Тәуелсіздік – қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы, ұлт тарихындағы ең ұлы жетістік. Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 35 жыл толады. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, еліміз үшін бұл – қалыптасу мен жаңғырудың, өсу мен өркендеудің тұтас бір дәуірі.
Ал, мен – тәуелсіздік құрдасымын. 1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде жаңа тарихи жолын бастағанда, біз де өмірге келдік. Сондықтан, мен үшін Тәуелсіздік – оқулықтан оқыған тарихи оқиға ғана емес, өз өміріммен қатар өрілген қастерлі ұғым.
Біз тәуелсіз елдің алғашқы ұрпағы болып өстік. Көк байрағымызды мақтан тұтып, Әнұранымызды асқақтата шырқап, еркін елдің азаматы ретінде білім алдық. Ең бастысы, болашағымызды өз елімізде қалыптастыруға мүмкіндік алдық.
Бүгінде осы мүмкіндіктің қаншалықты қымбат екенін терең түсінемін. Өйткені, Тәуелсіздік – тек еркіндік емес. Ол – жауапкершілік. Елдің ертеңіне бейжай қарамау, қоғамның дамуына үлес қосу, мемлекет мүддесін жеке мүддеден жоғары қоя білу.
Еліміздің шекарасы бекіді, мемлекеттік институттары қалыптасты, халықаралық аренадағы орны айқындалды. Қалалар жаңарып, ауылдар дамып, экономиканың түрлі салаларында жаңа мүмкіндіктер ашылды.
Әрине, жетістік өздігінен келмейді. Оның артында мыңдаған азаматтың еңбегі, елдің бірлігі мен болашаққа деген сенімі тұр.
Бүгінде мен іргелі Іле ауданы әкімінің аппарат басшысы ретінде мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп келемін. Бұл қызметті ең алдымен халық алдындағы жауапкершілік деп қабылдаймын.
Қабылданған әр шешімнің артында адам тағдыры, әр атқарылған жұмыстың нәтижесінде тұрғындардың өмір сапасы тұрғанын ұмытпауымыз керек. Халық мемлекеттік органдардың жұмысын есептер мен көрсеткіштер арқылы ғана емес, күнделікті өміріндегі нақты өзгерістер арқылы бағалайды.
Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің басты ұстанымы – адалдық, әділдік, ашықтық және нәтижелі еңбек болуы тиіс.
Мен үшін елге қызмет ету үлкен мінберден айтылатын сөзбен емес, күнделікті атқарылатын іспен өлшенеді. Азаматтың мәселесіне құлақ асу, заң аясында әділ шешім қабылдау, тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындау – мемлекетке деген құрметтің нақты көрінісі.
Осы тұрғыдан алғанда, Іле ауданында жүзеге асып жатқан оң өзгерістердің де мәні ерекше.
Бүгінде ауданымызда жаңа мектептер салынып, жолдар жөнделіп, инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Елді мекендердің дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасып келеді.
Бұл – жай ғана құрылыс немесе статистикалық көрсеткіш емес. Бұл – балалардың сапалы білім алуына, тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүруіне, әр отбасының болашаққа сеніммен қарауына жасалған мүмкіндік.
Осындай игі істердің жүзеге асуына үлес қосу – мен үшін үлкен мәртебе.
Біздің буын егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды да, мемлекеттің қалыптасу кезеңін де көріп өсті. Ал бүгінде сол елдің дамуына жауапты азаматтарға айналдық.
Ендігі міндетіміз – алдыңғы буынның еңбегін бағалап қана қоймай, қол жеткізген жетістіктерді еселеу. Өйткені Тәуелсіздікті сақтау – оны мерекеде ұлықтаумен шектелмейді. Ол – өз ісіңе жауапкершілікпен қарау, адал еңбек ету, қоғамға пайдалы болу және келешек ұрпаққа қуатты мемлекет қалдыру. Меніңше, нағыз отаншылдық та осыдан басталады.
Бүгінгі Қазақстанға білімді, кәсіби, бастамашыл әрі жауапкершілігі жоғары азаматтар қажет. Әсіресе мемлекеттік қызметтегі әрбір маман халық сенімін ақтауды міндет деп білуі тиіс.
Себебі, мемлекетіміздің болашағы тек қабылданған бағдарламалар мен жоспарларға емес, сол міндеттерді жүзеге асыратын адамдардың адалдығы мен кәсібилігіне де байланысты.
Еліммен бірге есейіп, оның жетістіктеріне куә болып келемін. Ал бүгінде тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз еңбегіммен үлес қосып жүргенімді өмірімдегі үлкен жауапкершілік әрі абырой деп білемін.
35 жыл – өткенге көз жүгіртіп, жетістіктерді саралайтын ғана емес, болашақ алдындағы міндетімізді айқындайтын белес.
Біздің алдымызда әлі талай мақсат, ауқымды міндет тұр. Сол мақсаттарға жетудің басты кепілі – бірлік, адал еңбек және елге деген шынайы жанашырлық.
Тәуелсіздік – ата-бабамыздың арманы, бүгінгі ұрпақтың бақыты, келешек буынға қалдырар ең қастерлі аманатымыз.
Осы аманатқа адал болу – әрқайсымыздың парызымыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!
Данияр САРЫМБЕКОВ,
Іле ауданы әкімінің аппарат басшысы

