Адам денсаулығына пайдалы, қолжетімді әрі көп шығынды қажет етпейтін спорт түрлерінің бірі – жүгіру. Онымен айналысу үшін арнайы спорт залына барудың немесе қымбат құрал-жабдық сатып алудың қажеті жоқ. Дегенмен сырттай қарағанда қарапайым көрінетін жүгірудің де өзіндік техникасы мен сақталуы тиіс ережелері бар.
Жүгіруді бастағандардың көпшілігі алғашқы күннен-ақ ұзақ қашықтықты бағындыруға асығады. Алайда мұндай асығыстық ағзаға артық салмақ түсіріп, жарақат алу қаупін арттыруы мүмкін. Ендеше, жүгіруді неден бастау керек? Дұрыс тыныс алу мен жүгіру техникасы қандай болуы қажет? Осы және өзге де сұрақтарға мамандардың пікірін біліп көрдік.
Кардиолог-дәрігер Аблайхан Болатұлының айтуынша, жүгіру – жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысын жақсартатын тиімді физикалық белсенділіктің бірі. Жүйелі әрі адамның мүмкіндігіне сай қарқынмен жүгіру жүрек бұлшықетін нығайтып, қан айналымын жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ қандағы холестерин деңгейін реттеуге, қан қысымын қалыпты ұстауға және жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін төмендетуге көмектеседі.
Жүгіруді жаңадан бастағандар қандай қателік жібереді?
Жүгіруді қолға алған кезде жиі кездесетін қателіктің бірі – бірден жоғары қарқынмен жаттығу. Алғашқы күндері өз мүмкіндігінен артық жүктеме алған адам тез шаршап, тіпті жүгіруге деген қызығушылығын жоғалтуы мүмкін. Сондықтан жаттығуды аз уақыттан бастап, жүктемені біртіндеп арттырған дұрыс.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі жүгіру жаттықтырушысы Алмат Мақсұтов жаңадан бастағандарға алғашқы жаттығуларда 2 минут жүгіріп, 1 минут жай жүру тәсілін қолдануға кеңес береді. Бұл әрекетті бірнеше рет қайталау арқылы ағзаны жаңа жүктемеге біртіндеп бейімдеуге болады.
Маманның айтуынша, адам күнделікті қозғалыс ырғағын күрт өзгерткен кезде ағзаға бейімделу үшін уақыт қажет. Сондықтан алғашқы жаттығулар шамадан тыс күш түсірмей, дененің мүмкіндігіне қарай ұйымдастырылуы керек. Жүрек соғу жиілігіне қарай дене жүктемесі бес пульстік аймаққа бөлінеді. Жаңадан бастағандарға төмен қарқынды, бірінші және екінші пульстік аймақтарда жаттығу ұсынылады. Бұл ағзаның төзімділігін біртіндеп қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алайда әр адамның денсаулығы мен физикалық дайындығы әртүрлі болғандықтан, жаттығу қарқынын жеке ерекшеліктеріне қарай таңдаған дұрыс.
Дұрыс жүгіру техникасы қандай болуы керек?
Жүгіру кезінде жылдамдықтан бұрын қозғалыс техникасының дұрыс болғаны маңызды. Себебі дұрыс орындалмаған қозғалыс бұлшықеттер мен буындарға артық салмақ түсіруі мүмкін. Ең алдымен, денені тік ұстап, сәл алға еңкейген жөн. Иықты бос ұстап, қолды шынтақтан, шамамен 90 градус бұрышпен бүгу керек. Қолдың қозғалысы жүгіру ырғағына сәйкес болғаны дұрыс.
Қадам басқанда дененің тепе-теңдігін сақтап, аяқты шамадан тыс алға созбаған жөн. Әр адам өзіне қолайлы қадам ұзындығы мен жиілігін таңдауы керек. Тыныс алу да жүгіру техникасының маңызды бөлігі саналады. Жаттығу кезінде тынысты еркін алып, оны күштеп белгілі бір ырғаққа салудың қажеті жоқ. Егер тыныс тарылып, сөйлесу қиындаса, жүгіру қарқынын бәсеңдетіп немесе уақытша жаяу жүруге ауысқан дұрыс.
Жаттығу алдында 5–10 минут жеңіл жүріп, динамикалық қыздыру жаттығуларын жасау ұсынылады. Ал жүгіру аяқталған соң бірден тоқтамай, бірнеше минут баяу жүріп, ағзаның қалыпты күйге оралуына мүмкіндік берген жөн.
Жүгіру марафонына бірден қатысуға бола ма?
Соңғы жылдары марафондар мен бұқаралық жүгіру жарыстарына қатысатын әуесқой спортшылардың қатары артып келеді. Мұндай жарыстар кәсіби спортшылармен қатар салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар үшін де қолжетімді. Дегенмен марафонға қатысу үшін алдын ала дайындық қажет.
Жаттықтырушы Алмат Мақсұтовтың айтуынша, марафонға қатысушылардың басым бөлігі – әуесқой жүгірушілер. Алайда олардың арасында жарысқа дайындықсыз келетіндер де кездеседі. Маман алғаш рет марафонға қатысуды жоспарлаған адамға кемінде 2-3 ай бұрын дайындықты бастауды ұсынады. Өйткені кейбір әуесқой жүгірушілер жарысқа бір апта қалғанда ғана тіркеліп, небәрі 4–5 күн жаттығу арқылы ұзақ қашықтықты бағындыруға бел буады. Мұндай асығыстық ағзаға шамадан тыс салмақ түсіріп, жарақат алу қаупін арттырады.
Сондықтан марафонға дайындық барысында жүгіру қашықтығын біртіндеп арттырып, демалыс күндерін де жоспарлау маңызды. Алғаш рет жарысқа қатысатындар өз мүмкіндігін дұрыс бағалап, бірден ұзақ қашықтықтан емес, қысқа қашықтықтан бастағаны жөн.
Жүгірудің денсаулыққа пайдасы қандай?
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемдегі ересек адамдардың шамамен 31 пайызы, яғни 1,8 миллиард адам жеткілікті дене белсенділігімен айналыспайды. Ұйым ересектерге аптасына кемінде 150-300 минут орташа қарқынды немесе 75-150 минут жоғары қарқынды дене белсенділігімен айналысуға кеңес береді.
Жүгіру – осы ұсыныстарды орындаудың бір жолы. Ол жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысын жақсартуға, дене төзімділігін арттыруға және жалпы физикалық белсенділікті қалыптастыруға көмектеседі. Мәселен, 2019 жылы British Journal of Sports Medicine ғылыми журналында жарияланған зерттеулерге шолуда жүгірумен айналысатын адамдарда барлық себептен болатын өлім қаупі жүгіруге қатысы жоқ адамдармен салыстырғанда 27 пайызға, ал жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім қаупі 30 пайызға төмен екені көрсетілген. Бұл деректер жүгірудің денсаулыққа оң әсерін аңғартады. Дегенмен оны барлық аурудың алдын алатын немесе емдейтін құрал ретінде қарастыруға болмайды. Жүгіру – дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы және өзге де пайдалы әдеттермен қатар салауатты өмір салтын қалыптастыратын маңызды факторлардың бірі.
Жадыра ЖАНАРБЕК,
Алматы облысы жастар ресурстық орталығының баспасөз хатшысы

