Перейти к содержимому

ЖАС АҚЫНДАР – ЗЕРДЕЛІ ҰЛТ ҮНІ

182 қаралым

ҚР Президентінің «Зерделі ұлт» жобасы аясында Балқаш ауданының Желтораңғы ауылдық кітапханасында Д.Қонаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушыларының қатысуымен «Қонаев көпіріндегі жас ақындар – зерделі ұлт үні» атты мүшәйра ұйымдастырылды. Мүшәйраның негізгі мақсаты – халқымыздың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өнегелі өмірі мен елге сіңірген еңбегін жас ұрпаққа насихаттау, кітап оқуға қызығушылығын арттыру және оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту.

Әдеби шара үш бөлім бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы бөлім «Қонаевты оқитын ұрпақ» деп аталып, онда кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды. Оқушылар көрмеге қойылған Қонаев туралы кітаптармен танысып, тұлғаның өмір жолы мен қызметіне қатысты өз ойларын ортаға салды. Кітап көрмесі жанында естеліктер айтып, тарихи тұлға туралы білімдерімен бөлісті. Екінші бөлім «Қонаевқа хат» деп аталды. Оқушылар «Егер мен Қонаевпен кездессем…» тақырыбында өз ойларын қағазға түсіріп, ұлы тұлғаға жүрекжарды хаттарын арнады. Әр оқушы өз қиялы арқылы Қонаевпен сырласқандай әсер алып, оның адамдық болмысы мен елдік қасиеттерін дәріптеді.

Ал үшінш бөлім «Қонаевқа арнау» деп аталып, жас ақындар Дінмұхамед Қонаевқа арналған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Жас талапкерлердің жүрекжарды жырларынан ұлы тұлғаға деген құрмет пен туған елге деген сүйіспеншілік анық байқалды.

Мүшәйра соңында қатысушылардың өнері мен шығармашылық ізденісі бағаланып, Ерғали Баукен өз қатарларынан суырылып шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Жас ақынға жеңісі үшін Алғыс хат табысталды.

Тағылымы мол шара барысында оқушылар ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаевтың өнегелі өмірін танып қана қоймай, өз ойларын еркін жеткізіп, өлеңмен өрнектеуге мүмкіндік алды. Бұл – зерделі ұрпақтың білімге, кітапқа және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыратын тағылымды кездесу болды.     

 Гүлнар ЕСМАХАНҚЫЗЫ,

Желтораңғы ауылдық кітапханасының кітапханашысы

Балқаш ауданы

↑