Перейти к содержимому
Басты бет / Заң және тәртіп / Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның темірқазығы

Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның темірқазығы

81 қаралым

         Қоғамның беріктігі мен мемлекеттің тұрақтылығы ең алдымен заңға құрмет пен тәртіпке негізделеді. Заң – жай ғана қағаздағы талап емес, ол әр азаматтың құқығын қорғайтын, міндетін айқындайтын және қоғамдағы өзара жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды құндылық.

         «Заң және тәртіп» қағидаты – қауіпсіз әрі әділетті қоғам құрудың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Бұл ұстанымның мәні қарапайым: заң бәріне ортақ, ал тәртіп әр азаматтан басталады.

         Қазақстан Республикасының Конституциясының 34-бабында әркім Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті екені белгіленген. Яғни заңды сақтау – тек мемлекеттік органдардың емес, әр азаматтың конституциялық міндеті.

          Ал, «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы құқықбұзушылықтардың алдын алуға, олардың себептері мен жағдайларын анықтап, жоюға бағытталған. Бұл жерде маңызды қағида бар: құқықбұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет ету емес, оның алдын алу.

         Заң мен тәртіп туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, жас ұрпақтың тәрбиесіне назар аударуымыз қажет. Бала құқық пен міндеттің мәнін отбасынан, мектептен, кітаптан және қоршаған ортасынан үйренеді.

         Осы ретте кітапханалардың да атқаратын қызметі ерекше. Кітапхана – тек әдебиет оқитын орын емес, құқықтық сауаттылықты арттыратын рухани-ағартушылық орта. Мұнда Конституция, заңдар, азаматтық құқықтар мен міндеттер туралы ақпараттар оқырманға түсінікті түрде ұсынылып, түрлі кездесулер, пікірталастар мен ақпараттық сағаттар ұйымдастырылады.

Заңды білу – өз құқығыңды қорғау. Заңды құрметтеу – өзгенің құқығын сыйлау.

Тәртіп сақтау – қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну.

         Ендеше, Заңды құрметтеу – өзімізден, тәртіпті сақтау – отбасымыздан, құқықтық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі әрекетімізден басталмақ.

Жансая БАҚЫТҚЫЗЫ,

Жалағаш ауылдық кітапханасының кітапханашысы

Кеген ауданы

↑