Қазақ халқының сан ғасырлық арманын жалынды жырымен жеткізе білген Жамбыл Жабаевтың ұшан-теңіз әдеби мұрасы – ұлттық болмысымыздың боямасыз бейнесі.
Жамбыл – менің жай атым,
Халық – менің шын атым, – деп жырлап өткен алып тұлғаның шығармашылығы – ұлттық болмысымыздың айнасы. Әсіресе ақынның ұлттық құндылықтарымызды танытатын айтыстары мен жыр-толғаулары, эпикалық дастандары – халық дүниетанымы мен өмір салтының, арман-аңсары мен адамгершілік ұстанымдарының үздік үлгісін танытатын мұралары қатарында. Жыр алыбы Жамбыл мен халық ауыз әдебиетінің мол мұрасы арасындағы рухани сабақтастықты бүгінгі күн тұрғысынан терең де мазмұнды зерттеу талабы – өзекті мәселе. Осы ретте ақын жырлаған қисса-дастандарының мифопоэтикалық негіздеріне тоқталу аса маңызды.
Жамбыл мұрасын зерттеу мәселесі кезінде тұрпайы социалистік таптаурын идеологияның қамытында тоғытылып қалғандығы белгілі. Сол кезеңдегі әдебиет ісі партиялық және таптық ұстанымдарды басшылыққа алып жүргізілген соң, ақын мұрасын ғылыми жағынан зерттеп білуге кедергілердің көп болғаны жасырын емес. Осындай жағдаяттың етек алғандығы туралы жамбылтану саласындағы көптеген ғалымдардың зерттеулерінде айтылып та, жазылып та келеді. Міне, сондықтан да ақын мұраларына тәуелсіздік тұғырынан зерделеу жаңаша көзқарасты талап етері анық. Дегенмен де, Жамбыл шығармашылығын зерттеудің үлкен арнасы ретінде жамбылтанудың қалыптасып, күні бүгін дамудың даңғыл жолына түскен іргелі ғылымға айналғаны белгілі. Осы тұста ақын дастандарының ғылыми айналымға түсіп, зерттелуі мәселесін сөз еткенде, ақынның өмірі мен мұрасына қатысты іргелі еңбектерді айналып өтуге болмайды.
Бүгіндері айшықтап, зерделей қарайтын болсақ, ол заманның солақай саясаты әдеби мұрамызды жариялап, тың мәселелерін көтеруге мүмкіндік бермесе де, ақын мұрасы бізге жеткенін аңғарамыз. Иә, атағы әлемге жайылған дауылпаз ақын, асқан дарын иесі Жамбылдың ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, батырлық пен қаһармандықты насихаттайтын, елін ерлікке шақыратын отты жырлары қазақ халқының тамыры тереңде жатқан тарихымен, бай халық ауыз әдебиетімен біте-қайнасып, ұштасып жатқандығы туралы ашық айтыла бермегендігі де ақиқат. Жамбылдың ақындығын баулыған жыр ортасы, ақындық айналасы туралы зерттеулерден Жамбылдың үлгі тұтып, өнеге алған мектебі Сүйінбай ақынмен қатар, қазақ әдебиеті тарихында өздерінің демократтық жыр-толғауларымен өнеге қалдырған ақын-жыраулар поэзиясы екенін айқын көреміз. Бұған дәлелді ақынның өз өлеңдерінен де табамыз. Ақын мұрасының халық ауыз әдебиетімен байланысының осыншалықты терең әрі бай болып келуінің өзі заңды құбылыс. Себебі Жамбыл ақынның шығармалары халық әдебиетімен тұтастықта байланыса өрбіген.
Жамбыл ақынның айтуынан жазылып алынып, хатқа түскен, десе де, ең аз зерттелген дастаны – «Бақ, дәулет, ақыл». Бұл дастан Жамбылдың 1982 жылы жарық көрген шығармаларының екі томдығына енген. Дастанның жанры аңыз деп көрсетілген. Ж. Жабаевтың ғұмырнамалық және шығармаларының әдеби-көркемдік әлемі туралы зерттеу жазған филология ғылымдарының докторы У.Қалижанов «Жамбыл» еңбегінде ақын поэзиясының тарихи негіздерін арнайы зерттеу барысында бірқатар өлеңімен қатар, «Өтеген батыр», «Саурық батыр», «Сұраншы батыр» дастандарының жазылуына арқау болған тарихи оқиғалар мен сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік жағдайды жыр нұсқаларын салыстыра отырып талдайды. Ақынның өзі білген, өзі қатысқан тарихи оқиғаларды жырлап жеткізуін ғылыми негізде зерделеп, себеп-салдарын анықтай түскен. Әдебиеттанушы-ғалым Р.Әбдіғұлов зерттеу еңбегінде Жамбыл шығармашылығының белгісіз беттері ретінде ақынның жыр-дастандарын зерттеп, оларға ғылыми түсініктер береді. Сүйінбай мен Жамбылдың шығармашылығын және Жетісу, Алатау өлкесінің ақындық ортасын, шығармашылық текстологиясын жан-жақты талдап, тың кікірлер айтады. Халық поэзиясының көрнекті өкілі ретінде Жамбыл шығармаларының, әсіресе дастандарының кеңестік идеологияның сыңаржақ пікірлеріне шырмалып, негізгі идеясын жеткізе алмағанын басты мәселе етіп көтеріп, дастан нұсқаларын салыстыра талдайды.
Қазақ халық ауыз әдебиетінің асыл мұраларының бірі саналатын «Қыз Жібек» жыры да Жамбыл шығармашылығының бір сағасымен қиылысып жатады. Оның себебі Сүйінбай, Құлмамбет, Шөже, Жамбыл, Кенен, тағы басқа көптеген қазақ ақындары әр жылдары көршілес қырғыз жерін аралап, жиын-тойлар мен астарда қазақ ауыз әдебиетінің алуан түрлі шығармаларын жырлайтын болған. Бұл туралы деректерді қырғыз әдебиетшілерінің еңбектерінен де кездестіреміз. Жырдың Жамбыл нұсқасы туралы зерттеулер мен ғылыми пікірлер С.Садырбаев, К.Сұлтанов сияқты елдегі ғалымдардан, қырғыз зерттеушілерінен Гүлбара Омарова мен Батма Кебекованың еңбектерінен кездестіруге болады. Халқымыздың көнеден жеткен аса бай рухани жыр мұрасын келешек ұрпақ санасына жеткізу үлкен мұраттарды туғызары шындық. Сондықтан да «Ел іші – алтын кеніш» деп бекер айтпағанын есте сақтау керек. Қажетті ақпараттар мен мәліметтерді ел игілігі үшін елдің керегіне жарату жолында әдебиетшілердің еңбегі ерекше екендігін айшықтап өткім келеді. Өкінішке қарай, Жамбылдың төңкеріске дейінгі таңды-таңға ұластыра жырлаған эпикалық мол мұрасының өте көп бөлігі бізге жетпегені белгілі. Десе де, ақын мұрасымен танысып, әр қырынан зерттеп, бүгінгі күн тұрғысынан баға беру – әдебиет зерттеушілерінің алдында тұрған үлкен міндет.
Жамбыл дастандарының тақырыптық-идеялық, стильдік, сюжеттік-құрылымдық, көркемдік-эстетикалық қырларын, тарихи негіздерін зерттеп, жамбылтануға үлес қосқан көптеген әдебиет зерттеушілері мен ғалымдардың еңбектерін қарастыра отырып, болашақта кеткен кемшін тұстарын қайта зерделеп, мол құндылықтарының қатарында айрықша орын алатын қазақтың фольклорлық және эпикалық саф өнерін асқақтатуға, өрістетуге сүбелі үлес қосып, артына өшпес мұра қалдырған жыр жампозының мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, әлі де талай ғасырларға жалғасатыны ақиқат.
Ақын мұрасы – халық мұрасы. Қазақ әдебиеттану ғылымының қоржыны да ақын шығармашылығы туралы тың зерттеулермен, жаңа заман көзімен жасалған барлаулармен, пайым-түсініктермен толығып отыруы – заңды құбылыс. Таным мен тағылым тұрғысынан таразылай келе, ақын шығармаларындағы мифтік, аңыздық, әпсаналық сарындардың кеңінен етек алуы бұрынғы дәстүрмен сабақтас екендігін айқындай түседі. Ақынның тарихи тақырыптарды халықтың фольклорлық мұрасымен ұштастыра жырлайтын «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Саурық батыр», «Көроғлы», шығыстық аңыз негізінде жазылған «Бақ, дәулет, ақыл» дастандары эпикалық жанрды ақындықпен шебер игеруде қайталанбас дүниелерді тудырғанын айқын аңғартады.
Алмасбек Мәуленов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жамбыл атындағы филологиялық зерттеулер ғылыми орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор
