Перейти к содержимому

Ақ бата – асыл мұра

122 қаралым

Қазақ халқы үшін бата – ұрпаққа өнеге, жүрекке демеу, ізгі тілектің бастауы. Бата арқылы үлкендер кейінгі ұрпаққа ақылын айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ұлттық құндылықтарымыздың мән-маңызын жеткізеді.

Осыған орай Кеген аудандық жастар ресурстық орталығында «Ақ бата – асыл мұра» атты байқау өтті. Белсенді ұзақ өмір орталығының аудандық филиалы ұйымдастырған тәлімі мол шарада аға буын өкілдері мен жастар қатысты. Мақсаты – жас ұрпақты аталы сөзден ғибрат алып, ұлттық салт-дәстүр мен ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу.
Байқауға қатысқан қарттар бірінші кезеңде жаттаған батасын айтса, «Тапқырлық» кезеңінде берілген тақырыпқа сай ойдан бата шығарды. Үшінші кезеңде ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарға қатысты сұрақтарға жауап берді.
Кеген ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір орталығы филиалының кеңесшісі Бақытгүл Демежанқызы, орталықтың қызмет алушысы Арғынбай Шілікбаев, жастар ресурстық орталығының маманы Жансая Ерболқызы қазылық еткен байқауда қатысушылардың тапқырлығы, сөз саптауы мен бата айтудағы өзіндік ерекшеліктеріне баса назар аударылып, ұлттық дәстүрді білуі және батаны мәнерлеп жеткізу шеберлігі бағаланды.
Сайыс қорытындысы бойынша І орын Бейсенгүл Әмірхановаға бұйырды. ІІ орынды Советхан Салықбаева иеленсе, ІІІ орынды Камила Мұкашева алды. Қалған қатысушылар байқауға белсенді қатысқаны үшін арнайы номинациялармен марапатталып, сый-сияпаттар табысталды.
Осылайша, шара көтеріңкі көңіл-күйде өтіп, аға буын мен жастар арасын­дағы сабақтастықты нығайтуға, ұлттық тәрбиені дәріптеуге өз үлесін қосты.
Ақ бата – ұрпақтан ұрпаққа жалғаса­тын рухани қазына! Ұлттық дәстүрімізді ұлықтап, үлкеннің батасын алуды және оны қадірлеуді ұмытпайық!

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑