Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында спортық киім тігетін кәсіпкер бар

Алматы облысында спортық киім тігетін кәсіпкер бар

80 қаралым

Алатау қаласының тұрғыны Анар Қаңтарбаева мемлекеттік қайтарымсыз гранттың қолдауымен тігін кәсібін жаңа деңгейге көтеруде.
Әрбір кәсіптің бастауында үлкен арман, ізденіс пен өмірлік қажеттілік жатады. Ал Алатау қаласы, Қоянқұс шағынауданының тұрғыны Анар Бақытбекқызы Қанатбаеваның тігіншілік кәсібіне келуі де осындай қарапайым отбасылық қажеттіліктен басталған болатын.
Анар Бақытбекқызы – тігіншілік өнерге жас кезінен қызығушылық танытып, уақыт өте келе бұл бағыттағы білімін жетілдіруге ден қояды. Қолөнерге деген ықыласы оны тігіншілік шеберлігін тереңірек меңгеруге жетеледі. Дегенмен спорттық киім тігуді кәсіп ретінде қолға алуына себеп болған – өзінің немерелері.
Немерелері оқитын мектепте дене шынықтыру сабағына бір түсті спорттық киім кию талабы қойылады. Анар немерелеріне қажетті киімді іздеп, бірнеше базарды аралайды. Алайда сатылымдағы спорттық киімдердің басым бөлігі түрлі түсті, ала-құла болғандықтан, мектеп талабына сай келмейді. Осы кезде ол немерелеріне қажетті спорттық киімді өзі тігіп беруді ұйғарады.


Алғашқыда бұл жай ғана әжелік қамқорлықтан туған еді. Бірақ іс тігуге деген қызығушылығы мен ізденімпаздығының арқасында жаңа кәсіптің негізі қаланды. Тігінші спорттық киім тігудің қыр-сырын меңгеріп, қажетті дағдыларын жетілдіруге кірісті. Алғаш рет кейіпкеріміз бірінші және екінші сыныпта оқитын екі немересіне мектеп талабына сай қою көк түсті спорттық киім тігіп береді. Нәтижесінде немерелері де риза болып, әжесіне өзіне де жаңа кәсіптік бағыттың есігі ашылады.
Анар Бақытбекқызы үшін киімнің сыртқы көрінісі ғана емес, сапасы мен бала денсаулығына қолайлылығы да маңызды. Сондықтан ол спорттық киім тігуге арналған маталарды таңдауға ерекше мән береді. Атап айтқанда, таза мақтадан және Түркия өндірісінің өнімдерін пайдалануға басымдық береді. Балалардың күнделікті қозғалысына ыңғайлы, денеге жайлы әрі сапалы киім тігу – оның басты ұстанымы.
Кәсібін дамыта келе, ол сапалы өнім шығару үшін қарапайым тігін машинасымен шектелуге болмайтынын түсінеді. Спорттық киімдерді кәсіби деңгейде тігу үшін әртүрлі қызмет атқаратын арнайы үш тігін машинасының қажеттілігі туындайды. Бұл арманын жүзеге асыру мақсатында ол кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына жүгінуді жөн көреді.
Осылайша, Анар Қаңтарбаева Алатау қаласының Мансап орталығына барып, қажетті құжаттарын тапсырып, қайтарымсыз 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік грантқа өтінім береді. Нәтижесінде мемлекеттік грант иегері атанып, көптен күткен кәсіби үш тігін жабдықтарын сатып алуға мүмкіндік алады.
«Менің көптен бергі арманым – спорттық киімдерді сапалы әрі кәсіби деңгейде тігу болатын. Ол үшін үш түрлі арнайы тігін машинасы қажет еді. Кәсіпкерлікті қолдауға арналған қайтарымсыз 400 АЕК грантын ұтып алуым кәсібіме жаңа серпін берді. Осы қаражатқа қажетті үш кәсіби тігін машинасын сатып алдым. Енді балаларға арналған спорттық киімдерді сапалы тігіп, кәсібімді одан әрі дамытуды мақсат етіп отырмын. Осы мүмкіндікті пайдалануыма жол ашқан Алатау қаласының Мансап орталығының басшылығы мен ұжымына шынайы алғысымды білдіремін», – дейді Анар Бақытбекқызы.
Айта кетерлігі, Анар Қаңтарбаева – ерекше қажеттіліктері бар азамат ретінде грант ұтып алды. Соған қарамастан, ол өз қабілеті мен еңбекқорлығына сүйене отырып, кәсіп бастауға бел буып, алдына нақты мақсат қоя білді. Оның бұл қадамы – табандылық пен ізденістің, өз ісіне деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.
Мемлекеттік гранттың басты маңызы да осында. Ол азаматтарға өз кәсібін бастауға, қолындағы мүмкіндігін тиімді пайдалануға және экономикалық белсенділігін арттыруға жол ашады. Ал Анар апаның оқиғасы шағын ғана отбасылық қажеттіліктен басталған істің мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіби кәсіпке айнала алатынын көрсетеді.
Бүгінде немерелеріне арнап тігілген алғашқы спорттық киімдер үлкен кәсіптің бастауына айналды. Анар Бақытбекқызы алдағы уақытта өз кәсібін кеңейтіп, балаларға арналған сапалы әрі ыңғайлы спорттық киімдер тігуді жалғастыруды көздейді.


Толқын ОДАШҚЫЗЫ

Алатау қаласы

↑