Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Білікті ұстаз – білімді ұрпақ

Білікті ұстаз – білімді ұрпақ

120 қаралым

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын ұстаздар қауымы жоғары көңіл күймен қарсы алды. Мұнда білім беру саласын жаңғырту, инклюзивті орта қалыптастыру және педагогтердің мәртебесін қорғау басты басымдықтар ретінде айқындалған болатын. Әсіресе Президенттің ұстаздарды артық әкімшілік жүктемеден босатуға және жаңа оқу орындарын салуға нақты тапсырмалар бергені қуантады.

    Президент педагогтердің кәсіби беделін нығайту мен олардың негізгі міндетіне назар аударуына ерекше тоқталды. Солардың қатарында: мектеп қабырғасындағы дөрекілікке жол бермеу және педагогтердің құқығы мен беделін заң аясында қорғау тетіктерін  жетілдіру тапсырылды. «Цифрлық қағазбастылыққа» тосқауыл қою мәселесі де өте өзекті. Түрлі ақпараттық жүйелер мен платформалардағы басы артық есептер мұғалімдерге жүктеме болмауы тиіс. Ұстаздың басты миссиясы тек балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру болып белгіленді.  

    Жолдауда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Жаңа мектептердегі міндетті талап. Елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 237 мыңнан астам бала бар екені белгілі. Енді жаңадан салынатын барлық мектептерде олардың толыққанды білім алуына жағдай жасалуы міндеттелді. Бұл ерекше балаларға деген қоғамның көзқарасын да жақсартатыны сөзсіз.

    Маман тапшылығын шешу және қордың қолдауы жаңа тұжырымдаманың тағы бір ұтымды туы деп қабылдадық. Диагнозды ерте анықтау мен бейінді мамандар тапшылығын жою ісіне «Қазақстан халқына» қоры тартылады. Сонымен қатар ерекше балаларға арналған оңалту орталықтары мен бейімделген спорт залдары салынады.

   Білім беру сапасын арттыру үшін материалдық-техникалық базаны жаңарту мен цифрландыру жұмыстары жалғасады. Ол үшін  еліміздің өңірлерінде 50-ге жуық жаңа білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Барлық құрылыс барысы қатаң бақылауға алынбақшы. Демек, мұғалімдердің ұрпаққа білім мен тәрбие беру  жұмысы жақсы жолға қойылады деуге негіз бар.

Айгүл КЕМПІРБАЕВА,

Абай атындағы мектеп-гимназияның директоры

↑