Ұстаз ретінде жас ұрпаққа білім берумен қатар, олардың бойына адамгершілік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруды басты міндеттердің бірі деп білемін. Себебі баланың алған білімі оның болашағын айқындаса, заң мен тәртіпке деген құрметі – қоғамдағы орнын қалыптастырады. Тәртіпке бағыну қорқыныштан емес, өз ісінің салдарын түсінуден басталуы керек.
Мектеп – баланың қоғамдық ортадағы алғашқы жауапкершілік мектебі. Сабаққа уақытында келу, мектеп ережесін сақтау, сыныптастарының пікірін құрметтеу, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық таныту сияқты қарапайым әрекеттердің өзі құқықтық мәдениеттің негізін қалайды. Осындай күнделікті әдеттер арқылы оқушы тәртіптің тек талап емес, ортақ қауіпсіздік пен сыйластықтың кепілі екенін түсінеді.
Қазіргі таңда балалардың өмірі цифрлық кеңістікпен тығыз байланысты. Сондықтан құқықтық тәрбие тек мектеп қабырғасымен шектелмеуі тиіс. Әлеуметтік желіде әдеп сақтау, жалған ақпаратқа сенбеу және оны таратпау, бөтен адамның жеке мәліметін рұқсатсыз жарияламау, интернеттегі қауіптерден сақтану – бүгінгі оқушы білуге тиіс маңызды мәселелер.
Нұржанар БИЖАНҚЫЗЫ,
республикалық жоғары медициналық
колледжінің география пәнінің оқытушысы
