Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысының Кеген ауданында 22,3 млрд теңге болатын 5 жоба іске асырылуда

Алматы облысының Кеген ауданында 22,3 млрд теңге болатын 5 жоба іске асырылуда

75 қаралым

Кеген ауданында туризм саласы бойынша 2026-2029 жылдарға құны 22,3 млрд теңге болатын 5 жоба іске асырылуда. Бұл туралы аудан әкімі Таңат Айдарбеков Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында кеңінен тоқталды.
Спикердің айтуынша, Кеген ауданына жыл сайын отандық және шетелдік туристердің келу саны жылдан-жылға өсіп келеді. Бүгінде туризмді дамыту мақсатындағы инфрақұрылымды жақсарту, жолдардың жөндеуі, туристік ақпарат орталықтарын ашу бағытында нақты мемлекеттік қолдау бағдарламалары іске асуда.

«Кеген ауданында 3 қонақүй және 107 қонақтарды қабылдайтын үйлер бар. Жазғы маусымда 354 киізүйлер қызмет көрсетеді. Көлсай көлдері ұлттық табиғи паркіне бүгінгі күнге дейін 497 341 турист келді. Сонымен қатар, Кеген өткізу бекетінен Қырғыз Республикасына 2026 жылдың басынан 164 800 адам өтті. Шарқұдық альпенистік лагеріне 1 000 жуық турист келді», – деді Таңат Ескендірұлы.
Аудан әкімінің сөзінше Саты ауылы, Көлсай көлдері мен Қайыңды сияқты туристік аймақтардың электр энергиясына деген сұранысын толықтай қамтамасыз ету үшін 55 шақырым болатын электр энергиясын тарту көзделген. Ал Қайыңды көліне апаратын ұзындығы 10 шақырым болатын аудандық маңызы бар автожолды күрделі жөндеу жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталып, биыл қазан айының соңында аяқталған. Сонымен қоса Саты ауылында 1,5 гектар аумақта автотұрақ салу жобасы жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылып, оған 394,3 млн теңге бөлінген.

«Бүгінде «АЗС Compass Group» ЖШС-і «Алматы–Кеген» автожолының бойында құны 2,8 млрд теңгені құрайтын жол бойындағы сервистік кешен салу жобасы іске асырылды. Кешен құрамына жанармай құю бекеті, қонақүй, қоғамдық тамақтану орны, электромобильдерді зарядтау станциясы және жедел қызмет көрсететін дүкен қызмет көрсетеді. Сонымен қоса «Строй Индустрия» ЖШС-і бірінші және екінші Көлсай көлдерін жалғайтын, жалпы ұзындығы 6,3 шақырым болатын аспалы жол салу жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 15 млрд теңгені құрайды. Мұнан өзге «ASK Capital» ЖШС-і Қара шатқал туристік аймағында аспалы шыны көпір салу, ал «Қара шатқал» ЖШС-і туристік аймақ құру жобасын іске асыруда. Сондай–ақ «The Secret Corp» ЖШС-і инфрақұрылымы бар қоғамдық автотұрақ аймағын салу жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда. Жобаның жалпы құны 2 млрд теңгені құрайды, жоба аясында 30 жаңа жұмыс орнын құру көзделген», – деді өңірдегі инвестициялық жобалар жайын баяндаған Таңат Есенкелдіұлы.


Ерзат АСЫЛ

↑