті, қолына ұстатсаң, жылаған бала да бірден тыныш табатынына таңдануды қойғанбыз. Осының бәрі адам бойындағы ізгілік пен қайырымдылық, қамқорлық пен сүйіспеншілік сезімдерін аластатып, алақандай темірге табынған тіршілік иелерін туғызбай ма деген күдік мені ғана емес, жалпы адамзатты мазалап отырғаны шындық.
Ал енді бұған не істеуге болады, қайтпек керек деген сұраққа келетін болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы – бұл мәселенің таптырмас шешімі. Ұзақ жылғы ұстаздық қызметімде кітап оқудың бала тәрбиесіндегі атқарар қызметі мен алар орнын айқындап алғандаймын. Кітап пен газет-журнал оқып өскен бала зейінділігімен, білімділігімен, қоғамда болып жатқан оқиғаларды айқын түсініп, болашаққа бағдар жасай алатындығымен ерекшеленеді. Себебі әлеуметтік желідегі бір-біріне кереғар ақпараттар мен фейктердің арасынан тура жолды таңдауға кітаптан алған білім мен өнеге себеп болатынына сенімдімін.
Сабаққа әлемжелі арқылы дайындалып, берілген тапсырманы жасанды интеллектінің көмегімен орындап үйренген бала ертең үлкен өмірге барғанда да сол желіге тәуелді болып қалмас үшін бүгіннен бастап кітап оқуға, ойлануға үйретуіміз керек. Бүгінгі кезеңнін алдыңғы қатарлы міндеті осы деп түсінемін.
Сағат Мәсімақынов,
Қарасай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы
