Перейти к содержимому

Жас шеберлер жетістігі

103 қаралым

Балқаш ауданы Бақбақты ауылындағы №1 Жамбыл атындағы орта мектепте көркем еңбек пәні мұғалімі Светлана Түменбаеваның жетекшілігімен оқушылар қолөнермен айналысуда. Олар жасаған көзтартарлық бұйымдар түрлі көрмелерде топ жарып жүр.

9-10 сынып оқушылары «Жайлау» атты шығармашылық композициясын табиғи жүнмен безендіріп, онда қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігін, жайлаудың көрінісін және ұлттық құндылықтарды өз еңбектерінде көркем әрі әсерлі бейнелеген. Жұмыс барысында балалар жүнді іріктеп орналастыру, түстерді үйлестіру, бейне жасау және композицияны жинақтау тәсілдерін меңгерді. Әсіресе Аружан Алпысбай, Кәусар Бошай, Алима Сәрсенбек, Әлия Сәрсенбекқызы, Інжу Тортай, Амина Талғат, Айзере Қонысбай, Малика Сейілхан, Аяла Өмірзақ есімді оқушылардың еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Бұдан бөлек олардың қолдан тоқылған сөмкелері де асқан шеберлікпен жасалған. Бақбақты ауылының 60 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеде өз көзіммен көріп, тіпті бір қолсөмкені сатып алдым. Оны дайындауда 6-сынып оқушылары – Томирис Маратқызы, Айша Еркінқызы, Көркем Теңізбек, Аяла Оңғарбай, Сезім Қалмағанбет, Аяла Жақсыбекқызы, Айша Бейқұт, Айханша Үйсінғали, Арайлым Нұртай және тағы басқа қыздар атсалысқан. Светлана Науатбекқызының айтуынша, жұмыс барысында оқушылар тоқу өнерінің қыр-сырын меңгеріп, өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытуда. Әр оқушы өз қиялына қарай сөмкенің түсін, өрнегін, пішінін таңдап, өзіндік ерекше бұйым жасауға тырысқан. Балалар сөмке, қобдиша, тоқыма бұйымдары, моншақ жасау, кесте тоқу өнерін меңгеріп, қазірден бастап нағыз еңбектің қадірін түсінген. Сонымен бірге қолөнер бұйымдарына деген қызығушылығы артып, халқымыздың ұлттық өнерін қадірлей бастаған.
Мұндай жұмыс оқушылардың еңбекке қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін шыңдай түсіп, ұқыптылық пен шыдамдылыққа тәрбиелеуде. Қолөнерімен көпшілікті тәнті еткендердің бірі Айша Еркінқызымен тілдескенімде, ол: «Өз қолыңмен жасаған бұйым – нағыз еңбектің жемісі. Ал қолөнер – шығармашылық пен еңбектің үйлесімі», – деді.
Жас қолөнер шеберлері жасаған бұйымдарын сатып, содан түскен қаражатқа қажетті материалдар алады. Сөмкеге керек бауларды түріне қарай таңдайды. Сондай-ақ картина жасау барысында синтетикалық жүн мен қойдың жүнін пайдаланады. Олар «Шебер қолдар» қолөнер бұйымдарын сату арқылы шығармашылыққа қажетті құрал-жабдықтарды толықтыру жобасы бойынша көптеген көрме ұйымдастырып, бақ дарыған Балқаш ауданы тұрғындарының ғана емес, өңірге арнайы келген қонақтардың да ыстық ықыласына бөленуде. Әрине, мұның барлығы шәкірттерін тек теориялық біліммен ғана шектемей, жастайынан осындай қолөнер бұйымдарын жасауға үйретіп, олардың қызығушылығын арттыру арқылы мектеп қабырғасынан-ақ кәсіптен нәсібін табуға баулып жүрген Светлана Түменбаеваның еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Осындай нағыз еңбектің көрігін қыздыру арқылы №1 Жамбыл атындағы орта мектеп оқушылары өздерінің шығармашылық және көркемдік қабілеттерін дамытып, табиғи материалдармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруда.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Бақбақты ауылы,
Балқаш ауданы

↑