Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында 18775 адам қатысқан сенбілікте 308 тонна қоқыс шығарылды

Алматы облысында 18775 адам қатысқан сенбілікте 308 тонна қоқыс шығарылды

112 қаралым

Көшелердің, саябақтар мен қоғамдық орындардың тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, тұрғындардың да тазалық жұмыстарына белсенділік танытуына байланысты екені сөзсіз. Осы орайда Алматы облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кезекті тазалық шарасы ұйымдастырылып, оған аймақтың барлық аудандары мен қалаларынан мыңдаған адам қатысты. Ауқымды тазалық жұмыстары 9 аудан мен 2 қалада жүргізілді. Сенбілікке қатысушылар көшелерді, аулаларды, саябақтар мен гүлзарларды, сондай-ақ оларға іргелес аумақтарды қоқыстан тазартып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарында белсенділік танытты.Алматы облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының көгалдандыру және абаттандыру бөлімінің басшысы Алина Түсіпбаеваның айтуынша, экологиялық акцияға 18 775 адам қатысқан. Ұйымдасқан тазалық жұмыстарының нәтижесінде 341 гектар аумақта тазалық жұмыстары қарқын алып, 308 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар абаттандыру мақсатында 2 425 түп ағаш отырғызылған.

«Жұмысымыздың маңызды бөлігі – аумақтарды тазалаумен қатар, қалдықтарды дұрыс сұрыптап, кәдеге жарату. Жиналған 308 тонна қоқыстың 228 тоннасы қайта өңдеуге жіберілді. Оның ішінде шыны, пластик, резеңке, қағаз және металл бар. Осылайша, біз елдімекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз етумен ғана шектелмей, полигондарға жөнелтілетін қалдық көлемін азайтуға да басымдық беріп отырмыз. Шараларға мемлекеттік органдардың өкілдері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар белсенді қатысуда. Бірлескен жұмыстың арқасында тазалық қамтылатын аумақ көлемі артып, елдімекендердегі тәртіпті сақтауға мүмкіндік молаяды», – деді Алина Түсіпбаева. Айта кетейік, бұл – 2026 жылдың басынан бері ұйымдастырылған 39-экологиялық шара. Жыл басынан бері өңірдегі тазалық жұмыстарына 950 мыңға жуық адам қатысқан. Осы уақыт аралығында 21 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 13 мың гектардан астам аумақ тазартылған. Сондай-ақ 130 мыңға жуық ағаш отырғызылған. Алматы облысы орталығы Қонаев қаласында да экологиялық акция аясында тұрғындар тазалық жұмыстарына белсене атсалысты. Шара өткен орындардың бірі – қаланың негізгі магистральдарының бірі саналатын Қонаев көшесі. Мұнда тұрғындар мен акция қатысушылары жерге түскен жапырақтарды жинап, тротуарлар мен оған іргелес аумақтарды ретке келтірді.«Бүгін Қонаев көшесінің Орталық алаңнан Алматы қаласына қарай бағытталған бөлігінде тазалық жұмыстарын жүргіздік. Күз мезгілінде жапырақтар тротуарлар мен жол жиектерін тез басып қалады. Сондықтан мұндай жұмыстардың маңызы зор. Тазалық жұмыстарына тұрғындардың өздері де белсенді қатысып жатқаны қуантады. Өйткені бәріміз де қаламыздың таза әрі көрікті болғанын қалаймыз. Ең бастысы, бүгін тазалап қана қоймай, алдағы уақытта да тазалықты сақтауға атсалысуымыз керек», – деді экологиялық акцияға қатысушы Аян Қонаров.

Елдімекендерді санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Өйткені қоршаған ортаның тазалығы бір реттік науқанмен шектелмейді. Ол – әрбір тұрғыннан күнделікті жауапкершілік пен жанашырлықты талап ететін ортақ міндет.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Қонаев қаласы

↑