«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында қарасайлықтар ағаш отырғызу акциясын өткізді. Сенбілікке аудан әкімі Жасұлан Естенов, мемлекеттік органдар мен еңбек ұжымдарының өкілдері, сондай-ақ жастар арасынан шыққан еріктілер қатысты.

Шара барысында Қаскелең қаласының орталық көшелерінің бірі – Абылай хан көшесіне ерекше назар аударылды. Көше бойына барлығы 150 түп ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде 100 түп қарағай мен 50 түп қайың бар. Сонымен қатар, аталған көше қоқыстан тазартылды.
Аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбектің айтуынша, көктем мен күз – ағаш отырғызуға қолайлы мезгіл. Сондықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдалану маңызды. Бізгеберген сұхбатында:
– Бүгін ауа райы тамаша. Осы күнді игі іске арнап, аудан орталығын көгалдандыруға тағы бір шағын үлес қоса алғанымызға қуаныштымын. Сонымен қатар, ауданның барлық ауылдық округтерінде де сенбіліктер өтіп жатыр. Оларға қатысып жатқан баршаңызға алғысымды білдіремін, – деді Бексұлтан Ақылбекұлы.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы

