Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ауыл шаруашылығының нарықта бәсекеге қабілетті салаға айналарына сенім мол

Ауыл шаруашылығының нарықта бәсекеге қабілетті салаға айналарына сенім мол

126 қаралым

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында ел дамуының өзара сабақтас бағыттары айқындалды. Инфрақұрылымды жаңарту, өндірісті өркендету, энергетикалық дербестікті нығайту, су мен жерді тиімді пайдалану, жасанды интеллектінің мүмкіндігін игеру, осылардың бәрі ғылыми негізделген шешімді талап етеді.


Жолдауда ауыл шаруашылығын технологиялық жаңарту, жасанды интеллект енгізу, суды тиімді қолдану және өнімді терең өңдеу міндеттері өзара байланыста қарастырылған. Бұл мәселелерді бір-бірінен бөліп шешу қиын. Су қорының мүмкіндігін білмей егістікті ұлғайту, ал шикізаттың сапасы мен көлемін анықтамай өңдеу зауытын жоспарлау қисынсыз. Сондықтан селекция мен өңдеу өнеркәсібінің арасындағы байланысты күшейту қажет. Жоғары өнімділікпен қатар, құрғақшылыққа, ауруға төзімділік және өңдеуге қажетті технологиялық қасиеттер де ескерілуі тиіс. Егіннің мол шығуы жеткіліксіз: одан қандай өнім алуға болатынын, сол өнімге нарықта сұраныс бар-жоғын алдын ала білуіміз керек.
Президент өз Жолдауында жасанды интеллект мүмкіндіктерін агросалада да пайдалану керектігін айтты, жердің сапасы, егін шығымдылығы мен дақылдардың жай-күйін ғарыштық мониторинг арқылы талдау қажеттігін алға қойды. Спутниктік суреттер мен AI негізінде жер жағдайына сараптама жасау – егіс алқаптарын тиімді пайдалануға, ауа райы өзгерістеріне бейімделуге және өнім көлемін болжауға сеп болмақ.
Президент Тоқаев атап өткендей, ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналуы үшін барлық мүмкіндік бар және бұл жолда еңбексүйгіш шаруаларға әділ жағдай жасап, ғылыми жетістіктерді молынан енгізу – ортақ міндетіміз. Әділетті Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені алдағы жылдары жоғары технологиялы, өнімділігі жоғары және әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті салаға айналарына сенім мол.


Жұман МЫҚЫБАЕВ,
Еңбекшіқазақ аудандық
ардагерлер ұйымының төрағасы

↑