Перейти к содержимому

Айтыстың Айтақыны

21 қаралым

Қарасаздағы Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейінде «Поэзия патшалығында» жобасы аясында әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қаламгерлермен кездесу дәстүрге айналған. Бұл жолғы жүздесудің қадірлі қонағы белгілі айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері Айтақын Бұлғақов болды.

Айтақын Бұлғақов десе, көз алдымызға бірден айтыс аламанындағы от ауызды, орақ тілді сөз жүйрігінің айбарлы, отты жанары келеді. Аталған шарада адуынды ақынның өзімен жүздесіп, өнегелі әңгімесіне құлақ түрдік.
Ол 1960 жылы Талдықорған облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген. Ақындық қабілетімен ерте танылып, 15 жасында алғаш рет айтыс сахнасына шыққан. Жайлаухан Тышқанбаева есімді қызбен сөз қағыстырғаны әлі есінде. Айтысқа баулыған ұстаздары Әбікен Сарыбаев пен Әсет Керімбаевтың есімдерін ерекше құрметпен атайды.
Ақын ағамыздың әңгімесін тыңдай отырып, оның әкесінен ерте айырылып, сауыншылықпен күнелткен анасының қолғанаты бола жүріп еңбекпен есейгенін аңғардық. Баласының бойындағы талантын байқаған анасы оған барынша қолдау көрсетіп, болашағынан зор үміт күтті. Қолына алғаш домбыра ұстатқан да анасы болған.
Бүгінде Айтақын Бұлғақов өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған танымал айтыс ақындарының біріне айналды. Осы уақытқа дейін 300-ге жуық сөз сайысына қатысып, талай рет жүлделі орындарға ие болған. Осылайша өнер иесі халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп келеді.
Ақынның кездесудегі сабырлы кейпі жан сүйсіндіреді. Дегенмен Айтақын ағаның айтыс сахнасындағы бейнесі өзінше бөлек. Кезінде атам мен әжеме қосылып, мәнін толық ұғынбасам да, айтысты жиі көретін едім. Сонда Айтақын Бұлғақов экран артындағы көрерменнің делебесін қоздырып, бойға ерекше қуат беретін. Әлі есімде, атам құдды бір жүйрігі бәйгеге шапқандай тақымын қысып отыратын. Айтыскер ақын Бөрібай Оразымбет: «Айтақын сахнаға шыққан кезде бөлек, арқасы қозып кете ме, қазақшалап айтқанда, Айтақында әруақ бар» , – деп ақынның айтыстағы келбетін айшықтай түседі. Бұл бойдағы тасыған өнердің, сөз құдіретінің қуаты болса керек. Аға буын өкілдері Айтақын Бұлғақовты айтыстың ерен жүйрігі деп жақын таныса, біздер ақынның ұлы Жандарбек Бұлғақовтың отты жырларымен сусындап өстік.
Ақын жайлы сыр шертіліп, өнердің қадір-қасиеті кеңінен сөз болған әдеби кешті айтыскер ақын Айбек Ережеп жүргізді. Тағылымды шараға облыстық музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының жетекшісі Ержан Тоқтар, Қарасаз ауылының әкімі Ұлан Сәрсенбаев, ақын-жазушылар Сәлім Жусанбаев, Шеризат Мекебаев, Әбдіш Сұлтанаев, мектеп оқушылары мен мұғалімдер қатысты. Талғат Келімбетов өнер иесіне ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ Сәлім Жусанбаев, Шеризат Мекебаев, Әбдіш Сұлтанаев та ой-пікірлерін ортаға салып, Айтақын Бұлғақовтың ақындық болмысына кеңінен тоқталды.
Айтақын ағамыз: «Айтыс ол да театр сынды, халықты өзіңе тарта отырып, елдің әлеуметтік мәселесін көтересің. Қарсыласыңмен көкпар тартқандай тартысып, күлдірту керек болса күлдіртіп, жылату керек болса жылатасың», – дейді.
Қарасаз ауылының жастары кеш иесіне арнайы кәдесый дайындап, ақын өлеңдерін оқыды. Қонақтар музей жәдігерлерімен танысып, Мұқағалидың сырлы әлеміне бойлады.
Кездесу барысында ақынның тыңдарманға деген ерекше ықыласы мен жүрек жылуы айқын аңғарылды. Әңгіме арасында көңілі босап, көзіне жас та алды. Айтақын ағаның ауыр сырқатты бастан өткергені бәрімізге белгілі. Бүгінде қиындықтар артта қалып, халқымен қайта қауышып отырғанының өзі бір ғанибет! Бұл жүздесу өмірге құштарлық пен қайсарлықтың, өнерге деген шексіз сүйіспеншіліктің өнегесі болды.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы

↑